Атомдық аждаһа: аңыз бен ақиқат
Семейдегі ядролық жарылыс жазылмайтын жара іспеттес. Ел санасынан өшпейді, салқын лебі ешқашан басылмақ емес. Қара жерді қайыстырған жарылыс қаншама жанның өмірін жалмап, сан мыңдаған адамның жарық дүние есігін ауру болып ашуына түрткі болды. Жасыл желекке оранған кең жазиралы даламыз көк түтіннің астына көмкеріліп, тіршілікті түп тамырымен жойып жібергендей болды. Арада 35 жылға жуық уақыт өтсе де, Семейдегі сұм сынақ жүректерді әлі сыздатып тұр.
Сұрапыл күндер сұмдығы
1949 жылдың 29 тамызында таң сібірлеп атып, сағат жетіні соққанда қып-қызыл шоқ тәріздес отты доп Жерді ортасынан ойып түсіріп, күлі көкке ұшты. Шарпыған жалыны айналаға жылдам тарап, жан-жақты түгелдей жалмағандай еді. Семейге жақын орналасқан ауыл-аймақ болып жатқан жарылысқа қарап, жүрегі алқымға тығылғандай күй кешті. Тіршілік үшін күресіп, жансақтауға жанталасқандар бір мезетте отқа оранды. Бұл жарылыстың боларынан бейхабар болған тұрғындарға мамандар №2 полигонында РДС-1, зымырандық көрсеткіш снаряды сынамадан өтіп жатыр деп түсіндірген. Бірақ бұл сынақ – адамзат тарихындағы ең алып ядролық жарылыс еді.
Аталмыш полигон Қазақстан аумағында 1949-1989 жылдары аралығында жұмыс істеді. Ол 18500 шаршы шақырым аумақты қамтыған. 40 жылға созылған уақыт ішінде мұнда 468 ядролық, термоядролық және сутек қаруының жарылысы болған. Оған 600-ден астам ядролық құрылғылар қолданылды. Білуімізше, жарылыстар тек жер бетінде ғана емес, жер астында, сондай-ақ ауа мен суда да жасалған. Зерттеушілердің дерегінше, осы аумақта сынақ болған барлық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе көп болған.
Кеңес өкіметі ядролық қаруды Қазақстанның Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына жақын елді-мекендер маңында сынады. Радиоактивті шөгінділер 1,7 миллионнан астам адам өмір сүретін аймаққа дейін тарады. СЯСП кесірінен Қазақстанның шығыс бөлігі түгелдей дерлік радиацияланды, ал кейбір аудандар экологиялық апат аймақтарына айналды.
Сынақ зардабы сан ғасырға созылады
Бейқам жатқан жандардың төбесінен жай түсірген жарылыс жай ғана терезелердің шытынап, қабырғаның құлауына алып келген жоқ. Сондағы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай залал әкелді. Зауал дегеніміз жай сөз болатын да шығар, бәлкім. Дұрысын айтсақ, жазылмайтын жара қалдырды. Жарылыс аумағында тараған улы газды адам ағзасын адам танымастай өзгерістерге ұшыратты. Тосыннан түскен бомба төтесінен түсіп, тұрғындарды есеңгіретті де. Алдын ала ескертілместен болған жағдай сол уақыт біршама жанды жалмаса да, ол жерден тұрғындарды көшіру мәселесі төрт жылдан кейін ғана көтерілді. Өкініштісі, бұл уақыт аралығында сынақтың салдарынан бейбіт тұрғындар өмірімен қоштасып үлгерген еді. Ал тірі қалғандарға түрлі дерт жабысып, қатерлі ісік ауруы үш есеге дейін өсті. Сондай-ақ өкпе, сүт безі қатерлі ісігінен талай тұрғын зардап шегіп, тәнімен қоса жаны да азапқа түсіп, ақыл ойына зақым келді.
Полигон маңында өмір сүретін адамдар бірнеше ондаған жылдар бойы радиация зардабын көріп, ядролық қару сынағынан бүгінде 1 миллионнан астам қазақстандық зардап шегіп отыр. Туа біткен аурулар, кемтарлық, жүктіліктің тоқтауы, қатерлі ісік қаупі артуы, иммун жүйенің зақымдануы, генетикалық ауытқулар, зағип атану, жүйке жүйесінің ауруы – мұның бәрі СЯСП-тің қазақстандықтарға тигізген зардабының бір бөлігі ғана. Зардап шеккендердің сөзінше, билік көп уақытқа дейін ауру мен ауытқулардың полигонға қандай да бір қатысы барын жоққа шығарып келген. Дүние есігін жаңа ашқан сәби сау емес, сал болып туылды. Тіпті көз тастап қарауға батылың бармайтын қорқынышты кейіптегі, турасын айтсақ "сүйкімсіз сәбилер" саны артты. Әрбір құрсақ көтерген әйел сау баланы өмірге әкелсем екен деген арманмен өмір сүрді. Алайда бұл көпшілікке бұйырмаған бақыт еді. Өйткені сынақ салдары қанша уақыт өтсе де, созылып жатыр. Сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл сынақ ғасырға созылуы әбден мүмкін.
