Топжарған түлек
Жыл сайын жауапты маусым ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру арқылы түлектер білім мен көрсеткіші санамаланады. 2020-2021 оқу жылында Қазалыда 699 оқушы мектеп бітіріп, аттестат алатын болса, олардың 623-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген.
Биылғы ерекшелік, бітірушілер үшін екі рет білім бәсекесінде бақ сынауға мүмкіндік қарастырылған. Ауданда өткен алғашқы сында қатысушылар жақсы нәтиже көрсетті. Олардың қатарындағы Айсана Тәжібай берілген 140 сұрақтың 130-на жауап беріп, аудан оқушылары арасында көш бастады. Әйтеке би кентіндегі С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебінің оқушысы, “Алтын белгі” белгісіне үміткер қыз бұған дейінгі сынақтарда жоғары балл жинап, үміт үдесінен көрінді. Бұл оның мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысатын алғашқы мүмкіндігі.
Бұл әсері туралы Айсана: «Ұлттық бірыңғай тестілеуде бейіндік пән ретінде биология-химия пәндерін таңдадым. Болашақта білікті дәрігер атансам деген арманым бар. Адам жанының арашасысы бола білетін абзал жандарға құрметім зор. Дүниежүзілік пандемия кезеңінде медицина қызметкерлері нағыз батырлар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мен де еліме қауіп төне қалса, қалқан болғым келеді. Сол үшін де алға қарай нық қадам басып, ойға алған мақсатымды орындаймын деп сенемін», – дейді ағынан жарыла. Үздік қыздың ата-анасы Абай Арыстанбек пен Бақыткүл Сержанова балаларының 20 маусымдағы екінші мәрте тапсыратын тестілеуінде жоғары көрсеткішке қол жеткізеріне сенімділік білдіруде.
А.ӘДІЛХАНҚЫЗЫ