Шетелге сабылудың қажеті жоқ: Қазақстанда онкологиялық аурулар ерте бастан анықтала бастады
15 тамызда Президент Іс басқармасы жанындағы медициналық орталық ауруханасының Ядролық орталығы құрылғанына 1 жыл толады. Президент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаевтың айтуынша, осы бір жылдың ішінде орталық елдің түкпір-түкпірінен келген 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп үлгерген. ҚазАқпарат аталмыш орталықтың 1 жылда ел медининасына қандай үлес қосқаны туралы шолу ұсынады.
Орталық былтыр ғана құрылғанымен, мамандар дайындық жұмыстарын айлап, жылдап атқарғанын айтады. Жаңа қондырғыларды меңгеру үшін дәрігерлер шетелде оқып келді. Бұл радиациялық ем-дәрі өндірісінің қарқынын арттыру үшін да қажет болған көрінеді.
«Ядролық медицина орталығы құрылғанға дейін мекеме базасында 11С-метионин дәрісін шығаратын өндіріс ошағы құрылды. Осылайша орталық базасында үш түрлі радиациялық дәрі шығарыла бастады. Бұл біз үшін үлкен жетістік еді. Өйткені халықаралық тәжірибеде біздікіндей мекемелерде жыл сайын ең көп дегенде екі дәрінің өндірісі жолға қойылады», - дейді Айбек Дәдебаев.
Былтырғы қыркүйектен бастап орталықта қатерлі ісіктердің барлық түрін 50-60% анықтайтын әмбебап дәрі шығарылып келеді. Ал биыл наурыз айында сүйек метастазын, сүйектегі қатерлі ауытқулардың бәрін анықтайтын бейіндік препарат өндіріле бастаған.
Онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтайтын, сүйектің қатерлі ауытқуы мен метастазды дәл табатын және мидың қатерлі ісігін ерте көрсететін радиациялық препараттар. Бұл үшеуін Ядролық медицина орталғының үштағаны деуге болады.
«Ядролық медицина орталығында алғашқы радиациялық фармацевтикалық препарат 16 желтоқсанда циклотрон кешенінде өндірілген еді. Бұл препарат (18F-FDG) онкологиялық науқастарға позитронды эмиссиялық/компьютер-томографиялық зерттеулер жүргізуге арналған. Екіншісі 30 наурызда шығарылды. 18F-NAF препараты (натрий фториді) сүйек метастазы мен сүйектің тіндеріндегі ісіктердің барлық түрін диагностикалауға арналған. Яғни, қазір біз бұл ауруларды ерте анықтай аламыз. 21 маусымда біз 11С-метионин (көміртек-метионин) препаратын шығарып бастадық. Былтыр ғана ашылған орталық үшін бұл өте үлкен жетістік деп есептеймін. Өйткені 2008 жылдан бастап Қазақстан аумағында бір ғана радиофармпрепарат өндіріліп келген. Қазір Қазақстанда осындай 7 орталық бар. Олардың үшеуі - мемлекеттік, қалғандары жеке меншікте», - дейді Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова.
Сондай-ақ, ол бірінші кезекте неге аталмыш перпараттардың өндірісі жолға қойылғанын түсіндірді.
«18F-FDG препараты былтыр желтоқсанда өндіріле бастады деп отырмыз ғой. Сол кезден бері 57-ден астам синтез өткіздік. Бұл не берді? Біріншіден, кезек күтіп жүргендердің қатары азайды. Яғни, препарат көп болғандықтан, қабылдау қабілетіміз артты. Біз препарат өндіріп қана қоймаймыз, диагностикамен де айналысамыз. Осылайша күн сайын қабылдайтын науқастардың санын екі есе арттыруға мүмкіндік алдық. Мұндай науқастардың басты проблемасы позитронды-эмисиялық/компьютер-томографиялық тексерудегі ұзын-сонар кезек болатын. Бұрын кезекте 6 ай бойы тұрса, қазір 4 айдан аспайды», - дейді Айгүл Сәдуақасова.
