Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәрмеңкеден жолдама немесе жастар неге жұмыссыз?

Жәрмеңкеден жолдама немесе жастар неге жұмыссыз?

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ғимаратында жұмыссыздар мен жұмыссыз жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мұнда жиналғандардың қарасы көп. Әрқайсысы өзіне қажет жұмыс іздеп, бос орынға ниетті. Нәтиже қандай?
«Біздің кезімізде оқу аяқтаған студентті жолдамамен жұмысқа өздері жіберетін. Ол уақытта «жоқ» дей алмаймыз. Бұйырған жерге барып, жұмыс істейтінбіз» деді үйдің кіттәй кемпірі шайын сапыра сөйлей. Сірә, кеше ғана есік алдында топ болып төбелескен жас­тарды көріп ызаланса керек. «Көйлегі көктік, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын деген осы ғой» деді де ішінен мырс етті. Ойланып қалдым. Ауылдағы жастардың осынша сенделуіне не себеп?
Бір аптада бір емес, бірнеше рет бұзақылық жасап, көше бойында тіпті үйіне кіріп бір-бірін соққыға жығу үйреншікті жағдайға айналып барады. «Район» деп алқынған жастар арасында аймақта жыл сайын суық қарудан жазым болғандар кездеседі. Артында әке-шеше ұлсыз, зайыбы жесір, балалары жетім қалады. Бұзақылықтың бастауы қайда дерсіз? Алдымен үйдегі тәрбие. Бірақ ата-ана баласын жаман болсын демейді ғой. Мектеп. Ұстаз да өзгенің баласына білім беріп, оның адам болып қалыптасуына септігін тигізеді. Мүмкін қоғам. Бірақ қоғам оны мәжбүрлемейді. Орта. Баланың өзіндік ойы, ұстанымы болмаса, әрине, ортаға еруі әбден мүмкін. Ал ауыл жастарының өзі жұмыссыздықтың жоғы себеп дейді. Расымен, бірде әскерден қашқан жігіттердің үйіне барғанбыз. Қарапайым үйлер. Ал әскерге аттанатын жігіт Астанада «стройкада» жүр. Әке-шешесі асыраушымыз осы ғана дейді. Батқан қарызды да жабатын сол жап-жас жігіт екен. Егер ауылда жұмыс болса, сыртта жүріп не тәйірі? Мамандардың айтуынша, жұмыссыз жастарға жоқ емес, жұмыс бар. Бірақ менсінбейді. Айлығын, жұмыс дәрежесін ұнатпайды екен. Маңдай термен келген нан тәтті дейміз ғой. Бірақ біздің қоғам оны көтермейді. Мемлекеттен жәрдем ал, кәсіп аш, мүмкіндік көп дейді. Бірақ кей жастың жалқаулығы басым. Қош. Бірін айтып, бірін қойып жатырмыз. Жұмыс іздеген жандарға бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Соның бірі жақында ғана жастар үйінде өтті.
Жәрмеңке барысында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев, Қазалы ауданының Мансап орталығы филиалының директоры Болатбек Баймаханов пен тиісті мамандар және жұмыс берушілер тарапынан жұмыс іздеушілердің сұрақтарына жауап беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жәрмеңкеде ауданға қарасты 25 мекеме мен жеке кәсіпкерлерден 131 бос жұмыс орындары және 2024 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 22 жоба бойынша құрылыс жүретін уақытқа 65 уақытша бос жұмыс, Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жастар тәжірибесіне 255, әлеуметтік жұмыс орнына 3, алғашқы жұмыс орнына 24, ұрпақтар келісім шартына 4, қысқа мерзімді оқу курсына 30 бос орындары ұсынылып, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 146 адамға қаржы қаралғаны хабарланды.
Жәрмеңкенің нәтижесінде 12 жұмыссыз адамға тұрақты жұмысқа, 5 жас маманға жастар тәжірибесіне және 5 жұмыссыз адамға әлеуметтік жұмысқа жолдама берілген.
Жалпы жастар еңбек ететін жұмыс салаларының алғашқы бестігіне сауда, ауыл және орман, балық шаруашылығы, білім, құрылыс, мемлекеттік басқару, қорғаныс кіреді. Әр жас өзі қалаған мамандығымен, өзінің қарымы мен қабілеті ауған салаға барса дейсің. Сол кезде нағыз өз ісінің маманы болып жетілуіне мүмкіндік көп. Ал ауыл жастарының топ-топ болып қылмыс жасап, бір-бірімен итше жұлысуын қандай жолмен шеше аламыз?
Алдымен әр бөлім, оның ішінде білім, кәсіпкерлік бәрі бар, әр аптада ашық есік күнін өткізіп тұрса. Мәселен, не істерін, жолын білмеген жасқа ерікті түрде жол сілтеп, бағыт көрсетілсе. Одан соң қарапайым қол жұмысын істеп жүрген ауыл жастары өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылса. Егер мемлекеттен берілер гранттан үмітті жас болса, оның жасаған жобасының жүзеге асуына, дұрыс кәсіп бастауына жол көрсетілсе. Әрине, кәсіпкерлігі дамыған ауылдың жастары жұмыссыз жүрген жоқ. Өйткені ол сол ауылдың шаруашылығында білек сыбана еңбекпен біте қайнасып жүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ жастар ше?

Айнұр ӘЛИ

30 сәуір 2024 ж. 194 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031