Қазақстанда 13,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 733 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 564 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 599 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 592 және 549 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 639 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 790 адам тартылды.
Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда 455,5 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – қызметкерлердің жалпы санының 99%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 222 адам (30,7%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 686 адам (12,2%), әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 652 (12%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 276 адам (9,2%), өңдеу өнеркәсібі – 1 300 адам (9,4%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 806 адам (5,8%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 059 адам (29,6%), Өзбекстан – 1 815 адам (13,2%), Үндістан – 1 192 адам (8,6%), Түркия – 1 068 адам (7,7%).