Ұлт ұлыларын ұлықтайтын баласы бар ел тозбайды

Балаларға білім мен тәрбиені қазақы құндылықпен дарытуды көзген мектептің ауқымды шарасына аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен мектеп директорлары қатысып, ұлттық педагогиканы енгізу әдістерімен танысты.
Семинар Абайдың дүниеге келуін суреттейтін қойылымнан бастау алды. Мұнан соң «Асыл әжелер» мектебі «Желсіз түнде жарық ай» әуенін шырқады. Меймандар сонымен берге мектеп ауласында ұйымдастырылған көрме, жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары, табиғат аясындағы кітапхана ерекшеліктерін ойға екшеледі.
Ал мектептің кіре берісіне жайғасқан «Балбөбек» оркестрі «Көзімнің қарасы» әуенін түрлі аспаптың үнін үйлестіре отырып орындап берді. Шара барысында Абай шығармалары жинақталған арнайы кабинеттің лентасы қиылып, ұстаздар өздері ойлап тапқан әдістемелік құралдарын көрсетті.
Аудандық семинар барысында Мейрамбек Жұмашев басшылық ететін мектеп мұғалімдері шебер сыныптар, дебат, театрланған қойылым ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға келген ұстаздардың ризашылығына бөленді. Ұлттық педагогиканы жетілдіруге бағытталған шараның жоғары деңгейде ойластырылғанын ауданның бас ұстазы да тілге тиек етті.
– Ең алдымен ұжымның ортақ іске, әсіресе, Абайды дәріптеуге, ұлттық құндылықты ұлықтауда ауызбірлік танытып, жабыла жұмылғаны көз тойдырады. Мұғалімдердің жаңашылдыққа ұмтылысы осындағы оқушылардың ізденімпаздылығын оятары сөзсіз.
Абайдың қара сөздерін жатқа айтып тұрған ондаған шәкіртті көріп, тәнті болдым. Олар бас ақынның үзік түйіндерін шын ұғынып, жан дүниесімен сезінгендей көрінді. Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенттерін ұмытпайтын, олардың ұрпағына алаң болып жазған хатын ұлықтайтын балалары бар ел ешқашан тозбайды. Сондықтан ұлттық құндылықты төрге шығарған шараны ұйымдастыруға атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін, — деді Әділхан Оңдасынұлы.