Қазалылық қаржыгерлер кәсіби мерекесін атап өтті
Бүгін Қазалы ауданында 15 қараша - Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтіп, қазалылық қаржыгерлер құрметке бөленді.Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
-Ел экономикасының дамуын оның күретамыры саналатын қаржы жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Қаржы саласы – мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына, өңірлердің өркендеуіне тікелей ықпал ететін аса маңызды сала. Қазалы ауданының экономикалық дамуындағы өзгерістерді де қаржы саласының қалыптасу тарихымен сабақтастыра қарауға болады. Мәселен, 1993 жылы аудан бюджетінің көлемі 171 млн. 886 мың теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 18,9 млрд. теңгеге жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне деген айрықша қолдауы, аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауы және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен ауданымызда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, маңызды бастамалар қолға алынуда. Атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелердің барлығында қаржыгерлердің кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегі жатыр. Әрбір жобаның артында нақты қаржылық есеп, дұрыс жоспарлау, қаражаттың тиімді бөлінуі мен мақсатты игерілуі тұр. Жауапты мамандықты абыроймен меңгеріп, қазыналы Қазалының көркеюі жолында табанды еңбек етіп жүрген Сіздерге аудан халқының және өз атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді аудан басшысы.
Бұдан кейін ауданның экономикалық әлеуетінің артуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары облыс және аудан әкімінің, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, сала ардагерлеріне аудан әкімінің мерекелік сыйлықтары ұсынылды.
Айта кетейік, 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Бұл еліміздің экономикалық тәуелсіздігін айқындаған маңызды тарихи қадамдардың бірі болды. Содан бері төл теңгеміз ұлттық экономиканың дамуына, қаржы жүйесінің қалыптасуы мен нығаюына қызмет етіп келеді. Ал 1997 жылдан бастап 15 қараша – Ұлттық валюта күні әрі қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіліп келеді.











