Су перісі
Бүгін Айнаштың көңіл-күйі болмады. Таңертеңнен қабағы тарта береді. Түні бойы ұйқысы шала болды. Бастырылып қалды ма, қорқынышты түстер көрді ме, мазасы жоқ. Біреу алыстан дауыстап шақырғандай құлағына күбір келді. Басы да зіл тартып тұр. Бұрын мұндай сырқаты жоқ еді. Анасынан сұрап, дәрі ішті. Қызының кіртиген көзіне қарап, Бибі уайымдап қалды. Қызының қылығы біртүрлі. Түні бойы ұйықтамаған ба, көзінің асты ісіп кетіпті. Не керек, Айнаш үйге сыймады. Үй шаруасына қолы бармай қойды. Киініп аулаға шықты. Күн райы тамаша. Бірақ бұлтсыз ашық аспан қыздың көңілін сергітпеді. Екі иығы ауырлап, күрсіне дем алды. Ауладан соң, көшеге шықты. Клуб жанында біраз аялдады.
Кенет құлағына алыс жақтан дауыс жетті. Айнаш селт етіп, басын көтерді. Бейтаныс дауыс дариядан шыға ма? Ай-н-на-а-аш! Бе-е-р-р-і келші! Әлденеге асыққандай қыз аяғын жылдам басып, өзенге қарай жүрді. Жағаға жеткенше тағаты таусылды. Қызық... еңсесін басқан салмақтан жеңілдеп сала берді. Сол сәтте су бетіне қарады. Аяқ астынан жел тұрды ма, әлде толқын бұрыннан бар ма, су беті теңселгендей болды. Манадан шыққан дауыс толқын арасында жүргендей. Тағы да «Айнаш» деді бәсең үнмен. Қыз басын көтеріп, жан-жағына қарады. Үн тыстан естілмейді. Дария ішінен талмаусырап шығады. Кенет толқын арасынан бейне шықты. Құрбысы Жанар.
– Мұнда неғып жүрсің? Су суық қой. Ауырып қаласың, – деді Айнаш. Есеңгіреп тұрған қыз құрбысының қайтыс болғанын да есінен шығарып алды. Енді ол жақын досына қарай ұмтылды. Ал Жанар болса нәзік саусақтарымен қолын бұлғап шақырады. Келсеңші Айнаш! Бойжеткен екпінмен келіп, суға түсті де кетті. Жақындаған сайын құрбысы алыстап барады. Суық су қол-аяғын құрыстырып жіберді. Жаны кетіп қалғандай ма, өз денесін өзі игере алмады. Үстіндегі ауыр киім сумен өзен түбіне қарай иіріп тарта жөнелді. Жанар болса мұны келеке қылғандай сықылықтап күле береді. Жетемін деген әуремен Айнаш суға малтыға бастады. Бір сәт қол-аяғы істемей қалды. Қозғалысы ауырлап, суға тұншыға бастады.
– «Жанар құтқар!» – деді жанұшыра. Ал құрбы бейнесіндегі су перісі сақ-сақ күлді. Бәйшешектей қыз аяқ астынан қанды дарияның құрбаны болды. Өрімдей жастың демі осылай үзілді.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