Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара домбыра жасаудың хас шебері

Қара домбыра жасаудың хас шебері

Қазалылық домбыра жасау шебері Ерболат Қанатбайдың есімі елге етене таныс. Әсіресе өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар тығыз қарым-қатынаста. Жиырма жылдық тәжірибесі бар шебер дайындаған дүниені талантты жандардың талайының қолынан көруге болады. Қазақтың қасиетті қара домбырасын соғудың қас шебері Ерболат Яхияұлына Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан тапсырыстар жиі түседі.

Домбыра жасаудың хас шеберімен әңгіме басын «Бұндай өнер кімнен дарыған?» деген сұрақпен бастадық.
– Әкем Яхия Арал, Қазалы, Жосалы аудандарына аты белгілі ұста болған. Үйлердің есік-терезесін жасаған. Мен орта мектепті бітірген соң, 1990-1992 жылдары әскер қатарына алынып, азаматтық борышымды өтедім. Туған жерге келгеннен кейін теміржолды сумен жабдықтау мекемесінде ағаш ұстасы болып еңбек істейтін әкемнің жанына жұмысқа орналастым. Әкемнен көп нәрсе үйрендім. Уақытында есік-терезеден бөлек, балаларға арба, келіншектерге оқтау мен нантақтай, тіпті құрылысшыларға қалаққа дейін жасағанмыз. Қазір 25 жылға жуықтады тек қана домбыра жасаумен айналысамын, – деген шебер ең алғашқы домбырасын жиеніне жасап беріпті.
– Қарындасымның балалары үйге келсе, ысқырыққа тыныштық бермейтін. Бірде жиенім Айдос үйдің көлеңкесінде сыпырғышты домбыра қылып, ойнап отыр екен. Кішкентайды көз қиығымен нұсқаған әкем маған: «Шырағым, мына жиеніңнің талабы таудай екен. Бұған енді ағаштан домбыра жасап берсең жөн болар еді» деді.
Содан шпалдың жиегін кесіп алып, ойып домбыра соқтым. Ең алғашқысы осы еді. Кейін домбыраға деген қызығушылығым артты. Ауылда өсетін қараталдарды шауып, ойып жасайтынмын. 3-4 жылдың ішінде 200-ден аса аспап қолымнан шығыпты. Оның жұмысы қиындау болғаннан кейін 4-5 өлшемде қазіргі үкіметтің домбыралары секілді планкілеп жасай бас­та­дым. Біріншісі – «Шіңкілдек», екіншісі – бас­­тауыш сынып балаларына, үшіншісі – орта сыныптағы оқушыларға, төртіншісі арнайы музыка мектебінде оқитын шәкірттерге арналған өлшемдер. Одан үлкендері де болады, олар оркестрлық деп аталады. Әкем марқұм 15 сантиметрден асса, ағашты кәдеге жаратуға болады дейтін.
Мен 2004 жылы бөлек шықтым. Әкем үйге келіп, хал-жағдайымызды біліп кетіп тұратын. Жасап жатқан дүниелерімді көріп, ақыл-кеңесін айтып кететін. Бір күні Мұңсызбай деген көршім сынып қалған көне домбырасын әкеліп берді. Соны жөндеп, қалпына келтірдім. Қиын болған жоқ. Содан бастап көне домбыраларды да жөндеуді қолға алдым, – дейді шебер.
Қазақтың қара домбырасын жасауда шебер әртүрлі ағаш қолдана береді. «Қара талдан ойып жасадым, одан кейін қарағай, қайың, теректен жасауға болады. Бірақ теректің сапасы төмендеу. Сапалысы – қарағай мен қайың. Қарағай мен қайыңнан соғылғаны күй мен термеге, теректен істелгені ән айтуға жақсы келеді. Айналысып жүрген кәсібімнің машақаты жетіп, артылады. Шанақты ыстық суға салып иіп, көлеңкеде кептіремін. Қатты ағашты тұз тұнбасына салып, икемге келтіремін. Дайындалған аспапты түссіз лакпен бояған дұрыс. Өте қалың етпей, жұқалап жақса, беріктігін сақтауға көмектеседі. Шанақтың бетіне лакты барынша бірқалыпты, тегіс етіп, пайдалануға мән берген жөн, – дейді.
Шебер бас-аяғы жиырма күнде 15 дана домбыра дайындайды екен. Балалар мен ересектерге арналған домбыраның өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, балалардың қолы жететіндей өлшемде жасалуы керек. Шанағы мен сағағы кішілеу болғаны дұрыс.
Бір қызығы, шебер өзі домбыра шерте алмайды. Бірақ жеті нотасын біледі. Екі ұлы да ұсталыққа жақын болмай шықты. Үлкені математик. Отбасымен Ақтөбе қаласында тұрады. Сонда мектеп-лицейде сабақ береді. Докторантураға түсуді көздеп жүр. Кіші ұлы да математиканы ұнатады. 10-сыныпты бітірді. Балалары білімге құштар, оқуда озат.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Тәуелсіздік күні қаншалықты деңгейде тойланса, 1 шілде – Домбыра күні де солай тойлануы керек деп ойлаймын. Қазір ұлттық асапапты үйренем деушілер қатары артқан. Мектептерде үйірмелер арнайы жұмыс жасайды. Бұл – қуанарлық жағдай, – дейді Ерболат Яхияұлы.
Арал ауданына белгілі азамат Жұмабай Жақып арнайы тапсырыс беріп жасатқан. Одан бөлек Қайнар Алакөзовке, Қанат Әлжаппаровқа Қазалыдағы достары жасатып, сыйға тартыпты. Бүгінде шебер әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс қабылдайды. Өзіміздің аудандағы өнерде жүрген, елге таныс азаматтардың көпшілігі Ерболат Яхияұлының қолынан шыққан домбыраны жанына серік еткен.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

02 шілде 2024 ж. 231 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031