Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Астан үлкен емессің...»

«Астан үлкен емессің...»

– Мені ешкім түсінбейді! Түсінгісі де келмейді! – деп есікті қатты жапқан Динара бөлмесіне кіріп кетті.
Анасы орнынан атып тұрып, соңынан ілесті. Бірақ есік іштен ілулі болған соң, сол жерде бөгелді. Сонда да берілгісі келмей: «Түсінбейді!» деймісің? Осының бәрін сенің қамыңды ойлаған соң айтып отырған жоқпын ба? Тілің шығып, өсейін деген екенсің. Дастарқаннан асыңды ішіп бітпей неге тұрып кетесің? Есікті аш қане! Шық! Қанша ашулы болсаң да, астан үлкен емессің. Отыр да, тамағыңды іш! – деп есіктің тұтқасын жұлқып жатып, қатты-қатты сөйледі.
Ар жақтан:
– Шықпаймын! Ішкім келмейді. Тойдым! – деп жылаған дауыс естілді.
Сонда тың тыңдағандай кейіппен шеше біраз есікке құлағын төсеп тұрды да, қайта дастарқанға отырды. Бірақ алдында тұрған асты шанышқымен әрлі-берлі қозғағаны болмаса, жапырып жеп жібермеді. Ал осы кезде төрде Сынық қарт үнсіз отырды. Кесенің сыртынан алақанымен сыйпалады да, келінінің алдына қойды. Сөйтіп, қолын жайып ас қайырды да, сыртқа шығып кетті.
Үй ішінде тыныштық орнады. Шешей дастарқанды жинап, өз-өзімен сөйлесіп:
– Неге осылардың барлығы ашушаң, тіл алмайды? Бір нәрсені түсіндіріп болмай жатып, шу шығарады, – деп күрсініп қоя берді.
Ішке кірген Сынық ақсақал ақырын немересінің есігіне жақындап:
– Құлыным, есікті аш. Көп уақытыңды алмаймын, бір ауыз сөз айтуға мұрша бер! – деді де, сол маңайға қолындағы таяғын қоя салды.
– Ата. Неге менімен ешкім санаспайды? Үнемі айқайлап, мені дұрыс емес қылады, – деп ашуланды Динара.
– Қызым, ананың айтқанын тыңда. Ол барлығын дұрыс айтып отыр. Әке мен шешеге абыройды әкелетін – балалары. Әр нәрсе өз уақытымен болады. Кеше қыдырған екенсің, бүгін үйде бол! Ел-жұрттың әңгімесіне қалмайық. Сосын келесі жолы дастарқанды сыйла, астан үлкен емессің, – деп сөзін түйіндеді қария.
Негізі Динараның жасы небәрі 17-де. Бір күн бұрын құрбыларымен қыдырып, үйге кеш келсе керек. Оның үстіне бүгін тағы анасына сыныптастарымен жүріп қайтуды сұрап отырған еді. Міне, үйдегі шудың басы осылай басталды. Ал анасы барлығын түсіндіріп, әкесінің рұқсат бермейтінін, жібермейтінін айтты.
Кеш қарайды. Әкесі жұмыстан үйіне оралды. Дастарқан басыннан қызын көре алмаған соң, дауыстап жанына шақырды. Бірақ, Динара үнсіз. Анасы барлығын түсіндіргендей болып еді, әкесі «өзім сөйлесемін» деп бөлмеге қарай жақындады. Есік ішінен ілулі. «Аш есікті» деп ұзақ тұрды. Артынша жылап отырып кірпік ілген болар деген ойымен қайта тамаққа отырды. Алайда Динара дегеніне жетіп, ешкімнің рұқсатын алмастан терезеден шығып кеткен еді.
Кенет теледидар жанында тұрған әкесінің ұялы телефоны шыр етті.
– Алло, иә, Асхатпын. Тыңдап тұрмын. Кім екен бұл?
– Мен, жол-полицейі, лентинант Дәурен Бекетович. Дәл қазір ауруханаға келіп жатырмыз. Сіздің қызыңыз Динара Сыдық жол апатына ұшырапты. Жанында бір топ мектеп оқушылары. Мүмкіндік болса басқа да ата-аналарға жеткізе аласыз ба..., – деп тіл қатты байланыс телефонының арғы жағынан.
Үнсіз қалған әкесі әуелде «менің қызым үйде ғой» дегенімен барлығын іштей біліп тұрды. Өңі қуарып, тұтқаны қойды да асығыс барлығы киінді де, үйден шығып кетті. Жанұшыра ауруханаға жетіп, қабылдаудан барлығын сұрап алды. Науқастардың палатасына кірген бойдан күлімсіреп жатқан қызын көріп, көңілі тынышталды.
Басы мен аяғын таңып тастаған Динара лезде көзіне жас алып, басын ұстай берді. Ата-анасының, атасының айтқанына құлақ аспағанына өкінгендей жасын тыя алмады. Сыдық ақсақал немересінің басынан сыйпалап:
– Қарғам, біз сені барлығы үшін кешіреміз. Ақылды бол! Тілазар болма! Ата-анаңды жақсы көр! Сыйла, құрметте! Ата-ананың әрбір айтқан сөзі қабыл болады. Сондықтан сол жандардың алғысын ал. Сосын әлгінде айтылған «Астан үлкен емессің» деген сөзді жадыңнан шығарма. Талай жан астан аттап, кішілігін көрсете алмағаны үшін жолы кесілген. Бұл да бір саған жаратқанның жіберген сынағы болар. Осыны қаперіңде мықтап ұста, – деді де қолынан қаттырақ қысып, маңдайынан сүйді.
Арада апта өтіп, Динара сауықты. Отбасына оралып, қымбат жандарымен қауышты. Атасының айтқандарын санасына сақтап, әрі қарай күн кешті.
Шынында қазақтың әрбір сөзі тектен-текке айтылмаған. Сол секілді «астан үлкен емессің» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Бұл тақырыпта қалам тербеуге итермелеген осыдан бірнеше апта бұрын болған жағдай. Көрші Байқоңыр қаласынан келген нағашымның асығыс жолға шығып, үлкен асты күтпей кетіп қалуынан туындады. Үйдегілер «сәл қалды, ауыз тиіп кет!» дегеніне шыдамай, ақыры жол апаты ұшырады. Абырой болғанда дені сау, шаңырағына оралды. Сондықтан әрбір сөзге абайлап, үлкендердің сөзіне құлақ түріп, асқа құрметпен қараған жөн.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
10 қаңтар 2023 ж. 578 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031