Үйі жоқтың, күйі жоқ...
Барша қазақстандықтардың басты екі мәселесі болса, соның біріншісі – несие өтеу, екіншісі – баспаналы болу десек қателеспейміз. Қазалы ауданында жалдамалы көп қабатты пәтерлер мен несиелік ипотекалар салыну қарқыны жоғары. Әйтсе де басында панасы жоқтықтан, жай-күйсіз жүрген жандар жетерлік.
Осыдан 2-3 жыл бұрын баспана бағасы қолжетімді болған. Қазіргі таңда кентімізде тұрғын үйдің бағасы жаға ұстатарлықтай. Біреу ескі тамын 10 миллионға бағаласа, енді келесісі 15-20 миллион айтады. Мұның барлығы тікелей теңгенің құнсыздануы мен үй салатын құрылыс бағасының күрт өсуімен байланысты болса керек.
Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік бағдарламалар бойынша бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер аз емес. Қазалы ауданы бойынша баспана кезегіне 1741 азамат тіркелген. Оның ішінде, әлеуметтік осал топтан – 817, көпбалалы отбасы – 438 болса, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 197, ал бюджеттік сала қызметкерлерінен – 289 азамат тіркелген. Бүгінде 174 тұрғын пәтерлер жалға беріліп отыр.
2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ерімбет Көлдейбекұлы көшесі, №192 учаскесінен 108 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үй кезекте тұрған жандарға берілген.
Ал 2021 жылы тұрғын үй коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жалғасын тапты. Әйтеке би кенті, Аймақаш мөлтек ауданында 36 тұрғын үй сатып алу құқығынсыз көпбалалы отбасыларға берілді.
Сонымен қатар 5 квартал аумағынан 1 қабатты, 4 пәтерлі, 10 тұрғын үй салынды. Аталған баспананы «Отбасы банк» АҚ арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында беру жоспарланады. Қатысу үшін 2022 жылдың 24 қаңтар мен 8 ақпан аралығында конкурс жүрген.
– Алдағы уақытта кент пен қала аралығына 1 қабатты, 2 пәтерлі 20 үйдің құрылысын салу жоспарланып отыр. Құрылыстың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Оны жүзеге асыру мақсатында, яғни қаржыландыру үшін Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Жоба қаржыландырылып, жүзеге асқан жағдайда, тұрғын үйге мұқтаж 40 азамат баспанамен қамтамасыз етіледі, – дейді Тұрғын үй секторының меңгерушісі Рая Жұмахметова.
Жалпы түрлі бағдарламалар төңірегінде тұрғындардың да көзқарасы әрқилы.
– «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, қандай болса да, өз үйіңнен артығы жоқ. Бірақ әттең, өмірде барлығы біз ойлағандай бола бермейді. Баспанасыз жүргеніме биыл 11 жыл толады. Екі қызым бар. Айлық табысым несие мен жалдап отырған пәтеріме әрең жетеді. Кентте жалдамалы пәтер бағасы 25-30 мыңнан басталады. Ауданда мемлекеттік бағдарламамен несиелік ипотека, жалға берілетін пәтерлер салынып жатқанынан хабардармын. Үй кезегіне тіркелгеніме биыл 2 жылдан асып барады. Оны алу оңайға соқпасы анық. Тағы бір айта кететіні, салынып жатқан тұрғын үйлер 1 қабатты 2 немесе 4 пәтерлі болып жатады. Ол болашақ тұрғын үшін өте тиімсіз.
Қазіргі таңда «Отбасы банкі» АҚ-ға пәтер алу мақсатында азын-аулақ айлығымнан жырып жинап жатырмын, – дейді жалғыз басты ана Әйгерім Дінмұхаммедова.
Әрине елдің ауызбіршілігімен, бастамашыл топтардың ұйытқы болуымен мұқтаж жандарды қуантып жүрген азаматтар ауданда баршылық. Оның ішінде «Харекет», «Сауаптан құр қалмайық» және «Қазалы асары» сынды топтар тұрғын үйге зәру жандарға қуаныш сыйлап жүргенін айта кеткеніміз жөн.
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз! Әр қазақ азаматы баспаналы болса, кезек қызыл дәптердің бірінші тізімінде тұрған несиеге де келер еді.
Серік АҚМЫРЗА