Қақтығыс құрсауындағы қазалылықтар
1969-1970 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандар күтпеген жайтқа тап болған еді. Өйткені Семей облысына қарайтын «Жалаңашкөл» заставасында КСРО мен Қытай шекарашылары арасында қарулы қақтығыс басталды. Бұл қақтығыстың себебі – жер мәселесі. Шекара белгіленбеген. Сондықтан даулы жерлер көп болды. Шығыс аймағында да белгіленбеген жерлер болған. Соның бірі осы Жалаңашкөлде еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен әскерге аттанған азаматтар Шығыс қалқаны ретінде сапқа тұрды. Сарбаздар бастапқыда бұл қақтығысты әдеттегі оқу-жаттығу жиыны деп түсінген. Бірақ соңы олай болмай шықты. Өйткені мұнда ядролық жерасты жарылысы жасалған. Мұны аспанасты еліне сес көрсету мақсатында жасағанымен, салдарынан сондағылар зардап шеккен. Өйткені аталған жарылыс құралының құрамында Семейдегі жаппай қырып-жоюға арналған атом бомбасының бойында кездесетін биологиялық у мен бактериялар болған. Қызығы, мұны ондағыларға осыншалықты зияны болатындығын ешкім жақ ашып, айтпаған. Айтпауында да сыр бар. Жауға қарсы ұрысқа қамданған жауынгерлерге құпия әшкере болса, оларды сол жерде бір секундта ұстап тұр алмас па еді, кім білсін?! Алайда бұл айлалы тәсіл екенін жауынгерлер кейін аңғарған. Бірақ тым кеш еді. Жауынгерлер жас болған соң, өздеріне келген зиянды бірден байқамаған. Ол уақыт өте бойынан сезіле бастаған. Отан алдындағы борышын өтеп ауылға оралғандар тексерістен өткенде сәулеленуді медицина анықтай алмапты. Бірақ бойында дендеген түсініксіз дерт сонау семейліктерді ғана емес, тіпті қақтығыс ортасында болған қазалылықтарды бүгінге дейін мазалайтын көрінеді. Біршамасы дертіне дауа таппай көз жұмды. Сол жерде сыналғандар жарасы жазылмай, күні бүгінге дейін зардап шегіп отырғандығын дәлелдей алмай келеді. Өйткені оларға медициналық сараптамадан өтуге де шектеу қойылған.
Бізге сол қақтығыстан 150-ге жуық қазалылық жапа шеккені белгілі. Бүгінде оның 48-і ауруынан айыға алмай, мүгедектікпен мәңгілік мекеніне аттанса, оның 90-ға жуығы арамызда жүр. Бірақ олардың көбінің жағдайы мәз емес.
– Шыны керек, Семей сынақ алаңында борышын өтегендер қазір қоғамда қорғансыз өкіл болып отыр. Сол аумақта әскери борышын өтеген сарбаздардың дені сол жерде сәуледен әсер алған. Бірақ үкімет тарапынан өз деңгейінде қолдау таппай келеміз. Жоғарыдағыларға өз ұсынысымызды жеткізіп жүрміз. Әйтсе де Қорғаныс Министрлігі дәрменсіздік танытып тұр. Сол Семей сынақ алаңында зардап шеккендерге әлі күнге дейін мәртебе берілген жоқ. Мойындайтыны рас, бірақ біздің жанайқайымызға жүйелі жауап болмай тұр. Осындайда халық арасындағы "Мемлекет ешқашан мейірімді болған емес, мейірімді тек адамдар болады" деген сөз ойға оралады. Әрине, жасалып жатқан жұмыстарды түбегейлі жоққа шығарудан аулақпын. Жыл сайын 29 ақпан Невада-Семей анти-ядролық қозғалысының жабылған күніне орай сол қақтығыс ортасында болған жерлестерге қолдау көрсетіліп жатады. Бірақ бұның бәрі көңіл жұбату үшін жасалып жатқан шаралар. Үкімет жан-жақты көмек көрсетуге, яғни денсаулығымызыға, әлеуметтік жағдайымызға көңіл бөліп, көмектесуге мүдделі болуы керек, – дейді ол.
Апат аймағы түбегейлі тазара ма?
