Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аманат арқалаған ана

Аманат арқалаған ана

Жүйіткіген пойызды басқарап, оған бағыт-бағдар беріп, қаншама халықты барар жеріне аман-сау жеткізіп, пойыздың әр теміріне мұқият болу – теміржолшылардың міндеті. Бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Әдетте бұл салада ер азаматтар қызмет етеді. Бірақ темірдей тәртіпті теміржол саласында еселі еңбек етіп келе жатқан әйел-аналар да жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Әлсүгірова Бибіжамал Кенжеғалиқызы.
Ол 1935 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келіп, №6 орта мектепті аяқтаған соң 1951 жылы туған жеріндегі темір жол техникумына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1955 жылы тәмамдап, қолына дипломын алған ол алғашқы еңбек жолын Арал ­ауданында өз саласы бойынша ­бастайды. Теңіздің толқыны ескен Аралда бір жылға жуық қызмет атқарған Бибіжамал Кенжеғалиқызы қасиетті Қазалы жерінің Көбек стансасына станса кезекшісі болып орналасады. Біршама уақыт өткен соң Бибіжамалдың адал һәм жауапты қызметіне қаныққан басшылық оны инженер анализатор етіп тағайындайды.
Жалпы «Темірдей тәртіп орнаған салаға қызығушылығыңыздың артуы неде?» деп сұрағанымызда, «Әкемнің қалауы солай болды» деп жауап қатты ол.
– Иә, осы саланы таңдауыма әкем себепші болды. Қазақ қызының биязылығы мен көрегендігі барғой, әкенің, ананың сөзін екі етпейтінбіз. Келешегімді шойын жолда жарқын көрген болар. Расымен, солай-ақ болды. Еш өкінбеймін. Темір жол саласында отыз жылдан аса еңбек етіп, бүгінде зейнетімді көріп отырмын. Әр саланың өз қиындығы болады. Әсіресе, темір жол саласы қиындығы көп, күрделі сала. Соған мойымай еңбек ету керек. Қыстың қарлы бораны мен жаздың ыстық күндерінде жұмыс екі есе болады. Күндіз-түні тынбай еңбек еттік. Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған бұл саланың еліміз үшін маңызы зор. Мереке қарсаңында барша теміржолшыларды, көлік қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің игілігін молайту жолындағы ерен еңбектеріңіз толағай табыстарға толы болсын! – деп жүрекжарды лебізін де білдіре кетті.
Бибіжамал апа Көбек стансасында қызмет етіп жүріп, өмірлік жары Дилаш Әлсүгіровті кезіктіреді. Дәлірек айқанда, қос тағдыр шойын жолда табысады, жұптары жарасады. Осылайша қос жұп өмірге бес қыз, үш ұл әкеледі. Үйде ана, түзде теміржолшы болған Бибіжамал Әлсүгірова өз саласында озықтар қатарынан көрінеді. Солайша Социалдық жарыс төсбелгісі сынды көптеген құрмет грамоталарының иегері атанады.
1985 жылы қалтқысыз қызмет еткен меке-орны облысқа ауысуына орай қызметі қысқарады. Мұнан кейін де ел ісіне жаңашыл бастамаларымен келіп, қолдауын тапқан ана №38 Қарашеңгел ауылдық округіне халық қалаулысы болып сайланады. Кейіпкеріміз өмірінің маңызды сатыларының бірінде де сүрінбеді, елдің өтініш-тілегін тиісті орындарға жеткізіп, халқының асыл батасын да алды.
1994 отағасы Дилаш Әлсүгіров дүние салады. Бұған қарамастан балаларының барлығын жоғары оқу орындарына түсіріп, қазір балалары бір-бір үйдің ошағын жағып отыр. Бүгінде әке мен анасының сара жолын жалғаған Жетібай мен Жолдасбай Әслүгіровтер де темір жол саласында қызмет етуде. Ал басқа да Жетес, Даража, Ақбөпе, Жанбөпе, Жаңагүл және Нәзира Әслүгіровалар заңгер, мұғалім, есепші сынды маңызды салаларда еліне қызмет етіп, нәпақасын айырып жүр.
Бибігүл әжей ұл-қыздарынан он сегіз немере, он екі шөбере сүйіп отыр. Немерелері арасында да ата мен әже жолын жалғап, темір жолшы мамандығында тәлім алып жатқандары да бар.
Күміс және алтын алқа иегері, тыл ардагері және түрлі орден мен құрмет иегері Б. Кенжеғалиқызының елі үшін еткен еңбегін жергілікті әкімдік те ешқашан есінен шығарған емес. Мереке қарсаңында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы теміржолшы анамызды мерекемен құттықтап, гүл шоқтарымен бірге ауданның ең жоғарғы марапаты, аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының құрмет грамотасын табыстады.
Халқымызда «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» деген әдемі сөз бар. Бұл шындығында жарының аманатын арқалаған Бибіжамалдай теміржолшы аналарымызға арналып айтылған десе қателеспейміз. Ендеше, абзал аналарымыз аман болсын.

Серік АҚМЫРЗА
03 тамыз 2024 ж. 540 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031