Орталық шығаратын препараттар толыққанды тексеруден өткеннен кейін ғана науқастарға беріліп отырады. Яғни, әр жаңа өндіріс пайда болған сайын тыңғылықты зерттеу жүргізіліп, препараттың ағзаға тигізетін әсері жан-жақты тексеріледі. Осы сынақтың бәрінен мінсіз өткеннен кейін ғана емге жіберіледі.
«Препаратты тексеру кезеңі барлық технологиялық процестерді қамтиды. Яғни, әр кезеңде синтездің дұрыс жасалғанын, технологиялық тұрғыдан ұтымды тәсіл таңдалғанын, сапа мәселесі негізгі басымдыққа қойылғанын дәлелдедік», - дейді орталық басшысы.
Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуына қарағанда, адамдардың көбі ядролық медицина туралы қате түсінікте жүр. Расымен де, бұл сала онкологиялық ауруларды ғана қамтиды деген ой қалыптасқан. Дәрігерлер мұндай пайымның жаңсақтығын айтады. Ядролық медицина кардиология, неврология, нейрохирургия сияқты көптеген салада қолданылуы мүмкін.
«Біз өз базамызда Альцгеймер, Паркинсон ауруларын да диагностикаласақ дейміз. Орталық Азия аймағында алғашқылардың бірі болып эпилепсияны ядролық медицина әдістерімен анықтай бастадық. Біз нейрохирургтарға мидағы эпилептогендік фокустың қай жерде екенін анықтауға көмектесеміз. Соның көмегімен дәрігер ақауды хирургиялық немесе консервативті жолмен емдеу қажеттігін анықтай алады. Таңдау хирургиялық тәсілге түскен болса, маман зақымдалған ошақтың іштегі жағдайын алдын ала біліп тұрады. Нейрохирург ота жасар алдында емдеу тактикасымен танысуға мүмкіндік бар. Біз гибридті технологияларды қолданамыз. Яғни, жасушалардың процесін құрылымы тұрғысынан ғана емес, қаншалықты белсенді екенін, қаншалықты тез өршіп жатқанын көре аламыз. Біз жасушаның ішіне бойлап, оның қалай қоректенетінін көреміз, жүргізілген ем қалай әсер етіп жатқанын анықтай аламыз», – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Аталоған препараттардың өндірісінде ядролық физиктер мен химиктердің үлесі зор. Ядролық медицина орталығы ашылғанға дейін тәжірибелі ғалымдар, медициналық қызметкерлер топтастырылған. Олар орталық іске қосылған кезде заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге дайын болуы үшін әлемдегі ең жақсы медициналық ұйымдарда тағылымдамадан өтіп келді.
«Бұлардың бәрі - тар бейінді мамандар. Әсіресе радиофармацевтика өндірісімен айналысатындар бүкіл әлемде тапшы. Мұндағы маман тапшылығы өте үлкен проблема. Соған қарамастан, өз мамандарымызды алдын ала дайындай алдық. Орталық салынбай жатып Жапонияның, Еуропаның жетекші орталықтарына мамандарымызды жібере бастадық. Орталық құрылысы басталған кезде арнайы жұмыс тобын құрдық. Топ жобаны бастан-аяқ сүйемелдеп, құрылыс барысын бақылап отырды. Сала мамандарының жобаны бастан-аяқ сүйемелдеу тәжірибесі Қазақстан үшін аса қажет еді. Біздің фармацевтикалық қызмет GMP стандартына сәйкестендірілген. Әзірге Қазақстандағы циклотронды кешені бар және GMP мәртебесін алған медициналық ұйым жанындағы алғашқы орталық - бізбіз», - дейді орталық жетекшісі.
Орталық мамандары 2026 жылға дейін 9 радиациялық фармацевтикалық препараттың өндірісін жолға қоймақшы. Оның 8-і Қазақстанда алғаш рет өндірілмек. 2023 жылы тағы 3 жаңа препараттың өндірісі іске қосылады - 18F-NaF, 11c-MET, 18F-18F-FDG. Бұл онкологиялық науқастарға арналған диагностикалық зерттеулердің қатарын кеңейтіп, дертінің нақты себебін табу үшін шетелге ағылатын қазақстандықтардың проблемасын шешеді.