Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл арулары республика үздігі

Ауыл арулары республика үздігі

Ауылда Республика үздіктері тұрады. Иә, кәдімгі қарадомалақтар әлемдегі бірінші нөмірлі, жанкүйері көп спорт түрін жандарына серік еткен. Қожабақылықтар қазір шетелдік шеберлерді үлгі етпейді. Тайы озған табыстыларымен мақтанады. Мұны көрген өзге жеткіншектердің де спортқа деген қызығушылығы артқан, көгалда өткізетін уақыттары ұзақ.
Біз сөз етіп отырған Қожабақы ауылында салауатты өмір салтын насихаттау белсенділігі бұрыннан жолға қойылған. Өткен ғасырда №25 мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері Ақниет Жәдиев, Мұрат Қуатбаевтар өрістеткен өрелі жолдағы үл­гілі үрдіс үзілмеген.
Балалардың бітімі, ойлау қабілетін қалыптастыратын дене тәрбиесінің тиім­ділігін арттыру қоғам алдындағы маңызды міндет. Осы ұстанымнан табылып жүрген ұстаздардың үкілеген үміттері де үздіктер қатарынан табылып, үлгілі үдеден көрініп жүр.
Мектеп ашылғаннан бері Одаққа, Қазақстанға белгілі балуандар мен өзге спортшыларды ұшырған. Тәуелсіздік алғаннан бері де жеткен жетістіктері жетер­лік.
Тоқсаныншы жылдардың басында елді мекендегі спорт алаңдары бұзылып, спорт залы, жаттығу, шынығуға қажетті қондырғы, құралдардың жоқтығы айтар­лықтай кедергі келтіргеніне қарамай, мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып келеді. Сөзімізге волейбол, футбол, жеңіл атлетика, қол добы, стол теннисі, дойбы, қол күрес, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен алған жүлделер дәлел. Ер балалар волейбол, футбол, эстафеталық сайыс, ұлттық ойындар және басқа да түрлі жарыстарда жетістіктерге жеткен. Алайда ауылдан шыққан арулар асқан асу көп.
Әсіресе қожабақылық волейболшы­лар өнері жанкүйерлер жадында. Нәзік­­жандылардан жасақталған футбол ко­мандасының ойыншылары да облыстық құрамада өнер көрсеткені көптің есінде.
Саңлақтардың санатында халық­аралық, республикалық жарыстарда жарқыраған Жайдаркүл Арыстанбек, Ақмаржан Мыл­тықбай, Бақнұр Дәріғұл, Ғазиза Абайқызы, Бекзат Дәріғұл 2012 жылы қола, 2013 жылы күміс, 2014 жылы күміс, 2015 жылы күміс, қола, 2016 жылы алтын, 2017 жылы күміс медальға қол жеткізіп, «мерген ойыншы», «үздік қорғаушы», «үздік ойыншы» номинация иегері атанды.
2022 жылы 9-11 сынып қыз балаларынан құралған команда ұлттық мектеп лигасында футзалдан облыста үшінші орынға қол жеткізген. 2023 жылы 7-8 сынып футболшы қыздары «Былғары доп» жарысында облыстан оза шауып, Павлодар қаласындағы ақтық сын жолдамасына қол жеткізді.
2024 жылы 5-6, 7-8, 9-11 сынып қыздар командасы ауданнан үздік шығып, бірінші орын иеленген. Облыстық кезеңде 5-6 сыныптан құралған топ 5 орынға табан тіреген. Осы жолы 9-11 сынып командасы қола жүлдені қанжығаласа, 7-8 сынып қыздары бас жүлде биігінен көрінді. Екі жылда бір рет өтетін жарыс­та қожабақылық қыздар да бақ сынады. Павлодар қаласында 13-15 жас арасында кіші футболдан республикалық жарысқа қатысып, бестіктен көрінеді.
Ағымдағы жылдың 5-11 шілде аралығында футболшы қыздар Астана қаласында өткен ұлтық мектеп лигасының ақтық сайысында жолдама алды. Елдегі ең таңдаулы топтармен тектіресті ойында өз шеберліктерін ортаға салды. Алғаш атыраулық арулармен алаңға шыққан жерлестеріміз тәжірибелерін көрсетіп, көрерменін сүйсінтті. Түркістан құрамасымен өткен текетіресте біздің қыздардың алдына ешкім түсе алмады. Төртінші күнгі жартылай финалда жеңісті павлодарлық жеткіншектерден жұлып алды. Қайсар қыздар жарыстың қорытынды финалда Маңғыстау командасымен тартысты ойын үлгісін көрсетіп, жүлделі екінші орынға қол жеткізеді. Жарыстың «Үздік сұрмерген» бағамын өрнекті ойын үлгісін көрсеткен команда капитаны Айдина Жанатбекқызы иеленді.
Айдинамен алаңда бірге өнер көрсететін ойыншылар Нұрзат Ағытай, Кәусар Мейірхан, Айкерім Талғат, Әйгерім Ақбота, Әсия Нұрдәулет, Інжу Ерғазы, Қарақат Ғибратқызы, Айару Талғат, Әзиза Жетес, Мерей Көбейсінова, Ақнұр Дәріқұл, Мәдина Әбдіқадірдің өз міндеті, жауапкершілігі бар.
Ешқандай жетістік кездейсоқ кел­мейтінін айтады жеңісті топтың тәжірибелі жаттықтырушысы. Әр жетістіктің артында үлкен дайындық, қаншама еңбек, қаншама тер, психологиялық, спорттық машық жатады. Жасөспірімдерді спортқа баулып жүрген ұстаз бейімділікпен бірге спортшы бойында өзіне деген сенім, жігер мен әр істен нәтиже шығара алатын ұшқыр қабілеттің болуын талап етеді.
Айтуынша, қыздар тек бір спорт түрінен бақ сынап қоймайды. Олар әмбебап ойыншылар. Алаң деп сабақтан алаңсыз қалуға жол жоқ. Оған мектеп директорынан бастап, барлық пән мұғалімдері, ата-аналар жіті назар аударады.
Бұл жолда өзіммен бірге команданың жеңіс тұғырынан көрінуіне Кенжебек Қожахмет, Нұрлыбек Сейтен сынды әріптестерінің де көмегі тиген.
«Баланы бейімдеп, оны шыңдауда үлкен шеберлік керек. «Әр бала – бір жұлдыз. Жарқырауға жол аш» дейді. Спортты серік еткен өспірімнің осал болмайтынын тәжірибе көрсетіп келеді. Бізді қолдап, сенімімізді ұштаған мектеп ұжымы мен барлық тілеулес тұрғындарға шексіз алғысымызды айтқым келеді. Бағытымыз – айқын. Беталысымыз – түзу. Алла жазса, әлі талай жеңістермен қуантамыз», – дейді жаттықтырушы Өмірзақ Сәрсен.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
20 шілде 2024 ж. 190 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930