Ұстаз жолы ұлылық
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мұндай маман иесі атану, алдына келген балаларды сауаттандыру әркімнің қолынан келе бермейтін дүние еді. Бүгінгідей қолжетімді әдістемелік құрал да, жалақы да жоғы түсінікті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың орта шенінде ұрпақ тәрбиелеу міндетін мойнына алып, қиын да қызығы мол қызмет жүгін арқалаған жанның бірі Ермек Есқұлова есімдіжерлесіміз еді.
Жастайынан оқу-білуге құмар, зерек болған ол 1942 жылдың мамырында дүние есігін ашты. Бірі білсе, бірі білмес, Арал ауданындағы Ақирек ауыл Советіне қарасты, Андабай теміржол бекеті болған. Сонда кіндік қаны тамған Ермектің бағына орай әкесі Құлмырза теміржолшы ретінде «бронмен» соғыстан қалады. Дегенмен Сталинград майданындағы қиын-қыстау кезеңдерде жаппай мобилизацияға ілініп, 1942 жылдың 24 ақпанында майдан даласына аттанған.
Бастауыш сыныпты Андабайда оқыған Ермек, Арал қаласындағы №13 Тарас Шевченко атындағы орта мектепте оқуын жалғастырып, оны 1961 жылы үздік бітіріп шығады. Мектеп қабырғасында есеп-қисап пен логикалық теңдеулерді шешуден алдына жан салмайтын зерек қыз Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педогогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты 1965 жылы ойдағыдай бітірген соң, еңбек жолын Арал ауданындағы шалғай «Саздыға» елді мекеніне жолдамамен барады. Екі жылдық жолдама мерзімі біткен соң, өзі туған елді мекеніне жақын Қазалы ауданынының Жаңақазалы кентіндегі жаңадан бой көтерген Қаныш Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте ұстаздық жолын жалғастырды. Ұстаздық жолында жемісті қызмет етті. Томағасын сыпырған түлектері жерге қаратпай, елге елеулі азаматтар атанды.
1968 жылы құдай қосқан қосағы Мәлкаждар Жұмахметұлымен отбасын құрып, Алмагүл, Қайрат, Бағылан, Жасұлан атты балаларды дүниеге әкелді. Оларды оқытып, жоғарғы білімді саналы азамат етіп тәрбиеледі. Қазіргі күні Алмагүл мен Қайрат Алматы қаласында тұрады. Алмагүл анасының жолын жалғастырып, жоғарғы білім саласында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогигалық университетінде аға окытушы болып қызмет етеді. Ал Қайрат Қазақ мемлекеттік заң университетін бітіріп, Алматы қаласындағы денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Жасұланы Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясын бітіріп, қазір атқарушы директор қызметінде. Шаңырақта қалған Бағлан да жоғарғы білімді. Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясын тәмамдады. Жеке кәсібі бар.
Ұстаздың мерейі, шәкірттерінің жеткен жетістігімен өлшенеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет істеп жүрген атпал азаматтардың ұлағатты ұстазы болған, солардың қалыптасуына ықпал жасаған, ұстаз әріптестері тарапынан зор бедел мен сенімге ие. Бүгінгі күні Ермек Құлмырзақызы 80-нің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты ана. Қос ғасырдың куәсі болған көнекөз анамыздың, ұлағатты ұстаздың өмір жасы ұзақ болсын деп тілейміз. Ұстаздың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа өшпес үлгі.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Абзал ЖОЛТЕРЕК