Ауызбіршілігі артқан ақсуаттықтар
"Қол жұмылмай – жылынбайды" дейді қазақ. Осынау үш-ақ ауыз сөздің астарында қандай терең мағына жатыр десеңізші?! Иә, бұл жерде ағайынның ортақ істегі ауызбіршілігі, жанашырлығы жайлы айтылған. Дәл осындай ұйымшылдық ұялаған, бақ қонған, ауызбіршілікті алтындай бағалаған жұрт қоныс тепкен орынның бірі – шойын жолдың бойында орналасқан Ақсуат ауылы. Олай дейтініміз, мұндағы әрбір жақсылық әкелер бастамаға, игі іске еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін атсалысып, қапы қалмайды. Жақында аталмыш ауылға жол түсіп барғанымызда бұған толықтай көзіміз жетті.
Ауылда округке қарасты барлық мекеннің оқушыларын білім нәрімен сусындатып отырған жалғыз білім ордасы бар. Ол – №100 "Кеңтүп" орта мектебі. Бүгінде балалардың шамшырағын жағар орында жоғарыда айтып өткендей округке қарасты шағын елдімекен оқушыларын қоса алғанда 200-ге жуық бала білім алуда. Тіпті балалрдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алыстан ат терлетпесі үшін мұнда 70 орындық жатақхана да бар. Бір айыбы сол, мектеп ескіріп, тозығы жетейін деген. Бірақ келелі болашақ – білімді жастың қолында екенін ұғып, бұған мойымаған ауыл тұрғындары мәселені қолға алған. Жақсылық жасап жарысқан жандарды өзгеге үлгі ету. Біздің Ақсуат ауылындағы сапарымздың мақсаты да осы.
Бұл бастаманы ақсуаттық жастар көтеріп, жиналып ауыл ақсақалдарымен кеңескен. Осылайша мектеп ауласын абаттандырып, кіреберісін қалпына келтірмек болып шешім қабылдап, жылу жинау басталды. Кейінгі буынның бастамасын ең алғашқы болып қолдаған жандардың бірі – ауылдың құрметті ақсақалы Бүркітбай Тілегенов. Ол бұны жастардың аузынан естігенде еш ойланбастан ауыл болашағы үшін жасалып жатқан іске үлесін қоспақ болып, қорасындағы тайын табыстаған. Ауылға жеткенімізде Бүркітбай ақсақалға жолығып, "Аға, ауылдағы әрбір асарда алғашқылардың бірі болып демеушілік жасайды екенсіз. Бұның сыры неде?" дегенімізде, "Балам, несібе-берекені Алла тағала мұқтаж жанға үлестіріп, жақсылық қылу үшін береді. Сол себепті маған берілген нығметпен бөлісуді міндетім деп санаймын", – деді ол.
– Өзіміз осы ауылдың топырағына аунап өстік, өндік. Кейін оқу тәмамдап келген соң туған жерге қызмет еттік. Шүкір, Құдай берген жалғыз ұлым, келінім және үш немерем бар. Жалпы ауылдың жағдайы жақсы. Тек осындағы жалғыз мектебіміздің жағдайы алаңдатады. Көптен ойлап жүр едім. Президентіміздің "Әрбір азамат өзінің туған жеріне үлес қосуы керек" деген сөзі бар. Міне, ел басшысының сөзін ойға түйіп, ауыл жастары бас көтеріп, мектептің жұмыстарын қолға алып жатыр. Бұл өте орынды іс. Әрқашан қолдауға дайынмын. Басқа да осы ауылдан түлеп ұшқан аптал азаматтарды бірігіп, ауылды одан әрі көркейтуге шақырамын, – деді ақсақал.
Бүркітбай ақсақалдың батасын алып шыққан соң, мектепке беттеп, бүгінгі жайын көріп қайттық. Ескі, еңкейіп кіріп, еңсеңді түсірер мектеп қақпасын жаңадан тұрғызған. Мектеп директоры Марат Кеулімжаевтың бастамасымен аулаға көшет отырғызуға орындар, арықтар қазылып, тегістелген.
