Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашылдыққа құмар жасыл балабақша

Жаңашылдыққа құмар жасыл балабақша



Бүгінде мамандар дүниеге келген сәбилерді Альфа ұрпақ қатарынан дейді. Олар сәби кезінен бастап өзін-өзі жоғары бағалаумен ерекшеленеді және үлкендермен бір деңгейде тіл табыса алады. Олар «Неге?» деген сұрақты бірнеше рет қоюдан тартынбайды. Алған білімін күнделікті өмірде қалай қолдануға болады, сол жағына көбірек алаңдайды. Оларды ойыншық пен киімнің түр-түрін, заманауи гаджеттерді көріп жүргендіктен, таңғалдыру қиын. Белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тез жоғалтады. Технология әлемінде өсіп келе жатқандықтан, гаджет пен ғаламторсыз өмірді елестете алмайды. Сол себепті өте мобильді, шешімді тез қабылдай алады.
Ғалымдардың зерттеуінше, олар кез келген гаджетті немесе смартфонды екі жасқа дейін оңай игереді. Ал алты жасында заманауи онлайн технологияны, соның ішінде интернет-банкингті және шот ашуды ұсынатын қызметтерді қолдана алады. Бұл аралықтағы балақайлар техникалық жаңалықтарға тез бейімделетіні анықталған. Осы ретте бөбекжай-балабақшалар материалдық базасын жаңалыққа құмар, алғыр балаларға бейімдеп, тәрбие процесін дамытуға күш салуда. Соның бірі – №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасы бөбектерді экологиялық әдепке, заманның озық технологиясымен сауаттандыруға бағытталған «Жасыл Қазақстан жасыл балабақшадан басталады» жобасын іске қосты. Ондағы мақсат – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдау, табиғатты аялауға және экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруды діттеу.
Жаңашылдықты көздеген жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, ардагер-ұстаз Қадірбек Бекетов, білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп басшылары мен балабақша, шағын орталық меңгерушілері қатысты. Олар ең алдымен көлеңке театры мен бал-бөбектердің робот кейпіндегі қойылымын тамашалады. Бұдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Оңдасынұлы жоба үйлестірушілеріне сәттілік тіледі.

– Қазалы ауданы экологиялық апатты аймаққа жатады. Оның салдарымен күресте әкімдіктерден бөлек, білім саласы да қоршаған ортаға пайдалы шараларды қолға алуда. Мектептер мен балабақшалар аумағын абаттандыру, көшелерді қоқыстан тазарту сынды туған өлкені аялауға бағытталған істен қалыс қалған емес. Басқосып отырған «Балапан» балабақшасының ауласы көктем шықса көкке оранатынын және көздің жауын алар гүлдермен көмкерілетінін көріп жүрміз. Мұндай білім беру мекемелері ауданда аз емес.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағиданы ұстанып, мұндай жанашырлықты бала бойына ерте жастан сіңіру бағытындағы жұмысқа ұдайы қолдау көрсетеміз. Үйде де электр энергиясын үнемдеу, судың да сұрауы барын түсіндіреміз. Бұл жоба табиғатты аялаудан бөлек бүлдіршіндердің инновациялық жобаларға қызығушылығын арттыруды көздейді. Сондықтан алдағы семинар-көрмелерде облыстық деңгейде өткізуге күш саламыз, – деді Әділхан Жөлекешов.
Табиғатты қорғауды дәріптейтін жоба бала бәйтерегімен танысудан басталды. Қолдан жасалған ағаштың әр бұтасында осында тәрбие алатын балақайлардың суреттері ілінген. Келушілер «Ойна да ойлан» шахмат үйірмесін тамашалады. Мұнда балалар жүре ойнауға арналған шахмат фигураларымен қозғалып, қызықты ойын өрнегін көрсетті.
Қызықты жоба бойынша ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, қазақы шаңырақпен, ою-өрнекпен көмкерілген бөлмеде қыз балалар кесте тігуге, жүн сабап, оны ұршықпен иіріп, текеметке ою басуды әліппесін үйренеді. Бағдарлама бойынша келесісінде «Екінші өмір сыйла» музейі жасақталған. Қатысушылар музейдің лентасын қиып, құлыншақтар қалдық заттардан жасаған көрнекі құралдармен танысты. Құты қақпағынан құрастырылған кілемше, пернетақта батырмаларынан жасалған гитара, әшекеймен көмкерілген алып ағаштың бейнесі жиналғандарды таңғалдырды. Қоқыс пакетінде билеген робот, қалдықтан құрастырылған алыстан басқарғыш көлік, балалардың садақ жебесін нысанаға дәл тигізуі көптің көңілінен шықты.
Мұнымен тоқталмай, жалғасын тапқан жоба бойынша балабақшада «Ұлағат» әкелер клубы, «Бестемше», «Әжем айтқан ертегі» үйірмелері, су асты әлеміне саяхат, жасыл аймақ, мобильді кітапхана ұйымдастырылған. Қонақтарға «Мен өскенде кім боламын?» тақырыбында кішкентай мамандар түрлі қызмет көрсетті. Мұнан басқа балалар балшықтан кесе жасап, қол маторикасының жетілдіру жолдарын көрсетті. Білім саласының өкілдерін су асты әлеміндегі жан тыныштығын сыйлайтын тіршілік нәрінің сыбдыры ерекше тәнті етті. Арнайы құрылғымен басқарылатын ауада қалықтаған балықтар мен сандығынан алтын үлестірген су асты перісі қиял-ғажапқа толы әлемге енгізді. Жасыл аймақтағы қос тоты құс пен теңіз шошқасы және аквариумдағы ұлу мен балықтар шаршаған көздерді тынықтырды. Бұл бұрышта балалардың шығармашылығына мән берілген. Олар жасанды табиғат аясында сурет салумен айналысады.
Құлыншақтардың ғылымға деген бейімділігіне риза болған Әділхан Оңдасынұлы балабақша ұжымының жобаға айтарлықтай күш салғанына алғаусыз алғысын білдірді. Ұжымның ауызбіршілігіне тәнті болып, ұйымдастыру мен шығармашылық жұмыстың жоғары деңгейде жүргізілгенін жеткізді.
Балабақша меңгерушісі Сәуле Мұқашованың айтуынша, атқарылған істің нәтижесі бойынша балаларды табиғатпен қарым-қатынас жасауды және салауатты өмір салтына қалыптастыруға көмектеседі. Қалдық заттарды сұрыптап, ойыншықтар дайындау арқылы оларды сүйікті әрекетімен айналысуға бейімдеуде.
– Осы жобаны қолға аларда әріптестерім көп қолдау көрсетті. Оларға алғысым шексіз. Барлығы бірауыздан бірігіп, әртүрлі идеяны ұсынды. Барынша қызығушылықпен ауқымды жұмыс атқарды. Еңбек пен ізденістің арқасында осыншама дүниені іске асырдық. Алдағы уақытта да әрі қарай дамуымызды тоқтатпаймыз. Жаңашыл жобамызды тамашалауға келгендеріңіз үшін риясыз ризашылығымды жеткіземін, – деді Сәуле Мұқашова.
Тәрбиешілер тағылымы мол жиынның шымылдырығын музыкалық көрініспен жауып, жиылғандарға табиғи өнімнен әзірленген сый ұсынды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

05 наурыз 2024 ж. 487 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031