Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспана, болса игі бас пана

Баспана, болса игі бас пана

«Қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз?! Қазір әрбір отбасының мәселесіне айналған бас­пана жайының өзектілігі күшейді. Елде түрлі тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі мақсат та халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру емес пе.
Әлеуметтік желілерде бір бейнежазба тарады. Онда жас отбасы өздері жолыққан тұрғын үй бағдарламасының жылдар бойы алған үй ақысын төлеп отыруына таң қалысып жатады. Тіпті жарты өмірі осы ипотеканы төлеумен өтеді деседі. Расымен солай ма?
Былтырғы мәлімет бойынша, Қазақстанда шамамен 646 819 азамат әкімдіктерде баспана кезегінде тұр. Елде заңда белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан мұқтаж азаматтарға төменгі пайызбен тұрғын үй беріледі. Мұндай баспана ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары (мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, қандастар т.б.), мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым жұмысшылары, жалғыз тұрғын үйі апатты азаматтарға беріледі. Ал бұл санатқа жатпайтын, бірақ баспанаға мұқтаж азаматтар төменде тізімде көрсетілген бағдарламалар арқылы баспана сатып ала алады. Олар «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «Менің үйім», «Көпір несиесі», «5-10-20» Шаңырақ, «Елорда жастары», «Жас отбасы», «9-20-25» және «7-20-25» бағдарламасы. Бұлардың әрқайсысының өз шарты бар. Екінші реттік тұрғын үй үшін ипотека барын да естен шығармаған абзал. Азаматтар «Қазақстанның Алтын Банкінен» 1 миллион теңгеден 175 миллион теңгеге дейін «қайта сату» сатып алу үшін қаражатты 14 пайызбен ала алады. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының бестен бірін құрайды. Қарызды 1 жылдан 20 жылға дейін өтеу керек. Өтініш бойынша шешім өтініш берілген күні қабылданады. Ал негізгі тұрғын үйге арналған ипотекада «Бастапқы» мүлікті сатып алуға мүдделі азаматтар үшін Altyn Bank жылжымайтын мүлікті кепілге алып, 1 миллионнан 80 миллион теңгеге дейін несие ұсынады. Несие 14 пайызбен 13 айдан 20 жылға дейін беріледі. Алғашқы төлем жылжымайтын мүлік құнының кемінде 20% болуы керек. Қазақстандықтар баспана мәселесін шешуі үшін жоғарыда көрсетілген бағдарламалардың өзіне ыңғайлысын таңдай алады.
Қазір жылжымайтын мүлік нарығында қолжетімді ипотека аз. «7-20-25» бойынша қаржыландыру айтарлықтай қысқарды. Ал «Отбасы Банкі» шарттарды кенет өзгертті. Мұның бәрі сұраныстың төмендеуіне әкеледі, ал басқа бағдарламаларды қаржыландыру әлі басталған жоқ. Ипотекалық бағдарламалар жылдам ақшаны, жылдам айналымды қамтамасыз ете алады: бір уақытта неғұрлым көп ақша салынса, соғұрлым көп жобалар басталады, құрылыс динамикасы артады. Сондықтан мұндай жылдам құрал болмаса, оның салдары да дұрыс болмайды. «Отбасы Банкі» 2024 жылға жоспарланған, қазір әзірлену үстіндегі «9-20-25» ипотекасын жариялаған жағдайды сәл өзгертуді жоспарлауда. Мамандардың айтуынша, баға кенеттен секірусіз, айына 0,1-0,5 пайыздық шегінде қалыпты өсуді жалғастырады. Бағаның жалпы өсуі болмайды. Бағаның өсуіне халықтың жалақысының деңгейі, өндірістік процестердің өзіндік құнының өсуі, үстеме шығынның өсуі, құрылыс салушылар рентабельділігінің төмендеуі әсер етеді, сондықтан баға сөзсіз өседі. Объективті түрде қандай да бір төмендеуді күтуге болмайды. Жаңа «9-20-25» ипотекасы іске қосылса, нарыққа әсер ететіні сөзсіз, өйткені ол құрылыс нарығын қолдаудың белгілі бір элементін жасайды.

