Қазақтанда енді мүгедектігі бар адамдар тікелей БҰҰ-ға шағымдана алады
Елімізде мүгедектігі бар адамдар енді тікелей БҰҰ-на шағымдана алады. Бүгін сенат қабырғасында аталмыш заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды stan.kz
Сенаторлар "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, мақұлдады. Бұл Құжат Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосымша келісім болып саналады және аталған Конвенцияны іске асыру тетіктерін белгілейді.
Заң жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік саясат жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты.
“Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын институттарды және мехнизмдерді жетілдіру басты міндеттердің бірі. Бүгін мақұлданған заң – осы жолда жасалған маңызды қадам. Бұл Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті арқылы мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта заң мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз”, – деді Мәулен Әшімбаев.
Яғни, енді осы құжат арқылы БҰҰ жанындағы Мүгедек адамдардың құқықтары жөніндегі комитеттің конвенция бойынша өздерінің құқықтары бұзылды деп мәлімдеген адамдардың шағымдарын қарау құзіреті мойындалады. Аталған комитет шағымды қарау қорытындысы бойынша нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды тиісті қатысушы мемлекетке жібереді. Осылайша, Қазақстанның факультативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар азаматтар өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауын қамтамасыз етеді.