Ана қорғансыз, бала қамқорсыз қалмасын
Қазіргі таңда ел дамуына үлес қосып, тіршіліктің түрлі тізгінін ұстап жүрген нәзіжанды қатары қалың. Қазақтың Хиуазы, Мәншүгі мен Әлиясының бүгінгі жалғасы Сәуле Бишекова ерлермен сапта тізе қосып, бейбіт күннің тыныштығын түзетуге атсалысқандардың бірі.
Сырт көз талдырмаш арудың полиция саласында жауаптылығы, парасаттылығы, ыждахаттылығымен дараланып келеді.
Қазалы қаласының тумасы, орта мектепті бітірісімен, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің халықаралық құқық мамандығына құжат тапсырады. Қағілез қыз жоғары оқу орнын 2008 жылы аяқтап, сол жылы «Астана» университетінде магистратураны оқуға талыпанды. Құқық магистранты атанған қыз теориялық білімін практикамен ұштастыруды мақсат тұтады.
2017 жылы Сырдария ауданы полиция бөліміне жұмысқа қабылданады. Ол жерде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлығына орналасады. Антына адал ару 2019 жылы Қазалы ауданындағы бөлімшеге ауысып, қызметін жалғастырады.
Қазалы ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлығы – жауапты жұмыс.
«Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласына саналы түрде келдім. Мұнда түрлі туындаған түйіткілдер анықталып, оны шешу жолында шешімдер қабылданады. Осы қиындыққа тап болған әрбір отбасы азап пен үмітсіздікке толы арпалысты күй кешеді. Түйіннің түйіткілсіз шешілуіне полиция қызметкерлерімен бірге әйелдер, ақсақалдар кеңесі белсенді рөл атқарады», – дейді жұмысы туралы Сәуле Талғатқызы.
Отбасылық жанжалды бағамдау оңай іс емес. Ондағы әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, қауіптілігі анықталады. «Құрбанға» айналған ана, жақынын қорғаймын деп арызданудан бас тартқан әлсіз топпен психологиялық жұмыс жүргізу де маңызды. Мамандық жан-жақтылықты қажет етеді.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселе екендігін айғақтады. Нәтижесінде заң қайта қаралып, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды.
«Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен кіреді» деген жаңсақ пікірден арылатын кез келді. Зайырлы, демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан әрбіріміз оны аңғаруымыз керек. Зәбір көрген ананың артында үлкен қоғам тұр. Өсіп келе жатқан бала әке ісін қайталамасына кім кепіл? Ал әкесін жек көретін қыз отбасын құруға асықпай, кейде өз туған перзентінен бас тартып жатса, оны екі адамның ісі деу қаншалықты қисынды?.. Өмірге өкпелі адамдар қылмыстылыққа бейім келеді. Бұны да бағамдау қажет», – дейді ертеңге алаңдаған ару. Қуантатыны, бұрын отбасында орын алған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу әкімшілік құқық бұзушылық болып саналса, соңғы өзгерістерге орай бұл әрекеттер криминализацияланғаны. Полиция қызметі әрдайым жаңашылдықта болуы тиіс дейді шенді қыз .
«Ал үйде полиция капитаны образынан шығу оңайға соқпайтын болар...» деген көкейдегі сұрақты жайып салдық.
«Бұл орайда өзімді жолы болған жанға балаймын. Алаңсыз жұмыс істеуге отбасы мен туыстардың қолдауы маңызы. Жолдасым әскери қызметкер. Шекарашы. Екеуіміз үш перзентті тәрбиелеп отырмыз. Басқа отбасылар сияқты қажетті жерде қаталдық, қажетті жерде жұмсақтық танытатын кезіміз болады. Балалар үшін біз құқық қорғаушы емес, ата-анамыз. Ең басты миссиямыз осы», – дейді күліп.
«Мені өзін жалғыз сезінетін жандар толғандырады. Кез-келген қиындықтан, тығырықтан шығатын нұсқа қашан да бар. Ешкім өзін мәжбүрлеуге, қорлауға жол бермеуі тиіс. Ана қорғансыз, бала қамқорсыз қалмас үшін елімізде нәтижелі жұмыстар жасалып келеді», – дейді бізбен қоштасарда қоғамның жүгін қаймықпай көтерген қайсар қыз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА