Аудан әкімі көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Әйтеке би кентіндегі Т.Айбергенов көшесі №4 және №10 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Негізгі мәселе тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, оны шешу жолдарын қарастыру.
Аудан орталығындағы осы көпқабатты үйлердің тұрғындары көптен бері үйдің шатырын ауыстырып, жылу жүйесін тартып беру жөнінде мәселе көтеріп жүрген болатын. Алайда бұл үйлерді жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Себебі бұл баспаналар жеке тұрғындарға тиесілі. Сондықтан да көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуді кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылу жағы қарастырылуда.
– Өздеріңіз білесіздер, жеке тұрғын үйлерді жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Сол үшін біз ауданда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, демеушіліктің есебінен жөндеп беруге өтініш айтып жатырмыз. Қазіргі таңда бір азамат 1 үйдің шатырын жөндеуге келісім беріп отыр. Ал, екінші үйдің шатырын жөндеу үшін кәсіпкерлер іздестірілуде, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ал, қос көпқабатты үйге жылу жүйесін тартуға қажетті қаржыны есептеуді «Қазалы Теміржолжылу» ЖШС директоры Нұрылда Әбілдаевқа тапсырылды.
– Тез арада бұл үйлерге тартылатын құбырлардың қаржысын есптеп шығару қажет. Қаржы көлемі анықталған соң тығырықтан шығар жолды қарастырамыз. Себебі қыс болса таяп қалды. Сондықтан тағы да ауданның кәсіпкерлеріне қолқа саламыз. Алдымен қанша қаражат керегін есептеп алайық, – деген аудан басшысы туған жерге жанашыр азаматтар көмектесетініне сенім білдірді.
Аудан әкімімен кездесуде тұрғындар көпқабатты үйлердің алдындағы ескі сарайлар бұзылып, оның орнына балалар ойнайтын алаңдар салынып, абаттандырылса деген ұсыныс-пікірлерін айтты. Тұрғындардың ұсынысын қолдаған аудан басшысы Мұрат Ергешбаев кент әкіміне тұрғын үйлердің алдын абаттандыруға байланысты жоба-сметалық құжаттарды дайындауды тапсырды.
"Қазалы" ақпарат