ҰБТ: Нұрболат 139 балл жинады
Жылдағы дәстүр бойынша биылғы ұлттық бірыңғай тестілу сынағы да мәресіне жетті ұстаздар мен түлектер сындарлы сәтті тарих бетіне қалдырды. Оқу жылын жемісті қорытындылаған қазалылықтар облыс бойынша алғашқы орынға шықты. Қазалылық түлек Нұрболат Жұбатқан 139 балл жинап, көпті қуантты.
Әйтеке би кентіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектеп оқушысы, «Алтын белгі» иегері Нұрболат Жұбатқан отбасындағы үш баланың ортаншысы. Білімге құштар, оқуда озат оқушы талай мәрте аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға химия пәнінен қатысып, жүлдегер атанған. Химия пәнінен ауыл олимпиадасының үшінші орын иегері. «Алтын түлек» олимпиадасының мақтау қағазын иеленген. Биология, химия, математика пәндерін ерекше сүйіп оқитын Нұрболат Нұртуғанұлы болашақта медицина саласында еңбек етуді қалайды.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 10-сыныптан бастап ден қойдым десем болады. 11 сыныпта жүйелі түрде жоспармен дайындала бастадым. Үнемі ізденіп, білімімді толықтырып отырдым.
Нұрболаттың ағасы Нұрлыбек те тестілеу сынағында 109 балл жинап, грант негізінде білім алып жатыр. М.Оспанов медицина университетінің студенті.
– Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Себебі жыл бойы егінші егін егіп, оның жемісін жинаған кезде қуанышқа бөленетін болса, бізде бағбан сияқты ұстаздар қауымы өзінің тәрбиелеген шәкірттерінің жемісін, жетістігін оқу жылының аяғында көргенде шыңға шыққандай күйге енеміз. Түлегіміз Нұрболат ұстаздарының үмітін ақтады. Әрбір сынақтан өз білімінің жоғары деңгейін көрсете білді. Бұл тек біздің мектеп үшін ғана емес, аудан, облыс үшін зор мақтаныш. Шәкіртіміз мәртебемізді биіктетіп, мерейімізді тасытты. Ұстаздарға, ұжымға алығысым шексіз. Барлық түлектерге сәттілік тілеймін. Талаптары оң болсын, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектеп директоры Ләззат Ізбасқан.
Ал Нұрболаттың сынып жетекшісі Шакизада Бисенова: «Нұрболаттың жоғары балл жинайтындығына сенімді болдым», – дейді.
– Жыл бойы сынақ тестілердің барлығынан жоғары балл алып жүрді. Нұрболат мықты маман боларына мен сенемін. Ата-анасы сынаққа дайындалуына үлкен жауапкершілікпен қарады. Пән мұғалімдері де еңбек етті. Оқушының өзі де білімді, дарынды бала. Ата-ана, мектеп, оқушы атты үштіктің біріккен жұмысының жемісі, нәтижесі деп білемін. Барша оқушыма сәттілік тілеймін, – деді Ш.Бисенова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА