Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналист жолда жүргенде немесе таксист болу кәсіп пе?

Журналист жолда жүргенде немесе таксист болу кәсіп пе?

Фото: ашық дереккөзден
Сырттағы қызметтен ауысып Қазалыға алғаш келген кезім. Қалада жүріп ытқи жүрген автобусқа, асыққанда қалтафонды шертіп қалып шақыра салатын Яндекс таксиге әбден ет үйреніп кеткен. Ауданның екінші бөлігі «городтан» кентке қатынау бастапқыда қиынға соқты. Мұнда Яндекс жоқ. Тек «Indriver» мен «Тездет» бағдарламасы ғана бар. Ал қала ішінде WhatsApp арнайы чат ашылыпты. 700-ден аса адам жиналған жерден такси тауып, діттеген жеріңе жетесің. Баруын барасың ғой, сол таксидің тарифы тұрақсыз екенін ескеріп жатқан адам бар ма?

Содан не керек, Indriver-ге барар мекен жайымды жаздым. Мен салған бағаға ешкім қабылдамайды. Тіпті осы сома болсын деп те саудаласпайды. 1000 теңгеге салсам, 1200-1300-ге ұсыныс береді. Күнделікті бұл баға сұмдық емес пе? Арасында жолы түсіп алып кететін таксилердің бары да рас. Дегенмен олар әрдайым 500-600 теңгеге алып кетпейді. Тек екі ортадағы қатынау емес, кент ішінде де жақын жерге бағаны ышқындырып жіберген. Түскі үзіліс уақытында амалдың жоқтығынан қабылдап жататынымыз жасырын емес. Аяқ асты алай-дүлей тұрса, күн ысып, дауыл соқса болды. Такси дегенің тапшы. Қызылордаға барып-тұратын іс-сапарымызда да талай келеңсіздіктерге тап болғанбыз. Бұрынғы баға жоқ. 4000 теңгеге көтеріліп, тағы да «городқа» баратындарды елемейді. Үстінен 1000 теңге қосып, әрең дегенде үйіңе жететін күйбеңің бар. Сөз жоқ, жақын ауылдардан не осы қаладан шығатын таксилер ақы алмайды. Тек кентте тұрып «городты» алы-ы-ыс санайтындардан күйініп кететініміз бар. Сондағы екі ортаның аралығы 12 шақырымды алып жатыр. Жеңіл көлік 10-15 минутта-ақ қатынап жүр. Қош. Айтып, айтпай не керек? Қазір бұрынғыдай емес. Шертіп қалсаң әлемді шарлайтын, түртіп қалсаң төрткүл дүниені аралайтын қолымызда қалтафон тұрғанда такси табу қиын емес. Тек тарифын түзеу оңай болмай тұр.


Сексеуіл емес, адамбыз...

Жол көлік оқиғалары бірінен соң бірі тіркелуде. Түрлі жаңалықтарды естіп, жағамызды ұстап та жатамыз. Көлікке мінсең – авария, ұшаққа мінсең – тағы авария, пойызға мінсең – рельстен шығып кетуі, автобусқа мінсең – жарысып жүріп соқтығысуы. Сонда немен жүреміз? Тіпті жаяу жүрген адамның өзін жол жиегіне шығып кеткен көлік жаншып кетіп жатқан жоқ па? «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөз бекер емес. Тек соған әр жүргізуші жауапкершілікпен қарап, жанықпай жүрсе болғаны. Бірде Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында таксиге міндік. Жаңбыр аралас қар жауып тұр. Діттеген жерге дейін жеткіземін деген жас жігіт қатты айдап, зәремізді алды. «Әй, жай жүр» дегенімізді елемеді. Қаттырақ айтқан соң барып енді ғана жылдамдағын азайтып жатқанда шұңқырға тайды да асфальт үстінде төрт рет айналды. Иманымызды үйіріп, «бәрі бітті ме?» деген ой, көз алдымыздан зырғи өткен кадрлар әлі естен кетпейді. Содан жол бойында тұрған ұзын бағаналардың біріне жабысты да қалды. Ол бағана болмағанда не болар еді? Көліктің жарты бөлігі жапырылып қалса да көрер жарығымыз бар екен. Барлығымыз жеңіл жарақатпен құтылдық. Бұл алғашқы жағдай емес. Осы екі ортада асығамын деп талай адам ажал құшты, талай адам мүгедек болды. Ал Қызылордаға қатынайтын альфардтардың жайы тым бөлек. «Обгонға» шығамын деп қарсы келе жатқан көлікке де қарамай ортасынан сытырылып өтіп кететінін қайтерсіз? Сондағы миссиялары – қалаға 3 сағатқа дейін жету. Сонда біз тұтынушы емес, адам емес, кім болдық? Аманат етіп мінген соң, жол ақысын берген соң, хақымызға кіруге болмайды емес пе? Сексеуіл емес, адам тиеп келе жатқанын таксилер ұғынса деген ой ғой біздікі.


