Аудан әкімі мәдениет және спорт салаларының жұмысын қатаң сынға алды
Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы мәдениет және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы межеленген жоспарларды талқылауға қатысты арнайы мәжіліс өтті.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудандағы барлық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың, спорт мектептері мен кешендердің директорлары мен қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев пен аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейтов баяндама жасады.
Аудан басшысы алдымен мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталып, аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарының жұмысының өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын қатаң сынға алды. Бұл бойынша аудан орталығымен қатар барлық ауылдық округтерде жобада көрсетілген жеті бағыт бойынша жұмыстарды жандандырып, ауыл-аймақтағы қаншама өнерлі жастарға қолдау көрсетіп, олардың талантын ашу бойынша жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар жыл сайын жоспарға сәйкес өтетін шаралардан бөлек, әрбір мәдениет үйлері жанындағы үйірмелердің жұмысын жандандыруды айтты. Мұнымен қатар кітапханалардың, өлкетану музейлері жұмыстарының да өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын жеткізіп, мұндай рухани орындарға тұрғындардың әсіресе жастардың қызығушылығын ояту бағытында бірлесе жұмыс жасауды қолға алуды тапсырды.
Мұнан соң спорт саласына тоқталып, мұндағы жұмыстарыңыздың басты көрсеткіші – спортшылардың жетістіктерімен бағаланатындығын айтты. Осы орайда бөлім басшысына биыл Сырдария ауданында өтетін ауыл спортшыларының спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша жоғарғы нәтиже көрсетуге аянбай жұмыс жасау керектігін ескертті. Сонымен қатар ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту мен «Арт спорт» жобасына қатысушылардың үлесін арттыру, тұрғындар арасында кеңінен насихаттау бағытында да нақты тапсырмалар берді.
Мәжіліс соңында аудан басшысы тиісті сала басшылары мен әкімдерге барлық мәдениет үйлері мен клубтардың, спорт мектептері мен кешендердің аумақтарында санитарлық-тазалық, абаттандыру жұмыстарын ұдайы жүргізуді тапсырды. Ал аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердегі жасанды спорт және ойын алаңдарының жай-күйін саралап, алаңдарды уақытылы күтіп ұстауға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат