Қарғыс тиген қыз
Айнала қап-қараңғы. Өлі тыныштық. Ну орманның ішінде жалғыз өзі жанұшыра жүгіріп келе жатқан Жансәуле аяғы шалынып, жерге оңбай құлады. Тұрайын деп ұмтылып еді желімдей жабысқан саз-балшықтан бойын билей алмады. Әрі-бері жұлқынып арпалысып, аяғы талды. Қас қылғанда жаңбыр жауып, одан сайын балшыққа батыра берді. Үсті малмандай су, екі қолын сермеп, көмек сұрауға ұмтылды. Бірақ дауысы өзінің айналасынан әрі аспады. Жансәуле шошып оянды. Үсті басы терден шылқып кетіпті.
Түн болса ұйықтауға қорқатын болды. Көзі ілінсе болды қараңғы түнекте жалғыз өзі жанталасып, әлдекімнен қашып жүреді. Түсінде үнемі көретін ақ көйлекті қыздың жанына бармақшы болады. Алайда қолсозым жерде тұрса да жете алмайды. Қыз да меңіреу адамдай тіл қатпастан теріс қарап тұрады. Қара шашы беліне түскен ақ көйлекті ару кеше бұған бұрылды. Хас сұлу екен. Талдырмаш келген аққұба бойжеткеннің ботадай мөлдіреген қос жанары мұңлы еді. Жансәулеге жек көріп қарамайды. Бірақ көмек қолында созбайды. Жылдам жүріп, тұңғиыққа еніп кетеді. Бүгінде бұл белуардан балшыққа батып, шыға алмай жанталасқанында ақ көйлекті Жансәуленің жанынан өте барды.
Түнімен неше түрлі түс көретін Жансәуле оны неге жоритынын білмей әлек болды. Санасындағы сан сұрақ ештеңеге зауқын соқтырмайтын. Қолға алған ісі кері кетіп, тосыннан тап келген кедергілер кәсібінде тұралатып тастады. Жансәуле 25 жасқа дейін мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік аяқтады. Жұмысымен қатар ата-анасының қолдауымен ашқан кәсібін де дөңгелетті. Астына су жаңа көлік те мінді. Өмірі жап-жақсы еді-ақ. Артық қылығы жоқ, ақылды қыздың аяқ асты өмірі күрт өзгерді.
Көлік апатына түсіп, машинасы жарамсыз болып қалды. Ең бастысы бас аман, басқасы бола жатар деп алға ұмтылғысы келді. Кәсібі жүріп тұрған сұлулық салонында шаш шебері мүлт кетіп, тұтынушыға әкелген зарарының кесірінен жан-жақтан тексеріске алынды.
«Шашыма жаққан химикаттан уландым» деген тұтынушының әлеуметтік желіде таратқан видеосы кәсіптеріне кері әсерін кәдімгідей тигізді. Салон жабылды.
Көлік апатынан кейін төсекке таңылғанына бірнеше апта болған Жансәуле бүгін түс көрмесем екен деп үрейленіп жастыққа бас қояды. Түсінде кейде шыңыраудың түбінде, кейде шырмалған торда отырады.
Жан баласына ашылып сөйлемей, өзімен өзі болып алған Жансәуленің жан жарасын әке-шешесі жүре алмай қалғандығында деп түсінді. Бақуатты отбасы талай аурухананың табанын тоздырып, қыздарының жүріп кетуіне ем іздеді. Арман жалғызы үшін бар байлығын сарп етсе де, сатып ала алмайтын дүние барын түсінген еді. Десе де дертке дауа іздеуді тоқтатпады. Медицинадан бөлек, емші-балшыны да жағалады. Тіпті шет ел дәрігерлерінен де шипа таппады. Түсініксіз дерт дендеген Жансәуле қатты өзгерді. Әдемі жүзі солғын тартып, жарқырап жанып тұратын жанарында бұрынғыдай ұшқын қалмады.
Таң атысымен қоларбадағы қыздарын көлікке мінгізіп, ем іздеу әке-шешесінің дағдысына айналған. Бұны көршілері де біледі. Күнде көрген соң, көз үйреніп кеткен. Кеше ғана жарқылдап жүрген Жансәуленің бұл күйіне көршілері де мұңая қарайды. Неше жылдан бері көрші болып, бір-бірімен етене араласқан тұрғындар бала кезінен балдай тәтті қылығын көріп өсірген Жансәулені жамандыққа қимайды.
