Абай университетінде «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасы ашылды

Іс-шараға университеттің басқарма мүшелері: зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев, әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, сондай-ақ Педагогика және психология институтының басшылығы және профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Жаңа зертхананың мақсаты – жалпы және қолданбалы психологияның өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізу, оқу және зерттеу процесін қажетті психодиагностикалық құралдармен және ғылыми-әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету. Зертхананың ғылыми-практикалық қызметінің негізгі бағыттары – педагогикалық білім беру саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар негізінде әзірленетін қазіргі заманғы компьютерлік психодиагностикалық әдістемелерге бағдарланған психодиагностикалық құралдарды жетілдіру.

Іс-шара соңында «Тұлғаның психологиялық диагностикасы» оқу-зерттеу зертханасының ашылуына демеушілік көрсеткен тұлғаларға алғысхаттар табыс етілді. «Практикалық психологті даярлау» мамандығының студенттері мен студенттік өзін-өзі басқару белсенділері зертхананың ашылуына және «Халықаралық психолог күні» кәсіби мерекесіне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды.