Ұрпақтары баба рухын ұлықтады
Қазақ халқында тәуелсіздікті нығайтуға, ел бірлігінің тұтастығына елеулі еңбек сіңірген бабаларымыз аз болған жоқ. Соның бірі – Сейітқұлтегі Ақшаұлы Шал баба.
Биыл батыр бабаның туғанына 400 жыл толып отыр. Соған орай еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген баба ұрпақтары Құмжиек ауылдық округінде бас қосты.
Ауыз біршіліктің ерен үлгісін көрсеткен баба ұрпақтары Қ.Пірімов ауылының төрінде ас беріп, мәдени көпшілік іс-шараның өтуіне ұйытқы болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, баба рухына құран бағыштап жатқан жандарға ризашылығын білдірді.
- Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Өткеніне бейжай қарамайтын Сіздердің бұл істеріңіз көпке үлгі. Мұндай бірліктің үлгісін сөзге тоқтай білетін, бірлікте болатын жандар ғана жасай алады.
Бүгінгі жасап жатқан тағылымы мол мәдени шараларыңыз берекелі болсын! Берген қонақасыларыңыз қабыл болып, - деген аудан басшысы астың өтуіне белсене атсалысқан жандарға аудан әкімінің “Алғыс хатын” табыстады.
Мұнан соң Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов пен Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы Нәжмәдин Мұсабаев сөз сөйледі.
Кеш гала концертке ұласып, жиналған көпшілік аудан өнерпаздарының әсем әннен шашуын тамашалады.
Шара аясында облыстық волейбол және аудан көлемінде ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздары анықталды. Атап айтсақ, қой, гір көтеру, асық ату, арқан тартыс, қол күрес сайыстары өтті.
Бұдан бөлек, баба рухына тағзым ету үшін арнайы кесене бой көтерді. Кесененің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов пен аудандық ардагерлер кеңесінің Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, өздерінің ыстық лебізін білдірді.
Айта кетейік, ертең Қ.Пірімов ауылында ауқымды ат бәйгесі өтетін болады. Тізгін тартқан шабандоздар аламан, тай, құнан бәйге бойынша мәре сызығын кеседі.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат