«Қазақстан» шахтасынан 106 адам шұғыл эвакуацияланды
«Қазақстан» шахтасында 17 тамызда болған өрт орнында жұмыстар жүргізіп жатқан жұмысшылар бүгін шұғыл түрде жер бетіне көтерілді. Эвакуация жариялауға оқиға орнында температураның шамадан тыс көтерілуі себеп болды, деп хабарлайды inform.kz
«2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» кенішінде болған апаттан кейін апатты аймаққа (D6 қабатының көмір еңісі) іргелес жатқан ескі қазбаларға және бөгетшелерге тексеру жүргізіліп жатқан.
2003 жылы салынған №С14 бөгетшені тексеру барысында жаңа оқшаулағыш бөгетшені орнату шешімі қабылданды.
11 қазанда жаңа оқшаулағыш бөгетшенің құрылысына дайындық бойынша техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің (КӘАҚҚ) сарбаздары массаның қызып жатқанын анықтады. Ол ескі бөгетшенің аузынан оқшауланған кеңістіктен 50 метр жерде орналасқан.
Аталған авария туралы хабарланған бойда төтенше жағдайды жою жөнінде жоспар енгізілді.
Шахтада 106 адам болды. Сағат 13:50-де барлық жұмысшылар жер бетіне шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Тексеру жүргізу үшін шахтаға КӘАҚҚ-нің қосымша 2 бөлімшесі жетті», – деп хабарлады АрселорМиттал Теміртау АҚ баспасөз қызметінен.