Сынақтың салдары
Дүние жүзі тарихында әлемдегі ең үлкен жарылыс «Хиросима-Нагасаки» деп көрсетілген. Өйткені мыңдаған адам ажал құшып, салдары күні бүгінге дейін білінеді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Хиросима қаласына тасталған атом бомбасы 140 мың адамның өмірін жалмаса, екінші қаладағы жарылыс 75 мың жанның ажалына себеп болды. Бұл АҚШ тарапынан адамзатқа жасалған ауыр қылмыс деп бағаланғанымен құрама штаттардың билігін жауапқа тартатын ешкім болмады. Десек те басқа елдері атом бомбасының тіршілікті құртып жіберуге қауқарлы екенін шындап түсінді. Солай бола тұра әлемдік саясатта салмақ жинағысы келген Кеңес үкіметі қазақтың Семейін жер бетіндегі тозаққа айналдырды.
Семейдегі сұмдық
Асқар Алтайдың «Дегелеңдегі жарылыс» әңгімесін оқығандар Семейдегі сұмдықты жақсы түсінеді. Бірақ бұл бір ғана жарылыс орнында болған жағдай. Бұдан бөлек «Курчатов», «Балапан», «Сары-Өзен», «Ш» сияқты тәжірибе алаңдары болған. Мұнда ресми санақ бойынша 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалғаны айтылады. Оның 116 әуе мен жер бетінде іске қосылса, қалғаны жер астында жарылған. Біз айтып жүрген Хиросимадағы немесе Нагасакидегі жарылыс Семейдегі апатпен салыстыруға келмейді. Шығыс Қазақстанда қолдан жасалған қарудың қуаты жапондардың төбесінен түскен бомбадан 2,5 мың есе көп болды.
1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат жетіде шырт ұйқыда жатқан адамдар шошып оянды. Есік алдына шығып, Шығысқа көз тастап еді, доп тәріздес алау көз ілеспес жылдамдықпен жер құшағына келіп құлады. Сөйтті де, санаулы сәттен кейін тілін кәлимаға келтіріп тұрған отағасының, сонан соң зайыбы мен балалардың бетін ыстық леп шарпып өтті. Қақталған ет пен бықсыған шөптің иісі араласқан жел ештеңеден хабары жоқ жұрттың жүрегіне қорқыныш ұялатты. Сол күні жарылыс аймағына жақындағанда күлге оранған қара түнекті байқаған. Ғалымдар «РДС-1» деп атаған плутоний заряды сыналған нүктеде тіршілік жоғалғандай көрінді. Бұл КСРО-дағы алғаш атом бомбасының жарылысы еді.
Апат аймағына жақын орналасқан ауыл тұрғындары күнде у жұтып, радиациялық сәуле қабылдап жүргендерін бірден білген жоқ. Тек төрт жылдан кейін сәулеленген адамдарды көшіру қолға алынды. Бірақ қазақтар «Өз үйім – өлең төсегім» деп, жарылыс жаққа қайтып орала берді. Кейбірі сынақ салдарынан жойылған үйдің орнын сипап қалды.
Қасірет қазаны қалай жабылды?
– Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті. Сондықтан ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату, құқымыз үшін күресу мақсатында «Невада – Семей» қозғалысын құрдық, – деді қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Бұл хатты АҚШ Президентіне жолдады. Осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары радиациялық сәуледен зардап шеккендерді насихаттап, ғалымдар ядролық жарылыстың салдарын ашық сынай бастады. Жан-жақты қысым жарылыстар санының азаюына түрткі болды. Ақыры бұқараның бастамасымен жасалған мараторий КСРО тарапынан мақұлданып, Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларацияда мемлекет ядросыз аймақ деп жарияланды.
1991 жылдың 28 тамызында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды. Келесі күні апат аймағы толығымен залалсыздандырылып, орнына жыл өткесін Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бірақ полигонда еріксіз қызмет еткендердің, қатерлі сәуле алып, елге оралғандардың еңбегі әлі күнге дейін ескерілмей келеді.
«Қақтығыстағы» қазалылықтар
«Невада-Семей» қозғалысының Қазалы аудандық филиалының төрағасы Өмірбек Күлімбетовтің айтуынша, 1968-1970 жылдан бері Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандар бүгінде жыларман күйде. Әңгіменің басы Жалаңашкөлдегі Қытай Халық Республикасымен қақтығыста басталған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен әскерге аттанған азаматтардың барлығын Шығыс қалқаны ретінде күштеп апарған. Бұл үлкен соғыс алауы тұтанар болса, қарулы күш дайын тұрсын деген ойдан шықса керек. Кеңес Үкіметінің әскери тактикасы бойынша ондаған ядролық жерасты жарылысы жасалған. Мұны аспанасты әскерін қорқыту үшін іске қосқанымен, зиянын сонда қызмет еткен әскерилер көрген. Семейдегі жаппай қырып-жоюға арналған атом бомбасының құрамында биологиялық у мен бактериялар болған. Бірақ бұл туралы ешкім ләм-мим демеген.
– Бәрі әскери құпия болды. Ал біз мұны оқу-жаттығу тәсілдері деп ойладық. Сөйтсек, пәленің адам денесінен өту деңгейін тексеру үшін әскерилерді пайдаланған екен. Қару жау әскеріне қарсы қолданылса, қанша уақытта күйрететінін анықтауға өз денемізді тәжірибе нысаны ретінде беріппіз. Ең қызығы, біздің рұқсатымызсыз жасалғаны. Жас болғандықтан залалын бірден байқай қоймадық. Ал ауылға келгеннен кейін медицина сәулеленуді анықтай алмайтынын естідік. Кейін медициналық сараптамадан өткізуге шектеу қойып тастады.
Бүгінде Қазалыда қасірет қазанына 147 адам түскені белгілі. Оның 44-і тіршілікте жанына ем таппай, көбі мүгедектікпен өмірден өтті. Жүзге жуық азамат арамызда жүр, – дейді филиал төрағасы.
Отан алдындағы борышын өтеуге барып, ауру арқалап келгендер өздеріне ресми статус берілмейтініне қапалы. Чернобльдегі апатқа, Тәжік-ауған, Чехия, таудағы Қарабақ соғысына қатысқандар ардагер санатына алынады да, ел шекарасын жау әскерінен қорғауда жанын сынаққа салған әскерилерге құрмет көрсетілмей келеді деген уәж айтады. Оның үстіне әлеуметтік төлемдер мен денсаулық жағдайын жақсартуға байланысты қолдау көрсетілмейтін көрінеді. Әкімдік өкілдерінің де назар салмайтыны жасырын емес. Бірнеше күн бұрын кенттік клубта бас қосқан бұрынғы Отан қорғаушылар жүзден аса мүшесі бар ұйымға ең құрығында бір кабинет берсе екен деген тілегін жасырмады. Ал жақында аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған Жалғас Сүйеубаев бұл келеңсіздікті жоюға, мерекелік шара ұйымдастырып беруге уәде берді. Бүгінде егде тартқан қозғалысшылар ең құрығанда Отан қорғаудағы жанқияр әрекеттерін растайтын куәлік берсе деген көптің тілегіне аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Қуат Оспанұлы қол ұшын созатынын жеткізді.
– Бүгін ғана тәжік-ауған соғысына қатысқандарын айтып, куәлік сұрап бірнеше азамат келді. Олар туралы Ұлттық ұлан мен Шекара әскерінен ақпар сұрап едік, мәліметтер табылмады. Сол сияқты Семей полигонында әскери міндетін өтеген бірнеше азаматты растау туралы сұраныс хатымыз кері қайтарылды. Оның үстіне өңірде жалған мөр басып, куәлік жасату ісі көбейіп кеткен. Бірақ бұл Семейде әскер қатарында болғандарға көмек бермейміз деген сөз емес. Қазір полигонда қызмет еткен 44 азаматтың құжаттарын алдыртуға күш салып жатырмыз. Оны облыстық қорғаныс басқармасы тікелей Ресейге жолдап, нақтылайтын болады. Апатты аймақта әскерде болғаны расталса мөр басып, куәлігін береміз. Тізімге алынғандардың саны әлі де жаңартылады, – деді подполковник.
Осы тұста ақпанда «Невада-Семей» қозғалысының облыстағы төрағасы Сәбит Әбіш облыс әкімімен кездескенін де айта кеткен жөн. Жүздесуде аталған мәселелер қозғалған. Өмірбек Күлімбетовтің сөзіне сенсек, Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік сала басшысына полигонда болғандарға атаулы күндері марапат пен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты медаль табыстауға тапсырма берген. Сонымен бірге өңір бойынша 470 адамға 58 миллион теңге сыйақы бөлетінін айтқан. Жаудан бұрын сәуледен өздері жапа шеккендердің қазіргі жұбанышы осы болып отыр.
Сәуленің салдары
Денсаулық сақтау министрлігінің №34 бұйрығында ядролық сынақтан зардап шеккендерді анықтап, мүгедектік беру мәселесі қаралған. Бірақ қазалылық қозғалыс мүшелері мұны да пайлана алмай отыр. Олар өздерін Ұлы Отан соғысының мүгедегіне теңестіру керек екенін айтады. Өйткені қолдарында әскери комиссияның қызмет барысында сәуле алғандығын растайтын анықтамалығы бар. Өкініштісі сол, куәлік түкке жарамсыз. Жергілікті дәрігерлер «Радиациялық сәуле қабылдаған» деп тіркеуге алмайды. Ардагерлермен теңестіру үшін құзырлылар «Ресей билігінен анықтама ал» дейтін көрінеді. Бұған мұндағылардың қолы жетсін бе?! Ал тиісті министрлік қауқарсыздық танытқан.
Бүгінде Семей полигонында әскери қимылдарға қатысып, у жұтып келгендер бомбаның зардабын анық байқап жүргендерін айтады. Өздерінің денсаулықтарынан бұрын мутацияға ұшыраған балаларын уайымдайды. Мәселен, Ертуған Есмұратов ақсақалдың баласы туа біткен бірінші топтағы мүгедек. Мейрамбек Базаровтың отбасында да ерекше туған бала бар. Сол сияқты Семейден сәуле өткізіп келген Жеткерген Тілеуімбетовтің қызы туғаннан екінші топтағы мүгедектікке алынған.
Қандай қиындық болса да «Құдай баламен сынамасын» деген жұртпыз ғой. Бұл туралы сөз өрбіткен жандардың жанарына бейжай қарап тұру мүмкін емес. Неге десеңіз, бомбаның зардабы үшінші ұрпаққа дейін созылған жайттар да кездескен. Қозғалыстың аудандағы төрағасының да немересі қос жанарсыз туылған. Әңгіме аяғында: «Біздің жасымыз жетпістен асты. Бастағы мәселені айтып шаршадық. Отан алдындағы борышын адал атқарған біздерге назар салмаса да, балаларымызға көңілдері түссе екен. Оның үстіне экологиялық апат аймағында өмір сүріп жатырмыз. Бұған да алаңдаймыз», – дейді Өмірбек Күлімбетов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