Апат аймағы түбегейлі тазара ма? Дәл осы сұрақ көптің алаңы. Біреуі бұл мүмкін емес десе, ал кейбіреулер жұмыс жүйелі жүргізілсе бәрі әбден мүмкін дейді. Белгілі эколог Азаматхан Әміртай бір сұхбатында ауқымды бағдарламалар мен жоспарлар қолға алынса, қазір аянышты күйде тұрған экологиялық аймақтың жағдайын жақсартуға болады депті.
– 1991 жылдан бастап қана көңіл бөліне бастады ғой. Алайда соншалықты бүлінген табиғатты қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Семей полигоны алғаш жабылған жылдары экологиялық аймаққа көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар, жоспарлар жасалды. Бірақ уақыт өте келе солардың барлығы дерлік аяқсыз қалды. Қазіргі таңда ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды, әрине. Дегенмен, ауқымды бағдарламалар жоқ. Үкімет те қоғамдық ұйымдар да әзірге ерекше назар аудармай отыр. Оған әлемдік тәжірибесі бар елдермен бірлесіп жұмыстар атқару керек еді. Қазір әлемде түрлі техналогиялар бар ғой. Солардың көмегімен қысқа уақытта болмаса да біраз зардабын жоюға болады. Үкімет ең алдымен елдің денсаулығын сақтау мақсатында жұмыстар жүргізіп, экологияны қалпына келтірумен айналысу керек. Бірақ оған қыруар қаржы қажет.Ол үшін халықаралық деңгейде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілсе. Аймақтағы барлық қауіпті деңгейді анықтаса. Қандай өсімдіктер отырғызу керек, қандай жұмыстар жасау керек деген секілді. Сонда ғана радияциядан толық тазартуға болады. Бірақ ол облыстық, республикалық көлемде атқаратын шаруа емес. Кішігірім екі үш бағдарламамен ештеңе өзгермейді. Бұл өте ауқымды шаруа. Әлемдегі озық елдердің тәжірибесі мен техникасына сүйенуіміз керек. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруға әлі де кеш емес, – дейді эколог.
Тауқымет тарқандар қолдау таба ма?
Полигоннан зардап шеккендерге ешқандай жеңілдік қарастырылмағандығы туралы жиі айтылып жүр. Оларға мәртебе берілмегендігі туралы да заңда көрсетілмеген. Қынжылатындай-ақ жағдай. Алғашқыда полигон зардабынан ауру арқалағандарға көмек көрсетіліп, еміне қолдау көрсету мақсатында арнайы заң қабылданғанын білеміз. Алайда бұл жүйе жұмысын тоқтатқаны қашан... Бағамдасақ, соңғы уақытта зардап шеккендерге көмек те, көмекке де деген ұмтылыс та байқалмайды.
«Невада-Семей» қозғалысының Қазалы аудандық филиалының төрағасы Өмірбек Күлімбетов үкімет полигон жабылғанмен оның зардабы жойылмағандығын ұмытқан сияқты деп қапаланады. Оның айтуынша, сол аумақтан ауру жабыстырып келгендерге лайықты қолдау көрсетілмейтін көрінеді.
– Өздеріңіз білесіздер, атақты Чернобыль апатын жоюға атсалысқандардың зейнетақысына қосымша төлемдер, қоғамдық көліктерде тегін жүру және жыл сайын шипажайларға барып ем қабылдау секілді түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Семей сынағынан зардап көрген азаматтарға да сондай жағдай жасалып, оны жылдам жүзеге асырса, құба-құп болар еді, – дейді жетпістің бесеуіне жеткен ақсақал.
Министрлік әзірге бұл мәселеде үнсіз. Бірақ көпшілік ядролық полигонда зардап шеккендер туралы заңға қайта оралу, оңалту, зейнеткерлікке жеңілдік, лайықты өтемақы, кәсіпкерлікпен айналысушыларға салықтық төлемге жеңілдік, сынақ аймағында міндетін өтеген сарбаздарға және зардап шеккен тұрғындарға статус беру сынды мәселелер шешіледі деген үкілі үмітін үзгісі жоқ. Біз де соған сенгіміз келеді. Бірақ бұл жай мінберде айтылып, кейін ұмыт болатын мәселе болмауы тиіс. Өйткені бұл тұрақты, табанды түрде айналысуды қажет ететін маңызды мәселе.
Түйін: Уақыт өтеді, ұрпақ ауысады, тұрмыс өзгереді. Барлығы уақыттың еншісінде. Күйбеңмен күн кешкен кей пенде де ұмытылып қала береді. Тіпті бастан өткерген оқиғаларды кей сәт ойдан шығарамыз. Бірақ тәнге түскен аурудан айықсақ та, жүрекке жазылған жарадан жазылу мүмкін емес. Сол секілді атомдық аждаһаға айналған Семей қасіреті де саналардан ешқашан өшпек емес.
Арайлым ЖҮСІПОВА