Есік алдындағы орындықта отырған Орынбасар ақсақал: «Қарғыстың еш жазығы жоқ қызына тигенін қарасайшы. Әттең, гүлдей жайнаған бала еді. Атасының қателігінің құрбаны болды-ау» деп күрсінді. Жанында тұрған немересі: «Ата, оны кім қарғаған? Жансәуле ешкімге жамандық ойламайды. Мейірімді қыз ғой» деп сұраулы жүзбен атасының жанына жайғасты. Орынбасар ақсақалдың немересі Қуаныш Жансәулені бала кезден ұнатады. Жастары да шамалас. Талай бірге ойнап, бойжеткен, бозбала болған шақтарында бірге қыдырды. Жансәуленің тірі жанға зәредей зияны жоқтығын да біледі.
– Еее, балам бес күндік жалған өмірде ешкімге қиянат қылмаған жөн. Адамның наласы, көз жасы жібермейді. Қарғыс жеті атадан асып жетуі мүмкін. Сондықтан жүрер жолыңды, сөйлер сөзіңді біліп, істеген ісіңді мойныңмен көтере білу керек, – деп таяғына сүйеніп тұрмақ болған ақсақалды Қуаныш қолынан ұстай алды.
– Ата, қайда кеттіңіз? Жансаулеге қарғыс тиді дедіңіз ғой...
– Ол – өткен шақтың әңгімесі, балам. Жансәуленің атасы Бекжан өзімшіл жан еді. Қолында байлығы, қызметі бар анау-мынау деп адамдарды менсінбей сөйлейтін. Бір күні аулаларында қатты шу шықты. Бекжан замандас қатты айқайлап, бір әйел адамды есігінен итеріп шығарып жіберді. Бейтаныс әйелдің сол күнгі шарасыз бейнесі әлі көз алдымда. Жанарын жас жуып, қос қолымен басын ұстаған күйі есік алдында біраз отырды. Бір уақытта орнынан әзер тұрып, көшені бойлай жүріп, ұзап кетті. Не болғанын сұрауға батпадым. Арада аз уақыт өткенде ел арасында: «Бекжанның баласы бір қызды жүкті қылып қойыпты. Бекжан ол қыздың отбасын өздеріне тең санамапты. Баласына алдырмай, байбалам салыпты» деген сөз тарады. Бекжанның әйелі де тәкаппарлығы басым біреу еді. Әлгі әйел тағы бір келгенінде қанша адамның көзінше: «Сендер кімсіңдер? Сіңірі шыққан кедейлер. Қызың менің баламның осыншама дүниесін көріп, есі кетіп отырған ғой. Маңайыма да жоламаңдар» деп жекігенін көрдік.
– Ата, Арман аға ше? Ол ештеңе демеді ме? Қызды сүйген болса ол неге үнсіз қалған?
– Арманның аузын аштырмады ғой әке-шешесі. Сол оқиғадан кейін ауылда: «Қыз асылып өліпті» деген суық хабар естілді. Жесір әйелдің 25-ке жаңа толған жалғыз қызы екен. Ар азабы қойсын ба? Өз-өзіне қол салыпты, байғұс қыз. Одан кейін талай жыл өтті. Арманды өздері секілді бақуатты кісінің қызына үйлендірді. Жансәуле өмірге келді. Дәл 25 жасқа толғанда атасының ақылсыздықтан жасаған қиянатының зардабын күнәсіз бала тартуын қарашы. Ананың қарғысы, қыздың көз жасы, өмірге келіп те үлгермеген сәбидің наласы текке кетсін бе? Қарғыс қызға тиген болды-ау, – деп терең күрсінді ақсақал.
Арада біраз уақыт өтсе керек. Бекжанның көлігі үйлерінің алдына келіп тоқтады. Жарымжан болып қалған қыздарын әкесі мен анасы екеулеп түсіріп жатты. Қуаныш Бекжанға бұрынғыдай емес, жек көріп қарады. Жансәуленің басындағы жағдайға жалғыз кінәлі жан осы деген ой жегідей жеп барады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА