Ел үмітін ер ақтар
Отан дегенде көзге ең алдымен не елестейді? Алдымен кең байтақ атамекен. Дархан дала төсінде тай-құлындай тебісе өскен бала мен бар мейірімін бойына дарытқан әке-шеше. Бейбітшілік. Көк аспанда еркін қалықтаған қыран, желмен желбірейтұғын көк байрақ. Иә, тәуелсіз елдің болашақ ұрпағы осындай тыныштықта бейбіт өмір сүруде. Әсілінде бізге бұл оңай жолмен келген жоқ. Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан ата-бабаларымыз «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсады, армандады. Оңайлықпен келмеген бейбіт күн бақ болып басымызға қонды.
ТУАДЫ ЕРЛЕР ЕЛ ҮШІН
1991 жыл, 25 қазан. Н.Назарбаевтың жарлығымен Қазақ КСР мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылды. Одан соң республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшу үшін қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жыл, 7 мамыр. Президент жарлыққа қол қойды. Қазақстан аумағында орналасқан қарулы күштер мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Иә, дәл осы күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деген тарихи датаға енді. Қазір Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін анықтайды, өз аумағында әскердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрама мен арнайы әскерлерден тұрады.
«Отан қорғаушылар күні» дегенде көз алдымызға не келеді? Алдымен, форма киген сарбаздар, әскер, қорғаныс істері қызметкерлері ойға оралады. Дегенмен ел қорғаны болу иыққа таққан шенге не қаз-қатар сап түзеген әскерге байланысты емес. Бастысы – Отанына адал, елін, жерін сүйген нағыз патриот болу. Жігіт әскерге барып-келсе арқадан қағып, нағыз өмірге шыңдалып келдің дейміз. Әрине, батылдыққа үйретіп, айбыныңды асыратын да сол – әскер. Ол – елім деген жас жалыннан құралады. Ал осындай жалынды жастардың басын біріктіріп, Отан қорғау ісіне шынықтыруға әскерге аттандыратын аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бар.
Мұнда жұмылдыру, азаматтарды мерзімдік әскери қызметке жіберу, келісім-шарт бойынша әскери қызметке тағайындау, әскери-оқу орындарына қабылдауға құжаттар дайындап, тілек білдірген түлектердің оқуға түсуіне қолдау білдіру, соларға үгіт-насихат жүргізіліп отырады. Әрі әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді есепке алумен, запастағы офицерлердің есебін жүргізумен айналысып, жиындар өткізеді. Жалпы аудандық бөлім облыс көлемінде алдыңғы шептен көрінуде. Жылына екі мәрте әскерге шақырылым ұйымдастырылатын болса, сол науқанда бірнеше бала әскерге аттандырылуда. Ал әскерге барғысы келмейтін жігіттерге ұдайы насихат жұмысы жүргізіліп, рейдтер өтеді. Оған аудандық білім, ішкі саясат бөлімдері мен кент, ауылдық округ әкімшіліктері қолдау көрсетеді. Онымен қоса, Ауған, Тәжік-Ауған соғыстарының ардагерлері, Чернобыль, Невада-Семей ардагерлері, жалпы қоғам болып жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге баруға үлесін қосып келеді.
Иә, «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі болып қала бермек.
