Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ — ҚОҒАМ НЕГІЗІНІҢ БАСТАУЫ

ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ — ҚОҒАМ НЕГІЗІНІҢ БАСТАУЫ

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Президент пәрменімен балалар жылы жарияланды. Содан бері жеткіншектердің қауіпсіздігі, олармен байланысты қылмыстылық деңгейін төмендету, бала тәрбиесін жетілдіруге байланысты жұмыс қарқын алды. Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы балалардың беймезгіл уақытта көше кезуі, суицид, электронды темекі, кибербуллинг, құмар ойын, ерте жүктілікке душар болып жатқанына алаңдаушылық білдіргенін білеміз. Осы мәселелерге байланысты бүгін Қазалы ауданында «Отбасы тәрбиесі — қоғам негізінің бастауы» тақырыбында бірлескен кеңес шақырылды.
Алқалы жиынға ауданға арнайы іссапармен келген облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, бірқатар бөлім басшылары мен ел ағалары қатысты.
– Отбасындағы бала тәрбиесі еліміздің келешегіне тікелей әсер ететіні даусыз. Осы тұста жеткіншектердің дұрыс өсіп, жетілуіне алаңдаушылық танытып, мәселені бірге талқылауға келіп отырған сіздерге алдымен алғысымды жеткізгім келеді. Бүгінгі кеңесте балалардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне, денсаулығын сақтауға, білімге ынтасын одан сайын арттыруға әсер ететін ұсыныс-пікір, әдіс-тәсілдер талқыланады деп сенемін. Ендеше бірінші кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Оңдасынұлының баяндамасына кезек берейік, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Бұдан кейін ауданның бас ұстазы осы уақытқа дейін жеткіншектерді тәрбиелеуге, оларды теріс әрекетке барудан сақтауға бағытталған іс-шаралар мен атқарылған жұмыстар жайына тоқталып, мектеп қабырғасындағы қауіпсіздік жайын баяндады.
– Бала тәрбиесі жайында сөз қозғалса, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдымен ойға оралады. Оларды түрлі қауіптен сақтау үшін соңғы 2 жылда білім бөліміне қарасты 37 мектептің 30-на турникет, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы 13 мектепке дабыл қондырғысы орнатылды. Биыл тағы 13 мектепке дабыл қондырғысын орнату жоспарлануда.
Барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда 24 мектептің бейнебақылау камерасы аудандық полиция бөліміне қосылған. Сондай-ақ, өткен жылы 5 мектепке стандартқа сай бейнекамера сатып алынды. Биыл, қосымша тағы 3 мектепке бейнекамера сатып алынатын болады. Ал білімі беру ұйымдары толықтай ішкі жылы әжетханалармен қамтылған, – деді Ә.Оңдасынұлы.
Бөлім басшысы ұжымдық бала тәрбиесімен айналысу көптеген күрмеуі қиын мәселенің түйінін шешетінін айтты.
– Құрметті жиынға қатысушылар! Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Алдымыздағы бір жеткіншек бұралаң жолға түсіп, сағы сынса оған бәріміз бірдей айыпты сезінуіміз керек. Бірақ мектеп, ата-ана, ұстаз, жалпы қоғам болып осы бағытта жауапты жұмыс істесек, мұнымыз нәтиже берері сөзсіз, – деді бөлім басшысы.
Жиын барысында Бала құқығы жөніндегі уәкіл, психолог маман Ж.Ұзақбаева баланың әлеуметтік қорғалуы туралы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Кабизов кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жайында, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Б.Әлішева кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында, №249 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі К.Көпжасар «Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Ал белгілі кәсіпкер Ибайдулла Тілеп бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін, жеткіншектерді еңбекке баулу жайын қаузады.
– Шынын айту керек, мектеп оқушыларына қатысты құқықбұзушылық немесе тәртіпсіздік мәселелері көбіне ер балаларға қатысты орын алады. Дана қазақ: "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деп неге айтты? Себебі, балақай әкені идеал көреді. Соған қарап, бой түзейді. Мағыналы, мәнді, санасы сенген тәрбиені жадына сіңіреді. Кейде ауданда жастарға қатысты келеңсіздіктер орын алып жатса, әкенің тәрбиесі осал болған-ау деген ой келетінін де жасырмаймын.
Еріншектік пен еңбексүйгіштік керағар ұғым. Екіншісіне ерте араласқан жас келешекте бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін иммунитетке ие болады. Ал ерке баланың еріншектігіне бейжай қарасақ жеңіл пайдаға ұмтылуы, аманатқа қиянат жасауы ғажап емес. Бүгінгі күні букмекерлік кеңселердің ішін толтырып отырған азаматтардың көпшілігі жасынан еңбектің ғана наны тәтті деген тәмсілді терең түсінбеген деп өкінішпен айтуға болады. Олардың ізінен кеше ғана мектеп бітірген балаңыздың ергенін қалар ма едіңіз? Ендеше кішкентайларымызға еңбекпен нан табуды, оның қандай маңдай термен келгенін түсіндіруден аянып қалмауымыз міндет.
Бұдан бөлек, отбасылық құндылық жайында сағаттап әңгіме айтуға бармыз. Түрлі жиын-шара ұйымдастырамыз. Ұстаздар тәрбие сағатында бақытты отбасы қалай құрылатыны жайында тәлім-тәрбие береді. Бірақ мұның бәрі үйден ұрыс арылмайтын, шешесі әкесіне жекитін, әкесі ішімдікке салынған үйде өсіп келе жатқан баланың санасына әсер етпейді. Бұғанасы қатаймаған баланың өзі үйдегі аураны, айқайсыз көңілсіздікті бірден ұғады. Отбасыдағы үлкендерге деген құрмет, балаға деген қамқорлық, ата-ананың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасы келешекте бір үйдің иесі болатын баланың отбасы құндылығы туралы ойын қалыптастырады. Ол өскесін әйелі мен балаларына соны көрсетеді. Ендеше үйдің берекесін ойлайық, балаларға қолдан қиянат жасамайық деген түйін шығарғым келеді, – деді меценат.
Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы кеңесте көтерілген мәселе, оларды еңсеруге бағытталған кеңес мектеп қабырғасында қолданылуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, бала тәрбиесіне байланысты мектеп басшыларына ата-ана, ұстаз, оқушы арасында тығыз байланыс орнатуды тапсырды.
Кеңес соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы сөз алып, жиынды қорытындылады. Жиын тақырыбына байланысты бірқатар бөлімдерге тапсырма беріп, түсіндірме жұмыстарын жандандыруды баса айтты.
Айта кетейік бірлескен кеңестен кейін Қазалы ауданы бойынша білім беру ұйымдарының жалпы көрсеткіштері туралы мәжіліс жиыны өтті.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
09 ақпан 2023 ж. 586 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 72

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930