Өңірде де бастама көп
Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр самалы» деп аталатын бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешенінің ресми таныстырылымы өткен болатын. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба құны – 9,7 млрд теңге. «Altyn land» ЖШС құрылысты былтыр бастаған. 2025 жылы аяқтайды деп жоспарлануда. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы – 27 мың шаршы метр. Оның ішінде коммерциялық ауданы – 5 мың шаршы метр. Жерасты тұрағында көлікке арналған 112 орын қарастырылған.
– Халықты баспанамен қамту – елдегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Жарасымды істің жалғасы ретінде жақын күндері салтанаты мен сәні келіскен тағы бірнеше нысанның құрылысы басталмақ. «Сыр самалы» тұрғын үй кешені қаламызға ерекше көрік беретін ғимараттардың бірі болары сөзсіз, – деді аймақ басшысы.
Айта кеткен жөн болар, биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады. Қызылорда қаласында 1544, аудандарда 346 пәтер, оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады.
«Сыр самалы» тұрғын үй кешеніне 1200-ден астам отбасы қоныстанады. Бұл үйлердің 30 пайыздан астамы аудан орталықтарында бой көтермек. Мәселен, биыл Қазалы ауданында баспана құрылысының көлемі үш есеге артқан. Былтыр Қазалы ауданында 52 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл аудан орталығында 150 пәтер салынып жатыр. Тұрғын үй құрылысын қыркүйекте бітіру жоспарланған. 80 шаршы метрлік пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға табысталады дейді мамандар. Үш тұрғын бөлмесі, асханасы бөлек, санитарлық бөлмесі бөлек. Барлығы орталық су жүйесімен, жылу жүйесімен, газ жүйесімен қамтылады. Бұл тұрғын үйлерді кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен салуда. Тиісті құрылыс талаптарына сай келетін дайын пәтерлерді жергілікті атқарушы орган бюджет қаражаты есебінен сатып алып, баспана кезегі бойынша үлестіреді.
– Жалпы аудандағы құрылыс жұмыстарына ең бірінші сапаға мән берілетін болады. Ондағы құрылысқа байланысты материалдар бірінші кезекте жергілікті жерде шығып жатқан құрылыс материалдары пайдаланылады. Ауданда барлық сала бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтырғы жылы 23 пайызға артық орындалды. Биылғы жылы да ауданда 5 млрд теңгеге жуық қаржыға құрылыс жұмыстары барлық салада жүріп жатыр. 130-140 пайызға артық орындалатын болады. Биыл Қызылорда облысында 1269 пәтерлі 67 тұрғын үй салынады. Оның 30 пайыздан астамы аудан орталықтарынан бой көтереді. Бұл мақсатқа бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген, – дейді Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

Өз жайыңды кім ұғар?
Жеке пәтер не өз үй-жайы, Жиренше шешен айтпақшы «өз үйі, өлең төсегі» болуы бүгінгі қазақ үшін әлеуметтік жағдайдың, қоғамдағы рөлінің, материалдық-қаржылық ахуалының белгісі, айнасы. Қызығы сол, жеке пәтері бар адам – орташа таптың өкілі. Жеке коттеджі барлар – бақуаттының қатарында. Ал кең-байтақ Қазақстанның бірде-бір қаласында, бірде-бір жерінде жекеменшік үйі жоқ адам өзін кедейге жатқызбаса да, байлар санатынан санай алмасы анық.
«Үй кезегіне» не «жер кезегінде» қашан тұрдың деп сұрасаң, «10 жылдан асты ғой» деп күрсінетіндердің саны аз емес. «Үйсіздер» кезегі аталғанмен, анығында, бұл – мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. 90-жылдардың аяғынан – 2000-жылдардың басынан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қазір үмітін үзгендей. Ұсынылған баспана бағдарламаларының жәй-жапсарын да көріп отырған боларсыз. Ешқандай санатқа жатпайтын адамдар қажырлы еңбек етіп, жылдар бойы тірнектеуі керек. Мұндай қарқынмен баспанаға мұқтаж, әлеуметтік сүйеніші аз тұрғындардың қатары алдағы жүз жылда сирей қоймас. Сондықтан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген азаматтар баспаналы болу үшін өз бетінше қам жасауға мәжбүр.

Айнұр ӘЛИ

11 маусым 2024 ж. 149 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031