ЕР ҚАДІРІН – ЕЛ БІЛЕР
Бұл соғыс кімді аяды дейсіз? Біреуді жалғызынан айырып, біреуді жапан түзде оққа ұшырды. Бірін әкесінен, бірін бауырынан ажыратты. Бірін зар илетіп, бірін мүгедек етті бұл соғыс. Азаннан қара түнге дейін ұлын күткен ана, қара қағазын қолына қысып, жолын тосып, зар жылады. Бүгінгі ұрпақ мұны көзбен көрмесе де талайын жылатқан жаңғырық әлі құлақ түбінде тұрғандай. Иә, жер бетіне шығыны мен орны толмас қасіретін әкелген Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына – 79 жыл. Ешкім, ешқашан ұмытылмайды.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі. Бейбіт аспан аясында көк байрағымыздың желбірейтін, халқымыздың жасампаз айбынын көрсететін күн. Бұл – батырлық пен батылдықтың, жанқиярлық пен жүректіліктің мерекесі. Тұтқиылдан дұшпан қарсылығына ұшырап, жау күшінен әлдеқайда әлсіз әскердің төрт жыл дегенде бес қаруын асынып, жеңіске жетуі – халқымыздың бойындағы қайсарлықтың белгісі еді. Ұлы даланың ұлдары соғыс майданында намысты қолдан бермеді. Жау шебіне атой салған 500-ден аса қазақстандық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, олардың 96-сы өз ұлтымыздан болғанын есімізден қалай шығармақпыз. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованы ұмыту мүмкін емес. Майданға алынған 1 млн 200 мың қазақстандық аттанды. Қазақ соғыс кезінде сталиндік қуғын-сүргінге тап болған талай ұлт пен ұлысқа құшағын ашып, талайына пана болды. Жеңісті жақындатуда соғыс шебінде кескілескен ұрыс жүріп жатса, тылда да жанкешті еңбек майданы жүріп жатты. Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңін бүкіл Кеңес одағы жатқа айтты. Барлық радиолакацияда күніне бірнеше мәрте қайталанды. Рух берді, демеу болды, дем берді.
Естеліктер, қуаныш, сағыныш. Мұндайда сұрапыл соғысты есіне қайта түсірген аталарға қарап тағы мұңаямыз. Басынан не өтпеді десеңші. Сондағы батыр әкелердің соғысқа қатысқаны – ұрпағының, яки біздің бейбітшілікте өмір сүруімізді қалағаны еді. Осылайша олар аттың жалында, түйенің қомында жүріп бізге бейбіт өмірді сыйлады. Уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің маңызы артып келеді. Ал бізге нағыз патриоттықтың үлгісін көрсеткен аталардың қатары сиреп кеткен. «Біздің көрген соғысты сендерге Алла көрсетпесін» дейтін олар. Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол Ұлы Жеңісті әкелді де. Зұлмат жылдың ізі өшкен жоқ әлі. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар, сірә? «Майдан», «тыл» деген атау ғана. Әйтпесе, бірі – мылтықты, бірі – мылтықсыз. Екеуі де жанкешті шайқас болатын. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген еді Бауыржан Момышұлы. Сол еңбекпен біте қайнасып, талмай-тынбай қызмет еткен тыл ардагерлері қазір арамызда бар. Өкініштісі олардың да арасы сиреп бара жатқаны. Уақытқа кім тоқтау болар дейсіз?
Ер азаматты оқ, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді ол кезде. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды. Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай бала «әкешім» деп жылады. Бір кездері айдарынан жел ескен ер-азаматтар ауылы ақжаулықтылар ауылына, жайнаңдаған жастар мекені қариялар мекеніне айналған сол бір қасіретті шақты ойға алсаң жүрегің сыздайды. Иә, сұрапыл соғыста қаншама адам қыршыннан қиылды. Олар Отан үшін өз жанын пида етті. Ал олардың әрқайсысының анасы, баласы, сүйген жары, үлкен арманы бар еді. Алайда олар елге қауіп төнгенде оның барлығын құрбан етті. Бұл – шынайы ерлік болатын. Отан үшін отқа түсіп, өскелең ұрпаққа Жеңіс сыйлаған әрбір ардагерге бүгінде ұрпақтары тағзыметеді.
...Ресей мен Украина арасындағы дау ушығып, соғыстың қызыл алаңына айналды. Палестина мен Израиль ше? Көркем қалалардың тас-талқаны шығып, бейбіт тұрғындар қаза табуда. Қазіргі бұл соғыстың зардабы бір емес бірнеше елге тиіп, бірнеше компаниялардың қызметі тоқтады. Арадағы алауыздықтан біздің елдің адамдарының ойы да екіге бөлінді. Ой сан-саққа кеткен талайы соғыстың оңай емесін ұқты. Жанын шүберекке түйіп, бейбіт заманда бейбіт адамның оққа ұшқанын көру, есту кімге де болмасын ауыр. Әлемде соғыс болмасыншы...
Айнұр ӘЛИ