Таксишілік кәсіп пе?

Былай қарасақ, қазір ерігіп жүрген ешкім жоқ. Әйтеуір тірлік істеп, тіршілігін күйттеп жүрген жандар. Такси болып аз-маз ақшамен күнелткенімен, ол да табыс көзі ғой. Жоқтың қамы. Әңгіменің әлқиссасы, таксишілік кәсіп пе? Тілші болған соң бір күнде бір емес бірнеше жиналысқа барасың. Кейде уақыты қатар кеп қалатын кездер де болады. Осы кезде түскі үзіліс пен сағаттың тілі 5-ті көрсетпеуін тілейсің. Себебі, бұл уақытта такси табу қиын. Бірде түскі үзіліс уақыты еді. Жол жөнекей такси тоқтатпақ болдым. Бірақ қарасы көрінбейді. Жолда жүріп келем. Көшеге көз қиығымен қарап келем. Жоқ. Бір кезде жүйткіген жеңіл көліктің гүрілі естілді. Қуанып кеттім. Көптен күткен такси де келіп тоқтады. Жүргізушісі елуді алқымдаған, ашық-жарқын кісі екен. Амандық-саулық сұрасқан соң өкпемді айтып қоямын. Әңгіме үстінде сұрақты «таксишілік кәсіп пе?» деп төтесінен қойып қалдым. Біраз уақыт үнсіздіктен соң такси жүргізушісі үн қатты.
– Әрине, кәсіп. Таң атқаннан күн ұясына батқанға дейін рульде отырамын. Кейде таңға дейін жүретін кезім бар. Кезінде оқуға түсе алмай, ата-анамның қасында қалдым. Жалғыз бала болған соң сыртқа шығарғысы келмейтін еді. Ауыр жұмыстарды да істедім. Әйтеуір, отбасын құрып балалы-шағалы болдық. Қазір ауыр жұмыс істеп күнелтуге денсаулығым көтермейді. Осы күннің өзінде әрең жүрмін. Бір барған жерге 500-600 теңге, арғы бетке 700 теңгеге қатынаймын. Ал күніне кем дегенде 15 адамды апарсам жақсы табыс емес пе? Отбасымды осылай асырап жүрген жайым бар, – дейді Аманжол Қанапия (аты-жөнін өзгертуді сұрады).
Такси бағасын қымбатсынса, қоғамдық көлікпен-ақ барсын дейтін таксилер де аз емес. Сылтау сол – бензин мен газдың қымбаттауы, тапшылығы.
– Қала мен кенттің арасына қатынап үйреніп те кеттім. Клиенттерді такси чаттан не Indriver арқылы жинап аламын. Машина жолда бұзылмауы үшін, алдын ала жөндеуден өткізіп тұрамын. Жол қысқарту үшін де әңгіме айтып, көңілді баруымызға барынша тырысамын. Жылдамдықты асырмауға, тұтынушыға артық сөз айтпауға тырысамын, – дейді екі ортада қатынайтын такси жүргізушісі (аты-жөнін жазбауды сұрады).
Кейде несиеге қымбат көлік алып, өтемін өтей алмай такси болатын азаматтарды байқайсың. Байқап қана қоймай қынжыласың. Олардың жол ақысы да ұшып тұр ғой. Ал шетелде «Ferrary Enzo» автокөлігімен омандық шопыр әлемге әйгілі. Оның мақсаты – асыққан адамды, жылдамдықпен діттеген жеріне аман-есен жеткізу екен. Құдды «Такси» киносындағыдай. Ақысы да қалта көтермейді. Ал біздегі таксишілердің күнделікті табысы тапқан тұтынушыларына байланысты. Мейрам күндері қол жеткізбес арман болатындары да ба-а-ар енді.
Белгілі жерде жұмыс істесе де бос уақытында такси болатындар көп. Кейде екі аяғын аспанға тіреп, көкжәшікке телміріп футбол көріп, сыра ішкендерден мың есе артық па дейсің. Расымен де, жұмыстың жеңілі жоқ қой. Бірі – отбасын асырап, табыс көзіне айналдырса, енді бірі – тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер таксист болып жүр. Сондағысы «жанармайға ақша жинап алайын деп едім», «ауылда істейтін тірлік жоқ» дейді. Әрине, такси болу – кәсіп. Ал оны айналдыра алу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Тек халықтың да жайын ойлап қойса жөн болар еді...


Бір заң бар...

Таксиге мінсең, кейбір жігіттердің «бос кезімде осылай нәпақа табамын» дейтіні бар. Өзі мектепте мұғалім не басқа мекемеде жақсы қызметкер болып жұмыс жасайды-мыс. Дегенмен «такси қызметі қомақты табыс әкелмейді» деген пікірді жоққа шығаратын жайттар жетерлік. Мысалы, кейінгі кезде төл машинасы бар мемлекеттік қызметшілердің интернет-агрегаторлар мен автотасымал сервистерінде тіркеліп, сол арқылы жолаушылар тасып, қосымша пайда табуы жағдайлары көбейіп кеткен екен.
Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, шенеуніктерге «педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға» қатаң тыйым салынған. Сондықтан мемқызмет істері ведомствосынан осы мәселеге қатысты түсініктеме сұраған кадр бөлімдерінің өтініштері қаптады: «Мемлекеттік қызметішілердің «ЯндексТакси» және «Индрайвер» мобильді қосымшаларына тіркелу арқылы көлік қызметін ұсынуы кәсіпкерлік қызметке жата ма?» деп сұрайды солардың бірі.
Заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ. «Автомобиль көлiгi туралы» заңының 1-бабының 25-2) тармақшасына сәйкес таксимен тасымалдаушы – бұл жолаушылар мен жүкті таксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылады. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодекстің 2-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтардың қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған дербес, бастамашыл қызметі де кәсіпкерлік саналады. Осының негізінде, көлік қызметін ұсыну қызметі – кәсіпкерлік қызметке жатады. Кәсіпкерлікке жатса, мемлекетке салықты уақытылы төлеп жүрген такси аз ба? Көп пе? Тіпті тіркелмей де жүргендер де бар емес пе?
Қазақстандықтар осы саланың толығымен заңдастырылғанын қалайды. Егер елдегі әрбір таксист салық органында кәсіпкерлігін рәсімдеп, тиісті салықтарды төлесе, ал салонында есептегіш тұрса, тарифі ресми бекітілсе, ешкім де оларға қарсы бір сөз айтпас еді. Сонда «қаласаң пайдалан, қаламасаң жаяу жүр» деп ұялмай айтуына болады. Есептегіште қанша шақырым көрсетілсе, еш даусыз, тарифі бойынша ақысын төлер едік. Ол болмаған соң, қалағанның бәрі таксилететін болып алды. Шақыруыңа кімнің келетінін білмей, қорқасың. Ал бағасы барлық салықты төлеп жүргендей қымбат. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде жолаушылар тасымалы толығымен өркениетті жолға қойылған, мемлекет бақылауында. Таксишілер сұрайтын құнын ойдан шығара салмайды.
Салаға жауапты орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған өтінішінде әлгі қосымшаларға қазақстандықтар аударған миллиардтар шетелге – Ресейге кетіп жатқанына және олардың бізге салық төлемейтініне назар аудартты. Бүгінде ішкі нарыққа Қытайдың DiDi сервисі де кіруде.
ІnDriver сияқты сервистерді пайдаланушылар қатары көбейіп, елдің біраз қаражаты өзге елдерге кетіп жатыр. Таксишілер бұл халықаралық сервистерге өз табыстарының бір бөлігін береді. Соны мемлекеттік деңгейде реттеген жөн. Тіпті «ДамуМед» секілді барлығына бірдей отандық қосымшаны мемлекеттік деңгейде енгізуге болады. Сонда біраз мәселе шешілер еді. Біріншіден, шетелге кететін қаржы азайтылады. Екіншіден, елімізді осылай жолаушылар мен қол жүгін тасушылардың көбі заңсыз кәсіппен айналысып жүр. Олар күнгейге шығып, кәсібін заңдастырар еді. Олардың әлеуметтік құқығы қорғалар еді. Үшіншіден, такси қызметін пайдалану ісі біршама қауіпсіз бола түседі.
Қазақстанға осы саладағы халықаралық ірі интернет-агрегаторлардың келуі – Қазақстандағы жолаушылар мен жүктің қалаішілік және қалааралық тасымал нарығының табысты екенін паш етеді. Демек, одан бюджетті толтыратын қомақты алым-салық жинауға мүмкіндік бар. Салықшылар осы бағытты назардан тыс қалдырған секілді. Бұл тұрғыда Қазақстанға қарағанда, Ресей заңнамасы әлдеқайда жетілдірілген. Мәселен, Ресейде «жеке кәсіпкер» немесе салық төлейтін «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» ретінде тіркелмеген адам ІnDriver, YandexTaxi және басқа сервистер арқылы жеке тасымал қызметімен айналыса алмайды. Оған заңнама рұқсат етпейді. Егер заңды айналып өтсе, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды. Сондықтан амалсыз, бизнесін заңдастырады. Егер Қазақстан да ұлттық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізсе, агрегаторлар соны орындауға мәжбүр болады. Ал такси қызметімен айналысатындардың бәрі жеке кәсіпкерге айналады. Мәліметтерге сүйенсек, Ресейде жеке кәсіпкерлікті тез – 1 күн ішінде тіркеуге болады. Сонымен бірге көршіде такси қызметімен айналысатындар лицензиямен жұмыс істейді. Бұл таксишілерді тәртіпке келтіреді, олар қылмыс жасаудан аяғын тартады. Әйтпесе, лицензиясынан айырылады екен.


Tezdet-те такси тез келеді

Байқоңырлық Нұрасыл Алдан «Тездет» қосымшасын ойлап тауып, қазір бағдарлама Қазалы жұртшылығына да қызмет етіп тұр. Программист мамандығы бойынша білім алған кейіпкеріміз жылдар бойы тәжірибесін шыңдаған. Үлкен қалалардағы үлкен компанияда қызмет еткенімен кейбір жобалары қолдау таппапты. Ал талапты жас тап болған талай қиындыққа мойымай, көздеген нысанасына дөп түсуді жоспарлаған. Солай 25 жастағы ІТ маманы «Tezdet» такси қосымшасын «дүниеге әкеліп», жаңа бастамаға білек сыбана кірісіпті. Бүгінде осы қосымшаны пайдаланып отырған таксистер мен тұтынушылар жобаның ыңғайлылығына дән риза.
– Байқоңыр қаласындағы сурет мектебінде оқып жүріп түрлі шығармашылық өнермен айналысатынмын. Соның көп көмегі тиіп, қазіргі қосымшамның логотипін жасауда еш қиналмадым. 2012 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне ­программист мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2016 жылы бітіріп шықтым. Содан Алматы қаласына арман қуып барып, ІТ компаниялардың бірінде жұмыс істедім. Бертін келе жаңа жоба әзірлеуді қолға алып, барлығын ақ парақтан бастадым. Солай қала ішінде қатынайтын мобильді қосымша ойлап тауып, оны жүзеге асыра бастадым. Біршама уақыт болып қалды. Қазір осы қосымша арқылы такси қызметін ұсынғандар мен такси қызметіне тапсырыс берушілер күн санап көбейіп келеді. Жалпы программа смартфондағы PlayMarket жүйесі арқылы жүктеледі. Ал айфонға арналған AppStore жүйесіне енгізуге өтінім беріп, бүгінде оны айфонға да жүктеуге болады, – дейді Нұрасыл Алдан.
Такси қызметіне арналған «Tezdet» мобильді қосымшасы Baiksoft компаниясына қарасты. Атауы айтып тұрғандай қосымша қызметі де жылдам, ыңғайлы, әрі тұрғындарға қолайлы. Онда тұтынушы көшесі мен ұсынатын бағасын жазып такси іздесе, жақын маңда жүрген такси өз қызметін ұсынады. Барлығы қосымша ішінде картадан көрініп тұрады. Онымен қоса кэшбэк сервисін, GPS орнатамын десе, сұлулық салондарына арналған мобильді қосымша да ойлап таппақ ниетте. Талапты жастың талпынысына қарап болашақта өзімізден Билл Гейтс, Цукербергтердің шығарына сенім білдірдік. Сенім білдірдік те сәттілік тіледік. Оның ­басты мақсаты да сол, арзан, қолжетімді туындыны одан әрі дамыту.

Түйін:

Қазақстанда такси қызметі қымбаттап барады. Статистика бойынша өткен жылдары көлік қызметінің тарифі орта есеппен 6,8 процентке көтерілген. Өсім әлі де жалғасуда. Жолаушылар тасымалы қызметінің тарифі көтерілгеніне қапаланған қарапайым халық мемлекеттік органдарға хат жазуда, мұң-шағымын әлеуметтік желілерде білдіруде. Шешімі қайсы?
Статистикалық мәлiметке сүйенсек, адам баласының 70 проценті жоқ дегенде айына бiр рет такси қызметiн пайдаланады екен. Ал тұрақты тұтынушылардың айтуынша, қосымшадан такси шақырған әлдеқайда тиімді. Тиімдісі тиімді-ау. Таксилер қалай табыс тауып жүрсе, асыққан жұрт та жетісіп жүрмегенін жадымыздан шығармайықшы...
20 тамыз 2024 ж. 97 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031