Психологқа неге сұраныс көп?
Бірде танысым жетідегі баласын жетектеп асығыс жолығып қалғаны бар. Амандық-саулық сұрасқан соң жөнін айтты. Әбден смартфонға телмірген ұлын психологқа апара жатыр екен. Апыр-ау кішкентай балаға психологі несі дедім іштей. Кейін мұндай оқиғаны ести бастадым. Бала тұрмақ үлкендер де психологқа барып, өмірін түзетеді екен. Неге қазір сұраныс көп.
Ежелде «Жан туралы» ғылыми еңбек жазған Аристотельді психологияның атасы дейді. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдары қазақ зиялыларының басым бөлігі қазақ психологиясын практикалық жағынан дамытуға күш салды. Мәселен, М.Жұмабаев психологияны өзек еткен «Педагогика», Ж.Аймауытов «Тәрбиеге көмекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» кітаптарын жазды. Бірақ коммунистік режимде психология ғылымы толыққанды дамыған жоқ. Ал бүгінде қазақ тіліндегі практикалық психология алғашқы қадамдарын жасауда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 1948 жылғы жарғысының преамбуласында «Денсаулық – бұл дерттердің немесе денелік (физикалық) ақаулардың жоқтығы ғана емес, физикалық, психикалық және әлеуметтік бақуаттылығының жай-күйі» деп жазылса, АҚШ Президенті болған Дж. Кеннеди 1961 жылы өзінің Конгресске дәстүрлі Жолдауында «Құрама Штаттар үшін №1 проблема – бұл ұлттың психикалық денсаулығы. Жұмыссыздық, материалдық қиындықтар, дағдарыс кезіндегі қысқартулар, отбасындағы түсініспеушіліктер секілді сан сұрақтың түп төркінін иемденген депрессия ертеңгі болашағымыздың бұлыңғыр бейнесіне айналмасына кім кепіл!» – деді. Бұл тұжырымға жүгінсек, дамыған елдер жан саулығын ертеден бастап бірінші орынға қойған. Ал біздікінде психологиялық қызметке тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көңіл бөлінді.
Мектеп психологі алғаш шыққан кез. Күн сайын болмаса да аптасына бір рет әңгімелесіп, тест алатын-ды. Ал оқушылар «жынды» емеспін деп күлкіге айналдырады. Психолог құдды бір «психиатр» секілді. Біздің санамызда қатып қалған заң болды. Егер психологтің көмегіне жүгінсең психологиялық ауытқушылығы бар деген ұғыммен жүрдік. Осының салдарынан мәселеміз тұйықталып, шешімін таппай жататын-ды. Қазақ тілді психологтарға жүгінетін қазақ азаматтары өте аз болды. Себебі, біздің менталитет оған әлі дайын емес еді. Бірақ қазір барлығы басқаша. Аттап басқан сайын психолог мананын кезіктіреміз. Балабақша, мектеп, емхана, тіпті жеке психологтар да бар. Қазіргі таңда неге психологқа сұраныс артуда.
Жалпы психология қарапайым тілмен айтқанда адамның жан дүниесін зерттеу. Яки, психологтар адам бойында қандай да бір ауру болса, оны физиологиялық жолмен емдеп, жазады. Сондай-ақ жан дүниеміздегі көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын дертімізді де психологиялық жолмен емдейді. Мектеп жасындағы оқушылар басқасына қарап тырысады, өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Мұндай жағдайда балаға психологтің көмегі ауадай қажет. Әсіресе, өтпелі кезеңде. Себебі, оның салдары жаман болуы мүмкін. Әр баланың бір пәнге, болмаса спорт түріне бейімі болады. Соған мән беріп, дамытуға қол ұшын созу қажет. Себебі, бала өзіне ұнайтын, қолынан келетін жақсы іс жасағанда ғана ол жандана түседі.
Баланы психологқа жиі апаратын ата-ана өзіне сенімсіз бе?! Әлде бала ата-анаға ма?! Бұрын адамдар психологсыз да жаман өмір сүрген жоқ қой. Сонда оларда психологиялық проблемалар болмаған ба?! Иә, біздің күнделікті өміріміз стресске толы. Жұмыс, жолдағы кептеліс, әріптестермен қарым-қатынастың нашарлауы сияқты білінбейтін мазасыздықты бастан өткереміз. Бірақ, ең алдымен адам өзін-өзі ұстай білуі керек. Тек жақсыны ойлап, миды аз да болса тыныштандырса күйзеліске түспес еді, бәлкім!
Айнұр ӘЛИ