Сапта тұрған сұлулар
Ел қорғау, тәуелсіздіктің бүтіндігі мен қоғамдық тәртіпті бақылау – ардың ісі. Өйткені құқық қорғаушылар аталған құндылықтарды сақтау үшін кез келген жағдайда жандарын шүберекке түйіп, тәуекелге баруы тиіс. Түн ұйқысын Отанға деген адалдық жолында сарп етеді. Әрине қызметіне бұлайша берілу, көзсіз ерлікпен қауіпке қарсы тұру тек ерлердің қолынан келетін сияқты көрінетіні бар. Бірақ аудандық полиция бөлімінде нәзік жанды арулар да білекті жігіттермен бірге ортақ мақсатта жұмыс істеп жүр.
Қазіргі таңда полиция бөлімінде бес бірдей әйел адам қызмет істейді. Солардың бірі – Перизат Айекешова. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің Алматы заң академиясынан білім алып, келесі жылдан бастап Қазалы аймақтық ішкі істер бөлімінің мектеп учаскелік полиция инспекторы тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция учаскелік инспекторы болып жұмысқа қабылданған. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарады.
Перизат қиын қызметпен бірге отбасылық өміріне де айрықша көңіл бөледі. Бүгінде өзімен қызметтес жұбайы екеуі бес баланы дүниеге әкелген бақытты отбасылар қатарында. Көпбалалы ана шынайы бақытты Отан алдындағы қызметтегі абырой мен жанұядағы жарасымдылық екенін айтады.
Полиция майоры Айжан Бейбітәлі де он жылдан аса уақыттан бері құқық қорғау саласында жұмыс істеп келеді. Оған дейін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Академиясында оқып, 2008 жылы бітірген. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімдегі кадр жұмысы тобының инспекторы. Оқуын аяқтаған жылы сыртта қалатын мүмкіндік болса да Айжан туған жерге келіп, еңбек еткенді жөн көрген.
– Мемлекет мүддесі мен халықтың жайлы қоғамда өмір сүруі үшін осы саланы таңдадым. Әйел заты үшін полицей болу қиын деп ойлайтындар бар. Жүректе туған елге деген сүйіспеншілік, Ата заңға деген құрмет барда барлық кедергіні еңсеруге болады. Мемлекет тұрақтылығы арқасында мен де екі баланы дүниеге әкеліп, отбасыммен бақытты өмір сүрудемін, – деп формадағы ару ағынан жарылды.
Аудандық полиция бөлімінде елдің үлкен қалаларында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған нәзік жандылар да жолығады. Оның бірі –Гүлмира Берденова 2006 жылы Қостанай қаласындағы Әлеуметтік-техникалық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. 2003 жылы еңбек жолын Рудный қаласында учаскелік полиция инспекторы болып бастаған ол Алматы, Қостанай, Қызылорда қалаларында жалғастырды. Араға біраз уақыт салып, біліктілігі толысқан Гүлмира бірнеше жыл бұрын ғана ауылға оралды. Қазір көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы лауазымын атқарып жүр. Бұдан бөлек екі балақайдың анасы деген асыл атақты арқалаған.
Қазалы аудандық полиция бөлімінің екінші арнайы тобының маманы Ранай Тоқмәмбет 2002 жылғы Алматы қалалық МҚҚБ кәсіби мамандар даярлау училищесінің түлегі. Өз ісін адал әрі сенімді атқаратын Ранай Қызылорда қаласындағы “Болашақ” университетінің де дипломын иемденген. Бүгінде полиция майоры атағын алған ол бір қыз, бір ұл баланы дүниеге әкелген. Өзі құқық қорғау орғандарында 15 жылдан аса уақыттан бері қызмет етеді. Содан да болар балалары ержетіп, азамат болғасын елдің тыныштығын күзетіп, тәртіп сақшысы атанғысы келетінін айтты.
Сәуле Бишекова да полицей болуды бала кезден армандаған. Көрші балалармен ойын ойнағанда да полицей кейпіне еніп, бұзықтарды тәртіпке шақырып, бойжеткен шағында елордадағы Астана университетіне оқуға қабылданады. Осыдан кейін бала күнгі арманы шынайы жүзеге асады. Диплом алғаннан кейін Сырдария аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобынан тағылымдамадан өтеді. Осы топта инспектор, кейін аталған бөлімнің Қазалы ауданындағы инспекторы қызметіне орналасады. Жұбайы Есен екеуі Қадірлі атты ер бала тәрбиелеп отыр.
Полицейлердің жұмысы қауіп пен қатерге толы. Сондықтан бөлімдегі ер жігіттер айбынды аруларды ауыр іске жібермейтіні анық. Дегенмен тіршілігі қарбалас жүрек ауыртатын оқиғалар орын алатын жерде қызмет етіп жүрген әйелдердің батылдығына риза боласың. Нәзік жандылар өздері осы мамандықты таңдап келгендіктен оларға басы артық сөз айту қиын. Сол себепті полиция бөліміндегі бес аруды меншікті мерекелерімен құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тіледік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