Қазақстанда жесірлерге жаңа мәртебе беріледі
Фото: ашық дереккөзден
Қазақстанда «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Заң жобасы тұрғын үй қатынастары саласында біраз өзгерістерді көздейді.
Басты өзгерістердің бірі – енді заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген.
«Заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын – барлық өңірлерде 51 мың халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары пайдалана алады», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Ұлықбек Тұмашинов.
Үшіншіден, Тұмашинов атап өткендей, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1600 астам азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған.
«Сонымен қатар, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды. Бұл түзетуді депутаттар енгізіп, Үкімет қолдады», - деді ол.
Бұл ретте асырауында кәмелетке толмаған балалары бар және күндізгі бөлімде оқитын балалары бар (23 жасқа толғанша) бар адам жесір болып саналады.
«Парламент Мәжілісінің комитеттері Заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Заң жобасы бойынша 557 ұсыныс енгізілді. Жұмыс тобының отыз екі отырысы, Комитеттің кеңейтілген отырыстары өтті», - деді сөзін қорытындылаған ол.