– Мектеп алдындағы баспалдаққа қыс бойы жауған қар еріп, мұзға айналып, мұғалім, оқушыларды тайғанақтап, әбігерге салатын. Жастар жинаған қаржыға ең әуелі осы баспалдақ үстіне аркалы шатыр құрдық. Маңдайшасына мектеп атауын жаздырдық. Жалпы аудандық білім бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар жасалып, қаржылар бөлінуде. Бірақ бөлінген қаржы тек ішкі жұмыстарға жетіп тұр. Сыртқы жұмыстарына кезек күттірмейік деп, ауыл жастары бастама жасады. Қолынан келгенше, қаражат жеткенше жұмыстарға кірісіп кетті. Бұдан бөлек, алдағы уақытта мүмкіндік болса, аулаға ойын алаңын да салсақ дейміз. Қазір кіреберіс пен аулаға құм төселген. Есік алдына көлік қоюға орын жасалды. Барлығы бірден емес, бірақ жайлап қалыпқа келуде. Ауылымздың саналы жастарына, оларды қолдап-қоштап жатқан барша тұрғындарына туған жерге деген ерекше махаббаттары үшін алғысым шексіз, – дейді М.Кеулімжаев.
Мұнан соң ауыл іргесінде тұратын Қойтамбай Нұрбаевқа бардық. Қойтамбай ағаның есіміні қойшы болған әкесі жолын қусын деген мақсатта азан шақырып қойса да, өмір жолы мұғалімдікпен тоғысқан. Бұл азамат та мектеп ауласын қайта ретке келтіруге білек сыбана кірісіп, демеушілік жасағандардың бірі.
– Бұл салада қырық үш жыл жұмыс жасап, бүгінде зейнетімді көріп отырмын. Қазір ізімнен ерген қарындасым, балам, келінім де осы жолды таңдаған. Жалпы айтқандай мұғалімдер династиясымыз десек болады. Мұғалім болу – үлкен бақыт. Осындай керемет мамандыққа жарты ғұмырымды арнағаныма да еш өкінбеймін. Жас кезімізде мектеп ауласындағы гүлді суғару үшін еш ерінбей Дариядан шелектеп су тасушы едік. Одан қалды спорт зал салатын болып, ауыл тұрғындарына асарлатқанда, ешқайсысы "жоқ" демей, мың саз кірпіштен басып, өз қолымызбен салғанымыз да бар. қазір бізден кейінгі буынның да осы салаға жанашырлықпен қарауы қатты қуантады. Жақында жағымды жаңалықты естігенде қолымыздан келгенше қаражат жинап бердік. Кемелді келешегімз үшін ештеңе де аямаймыз. Түсіністік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатқан тұрғындарға басымды идім, – деді ардагер мұғалім.
Бұдан кейін соңғы аялдамамыз ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Ырзахановтың үйі болды. Қуаныш ақсақал осы ауылдан түлеп ұшқан барша азаматтарға үндеу жасады.
– Бұл ауылдан Нәжмадин Мұсабаев сынды аудан басқарған, білікті де білімді азаматтар шыққан. Ал енді осы секілді мықты азаматтарды ауылды көркейтуге, өсіруге, басталған істі өндіруге шақырамын. Ол кісілер бұл үндеуімді естісе шет қалмасына сенемін. Өйткенің олардың әрбірінің жүрегінде туған жерге деген махаббаттың шексіз екендігі бәрімізге белгілі. Ақусатымыздан әлі де осы секілді мықты азаматтардың топ жарып шығарына кәміл сенімдімін. Алла қаласа, бастаған ісімізді аяқсыз қалдырмай, сәтті тәмамдайық. Ақсуат ауылы №100 "Кеңтүп" орта мектеп ғимаратының сыртқы келбетін жаңалау, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында мектептің сыртқы кіре беріс қақпасын жаңа үлгіде жасауға, мектеп ауласын көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенділік таныта отырып, қаржылай және материалдық көмек көрсетіп демеушілік жасаған ауыл азаматтарына алғысымды білдіремін. Соның ішінде Бауыржан Қожамжаров, Қоныс Досжанов, мектеп директоры Марат Кеулімжайға, Нұрлан Өксікбаев, Роман Есіркеев пен ауылдың ардагер ұстаздары, түлектері және мектептің қызметкерлері мырзашылық танытып қаржылай көмектерін беріп жатқан барша жанашыр жандарға рахмет! – деді Қ.Ырзаханов.
Қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тағылымды тіркес бар. Айналаңа жүрек жылуын ұсыну, аялы алақанын тосып, қамқоршысы болу – сауапты істердің бірі, әр адамның азаматтық парызы. Әрбір жасалған істе ізгілік бар. Соны түсініп, ауызбіршілігі артқан ақсуаттық ағайын көздегеніне жетеді деген сенімдеміз.
Серік АҚМЫРЗА