Көп қабатты үйлер тазалығы көңіл көншітпейді
Қазалы ауданында – Жанқожа батыр, Қ.Пірімов, В.Счастнов, желтоқсан, Үмбет би сынды көшелер бойында бірнеше көпқабатты тұрғын үй бар. Аталған көшеде орналасқан көпқабатты үй тұрғындары жыл сайын жылу мен жарық жәнеауыз су мәселелерімен күресіп келеді. Бұл түйткілді шешпек мақсатта тиісті орындарғы талай-талай шығып, «Ең болмаса осының бірі шешімін тапса» деп үмітін үзбей отырған ағайын жуырда «Жығылғанға жұдырық» болған тағы бір мәселемен бетпе бет келді.
Несін жасырайық, кенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің кейбірі сырты бүтін, іші түтін кейіпте. Өткен жылы бірқатар тұрғын үйдің сырты көріктендірілгенде етек-жеңімізді жинағандай түр танытқан болдық. Алайда ауданда алба-жұлбасы шығып, сыны да, сыры да кеткен көпқабатты үйлерді табу қиынға соқпайды. Көпқабатты тұрғын үйлердің күтіп-баптап ұсталуына басымен жауап беретін бірден-бір мекеме – пәтер иелерінің кооперативі. Олардың әр мөлтек ауданда өздеріне қарасты көпқабатты тұрғын үйлері бар. Қоржын қалтасына мемлекеттен көк тиын ақша түспейді. Бәрі жеке.«КСК»...Қазір бұл атау абыройдан жұрдай. Бар болғаны қарыз іліп кетумен шектеледі. Тындырып жатқан жұмыр ісін көз шалмайды.
Осыдан бірер апта бұрын В.Счастнов, желтоқсан көшесіндегі көпқабатты үй ауласындағы қоқыс жәшіктері төңкеріліп, әжетхана тазалықсыз, кәріз жүйелері тартылусыз қалды. Бұл – тағы да сол кенттегі мөлтек ауданы, көп пәтерлі тұрғын үйдің жай-күйіне жауапты орын тарапынан жасалып отырған іс. «КСК-нің» қоқыс жәшігін төңкеріп, енді жинамайтынын айтып, жауаптан жалтаруы осындағы ағайындардың әжетхана есігін жөндеуді, ретке келтіруді сұрауынан басталып отыр. Тозығы жеткен әжетхана есіктері белгісіз «есерсоқтардың» әрекетінен сынып, түгі қалмаған.Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де жауаптылар «КСК» тарапынан әжетхананы жөндеу, үйді күтіп ұстау сынды істер атқарылмаған.
–Темір жәшіктерді төңкеріп кеткелі қоқыс таудай үйіліп, лық толып қалды. Оған үймелеп келіп жатқан қаңғыбас иттің қарасы қалыңдады. Кеше әжетхананы жөндеуін сұрағанымызда кейбір тұрғынның коммуналдық төлемдер жасамағанын сылтауратып, кәрізді, әжетхананы тартпай қалды. Енді зиянын біз шегіп отырмыз. Ай сайын төлемді кешікпей беріп жүрміз. Бірақ қолма-қол немесе Алмагүл есімді ақша жинаушы азаматшаның каспиына саламыз. Бұл қаншалықты дұрыс және заңды? Төлеп болған соң түбіртек сияқты қолмен жазылған қағаз аламыз. Онда үйді күтіп ұстауға да ақы төлейміз. Бірақ өкінішке орай үйді ретке келтіріп жатқан бір жан жоқ. Әкімдіктен бөлім мамандары сенбілікке шыққанда қалтасынан қаражат шығарып, сырлап-әктейтіні бар анда-санда. Бірақ ол «КСК» тарапынан жасалып жатқан жұмысқа жатпайды ғой. Басқасын айтпағанда бүгінгі жайымыз осы, – дейді желтоқсан көшесінің тұрғыны Сәуле Әлиқызы.
Тұрғындар базынасын тыңдап болған соң, «КСК» қызметі мен талаптарын зерттеген едік. Мәжілістегілер тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшу туралы бірқатар өзгерістер әкеліп, сенатқа ұсынған. Кейін заң қабылданып, «КСК»-нің жұмысы 2022 жылдың 1 шілдесінде тоқтауы қажет болған. Алайда сенат енгізген өзгерістердің арасында кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына – мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестікке көшу мерзімін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартқан. Заң түзетулеріне орай, «КСК» жұмысын жалғастыратын болып шешті. Бірақ жауапты орынның бұрынғы міндеттемелерінің кентте орындалмай келе жатқанын да айта өткен жөн. Мәселен, тұрғындар шешіміне құлақ асу, жиын өткізіп, есеп беру, екінші деңгейлі банктен арнайы шот ашу, кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүліктерін күтіп ұстау сынды жұмыстар толыққанды жасалмаған.
Жалпы біздің бұл тақырыпты қозғауымыздың өзі ашыған жараған тұз сепкендей болды. Себебі халықтың «КСК»-ға өкпесі қара қазандай. Екінің бірінің көңілі толмайтын халге жеткен. Шақшадай басы шарадай болып босып, жаны мұрнының ұшына тақалған тұрғындар енді не істейді? Көмекті енді кімнен күтеді?
Серік АҚМЫРЗА