Еңбегінен ел таныған азамат

Жуырда еңбек жолын теміржол саласына арнап, техниканың тілін жетік меңгерген азаматтың шаңырағына барып, әңгіме өрбітіп, ой бөлісудің сәті түсті. Өткен өмірі туралы сөз еткен ол машинист болуды бала кезден армандағанын айтады. Тіпті бұл мамандықты таңдауына әкесінің сөзі түрткі болған екен.
– Әкем марқұм Әбдраман Елубаев та мен жүрген жолмен жүріп өткен жан. Ол теміржол саласында қызмет еткен. Жастайымнан темірдей тәртіпке үйреніп, әкем киген формаға қызыққан соң, осы салада жұмыс жасасам деп армандайтынмын, – деп бастады аға бізбен әңгімесін.
Оның айтуынша, әкесі Әбдраман Елубаев Ұлы Отан соғысының ардагері. Тар заманның ауыртпалықтарын басынан өткерген ол ұлының да жұмысқа етене араласуын қалап, ерте жастан еңбекке баулыған көрінеді. Әкесінің бұл қадамы басында қиын соққанымен, бұл Қуаныш ағаның кейінгі еңбек жолындағы кедергілерін оңай еңсеруіне көмегін тигізіпті.
– Әкем "Еңбектен қашпа, ырысыңды шашпа" дегенді жиі айтатын. Сол сөзі жадымда мықтап жатталыпты. Содан бері бүгінге дейін жұмыстан қашқан адам емеспін. Қазір зейнетте болсам да, құр қарап отыруды жөн көрмеймін. Ел ісіне, қоғамдық шараларға белсене қатысуды әдетке айналдырдым, – дейді ол.
Жасы 65-ке таяған Қуаныш аға өзі айтқандай қай істен де тысқары қалған емес. Ол елдік мәселе болсын, ол қоғамдық болсын. Барлығына да белсене араласуда. Кейбір мәселелерге өзіндік үнін қосып қоймай, олардың шешімін табуына да ықпал етіп жүр. Мұнысы өзінен кейінгі толқынға айтарлықтай үлгі. Қуаныш ағаның кей ісіне куә болмасам да, жұрт айтып жүрген жақсылығына қанықпыз. Өзінен солардың бірін айтып беруін сұрағанбыз. Аға біраз уақыт ойланып, жауап беруге тосырқап қалды. "Мұны өзім айтқаным орынсыз. Мақтанғандай болып көрінермін. Жұрт айтып жүрсе, соның өзі жетіп жатыр, – деді Қуаныш аға жымиып.
Еселі еңбек еткен ардақты азамат алғысқа кенде емес. Еңбегі де еш жерде елеусіз қалмаған. Оған аудан, облыс басшылығынан алған біршама мадақтамалары мен марапаттары дәлел болса керек. Өз саласында әр жылдары үздік қызметкер атанып, төсбелгіге ие болғаны жоғарыдағы сөзіміздің дұрыстығын айғақтайды.
Қуаныш аға бұған дейін өз жетістіктерін айтып, еш жерде жар салмады. Оны жаны да сүймейді. Оның түсінігінше, жетістікке темірдей тәртіп қана жеткізеді. Осы ұстанымнан айнымаған азаматтың кейінгілерге айтар ақылы да осы. "Егер темірдей тәртіп болмаса, болашақ бұлыңғыр болмақ. Әрине, бұл қатып қалған қағида емес. Әйтсе де тәртіп бар жерде тірлік те тиянақты болатынын ескеру керек. Жастар осыны қаперден шығармай, санасына мықтап сіңірсе, биік белестерді бағындырып, табысқа да кенеледі, – дейді ол.
Қуаныш Әбдраманұлы тәжірибелі де тәлімді азамат. Қажырлы қызметінің арқасында еңбек биігіне жеткен кейіпкермен әңгімеміз таяу қалған еді. Ағамен сұхбаттан соң, оның бүгінге дейін жеткен жетістігінің астарында "Бала Қуаныштың" асқақ арманы жатқандығын аңғару қиын болған жоқ. Өйткені Қуаныш ағаның жанары соны айтып тұрды. Тіпті көз жанарындағы жалын ап-айқын көрінді. Арманға жеттім деп тайсалуға болмайтынын осыдан-ақ ұғынуға болатындай.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