Тоқаев: Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықтың табысы инфляция өскен сайын құнсызданып жатқанын айтты деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.
“Біз соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз. Биыл қаңтар айында инфляция 21,3 пайызды құрады, шарықтау шегіне жетті”, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқанын атап өтті.
“Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы.Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін.Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, несиені пайдалы бизнеске беру қажет.
“Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады", - деді Мемлекет басшысы.