Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерен еңбектері еленді

Ерен еңбектері еленді

Кішкентай ауылда жүріп-ақ үлкен жетістіктерге жетуге болады. Бұл сөзімізге ауданның Өркендеу ауылдық округіне қарасты Жанкент ауылындағы №104 орта мектеп оқушыларының спорттық жетістіктері дәлел. Шәкірттері түрлі республикалық дүбірлі додада топ жарып келе жатқан аталған мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Едіге Дабылов, Алмасбек Мырзалы, Сырым Бегелдиновтің ерен еңбектері облыс тарапынан еленіп, жоғары дәрежелі марапатқа ие болды.
Тек Жанкент ауылындағы мектептің ғана емес, тұтас ауданның намысын қорғап, өңірдің абыройын аспандатып жүрген оқушылардың ұстаздарына ­облыста дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлестері, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында атқарған жемісті еңбектері және шәкірттерінің жоғары жетістіктері үшін Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмахановтың Алғысы жарияланды.
«Алдағы уақытта да мол тәжірибелеріңіз бен қажыр-қайраттарыңызды ел игілігіне жұмсап, қызметтеріңізді абыроймен атқаратындарыңызға, облыстың намысын дүбірлі додаларда қорғайтын жеңімпаз шәкірттеріңіздің қатары көп болатынына сеніміміз мол» делінген құттықтау хатта.
Айта кетейік, Едіге Дабылов Жанкент ауылындағы №104 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып 20 жылдан бері еңбек етеді. Ал Алмасбек Мырзалы 14 жылдан бері ұстаздық қызметте болса, Сырым Бегелдиновтің осы салада 10 жылдық еңбек өтілі бар.
Жанкенттік ұстаздардың шәкірттері жыл сайын республикалық спорттық жарыстарда алда келеді. Мәселен, жас спортшылар 2019 жылы Футзалдан 9-11 сынып оқушылары арасында өткен «Теңбіл доп» Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде жеңімпаз атанып, 3 ұстаз да «Үздік команда жетекшісі» номинациясымен марапатталған. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан республикалық сайыстарда №104 мектептің оқушылары оза шауып жүр.
Ерекше атап өтерлігі – аталған ұстаздардан тәлім алған кезіндегі шәкірттері бүгінгі таңда да спорттан қол үзген емес. Бір ғана мысал, осы мектептің түлегі Нұршайық Әбдуәли спорттың футбол, волейбол, баскетбол, теннис, жүзу секілді түрлерінен студенттер, кейін мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Бұдан бөлек, волейболдан республикалық турнирдің жеңімпазы атанған оқушылар қазіргі күні түрлі өңірдің құрамасы сапында жарысқа қатысып келеді.
Облыстан жеткен ақжолтай марапатты ұстаздарға аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов тапсырып, тәуелсіз еліміздің болашақ тұлғаларын тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Серік АҚМЫРЗА
04 желтоқсан 2021 ж. 558 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30