Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақша контент, қандайсың?

Қазақша контент, қандайсың?

Бүгінде ютуб платформасы медианарық үшін маңызды тетікке айналды. Әзірге солай болып қала беретін де сыңайлы. Өйткені қазір телеарналардың өзі ютубке  тәуелді. Ал осы платформа қазақ тілді аудитория үшін қызықты әрі құнды дүниелер ұсынып жатыр ма? деген сауал бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы орайда қазақша контенттің бүгінгі жайы туралы қалам тербеуді жөн деп таптым.
Расын айту керек, бүгінде қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныс артып келеді. Дегенмен біз өзіміз үйренген әдеттен арыла алмай келеміз. Әлі күнге дейін керегімізді орыс тілінде жазып, іздейміз. Бірақ бұл әдеттен үзілді-кесілді қол үзбеуімізге қазақ тілді контент сапасының әлі де болса сын көтермейтіндігін көрсететіндей.
Мамандардың жасаған мына бір зерттеуіне мән берсек, жалпы еліміздегі интернет қолданушылар ютуб платформасын түрлі телебағдарламаларды, бейнебаяндарды, кино көруге, сондай-ақ ән тыңдау үшін тұтынатын көрінеді. Бірақ неге екенін қазақ тілді қолданушылардың дені өз тілімізде емес, шетелдік, әсіресе ресейлік өнімдерді жиі қарайтындығы белгілі болған. Еліміздегі YouTube көрермендерінің басым бөлігі қазақтілді қолданушылары болса да, өзге тілді контентке сұраныс басым. Осы ретте «Неге?» деген сауал туындайды. Сала мамандарының айтуынша, қазақ тілді контенттің сұранысқа ие болуы танымалдылыққа, яғни қаралым мен платформаға жазылушылардың санына байланысты екен. Бір сөзбен айтқанда бәсекеге түсіп, өзгелерден басып озу керексің. Сонда ғана контент арқылы қазақ тілді көпшіліктің көңілінен шығуға мүмкіндік бар дейді мамандар.
Рас. Қазақша контентті дамытудың драйвері – бәсекелестік. Онсыз ештеңе болмасы анық. Содан да болар, қазір контент жасаушылылар өзара бәсекелесіп, сапалы дүниелер жасауға тырысып жатыр. Ойын-сауық, білім беру, музыка сияқты әртүрлі тақырыптарда YouTube арна ашып, белсенділік танытып жатқан жайы бар. Сол белсенділік көрермендерден байқалады. Неге десеңіз, қазақстандықтар күніне Youtube-ке бір жарым сағат уақытын жұмсайды. Демек тұтынушылар да өздеріне ұнаған контентті қалт жібермей қарайды деген сөз.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы Youtube аудиториясы 14 миллион адамды құрайды, ал оның 8 миллионы қазақ тіліндегі роликтерді тамашалайды екен. Бұл аз көрсеткіш емес. Дегенмен қазақ тілді контент бұдан да басым болуы керек дейтіндер көп. Солардың бірі – 34 жастағы Youtube қолданушысы Айдос есімді азамат.
– Өз басым тек қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынамын. Көңіл көтеруге арналған контентті де қазақ тілінде тамашалаймын. Достарымның көбі маған қазақша түк қызық емес дегенді айтады. Бірақ мен олай ойламаймын. Адамға қызықтан бұрын, ұлттық мүдде маңызды болу керек деп есептеймін. Тілге құрмет болу керек. Егер қазақ тілді контентті біз тұтынабасақ, ол кімге керек? Иә, сапаға қатысты айтылатын да сөз де аз емес. Меніңше, қазақ тілді контенттің сапасын көтеру қолданушыға да байланысты. Себебі қазақ тілді контент сұранысқа қарай қалыптасады. Ал артқан сұраныс тілдің де қолданыс аясының кеңеюіне жол ашады. Сондықтан өз замандастарымды қазақша ақпарат алуға, алмасуға шақырамын, – дейді Айдос.
Бұл азаматтың айтқанын бұрыс дей алмаймыз. Бірақ ақпарат алу әрбір адамның жеке қалауына байланысты екенін ескерсек, қазақша контенттің дәуірін жасау әзірге мүмкін еместей көрінеді. Себебі орыс тіліндегі ақпаратқа сенетін адамдар саны әлі де көп. Рас. Әсіресе, аналитикалық материалдарды орыс тілінде тұтынатындар қатары азаймай тұр. Тек орыс тіліндегі ақпаратқа сеніп, қазақ тілінде жариялаған жаңалықты жоққа шығаратындар да жоқ емес. Сарапшылар мұны теріс түсінік деп есептейді. Себебі ақпараттың шындыққа жанасымдылығы қай тілде жарияланғандығында емес дейді олар. Анығында бұл оқырманның салыстыруынан туған ой. Бірақ мұндай ойдың туындауы бекер емес. Себебі әлі де ютуб платформасында пікір балансын сақтап, баламалы ақапарат ұсынатын контент аз. Тұтынушылардың қазақ тілді контентке қызықпай, айналып өтетіндігі де осыдан туындап отырса керек. Бұл үлкен мәселе. Ал бұл мәселені оңтайлы ету үшін не істеу керек? Әрине, мұны осылай айтып, жазбаса, жиі мәселе етіп көтермесе, қазақша контенттің бәсін бұрынғысынан биіктетеміз дегеніміз бос әңгіме.
Біздің бір осал тұсымыз бар. Сол біздің көп жерде жолымызды жабады. Жасаған дүниемізді жарнамалауға келгенде жасқаншақпыз. Егер жетістпей тұрғанды жасырып, жақсылықты асырып, жарнамалай білсек, қазақша контент әлемдік медиада әлдеқашан өз сүрлеуін салған болар ма еді, кім білсін?!

Арайлым ЖҮСІПОВА
04 қараша 2023 ж. 175 0

Ұлттық тәрбие құндылығы

07 қыркүйек 2024 ж. 70

Зейін неге тұрақсыз?

07 қыркүйек 2024 ж. 69

Бірлік пен берекенің ұясы

07 қыркүйек 2024 ж. 69

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30