Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоян жылындағы қиындық

Қоян жылындағы қиындық

Көзді ашып-жұмғанша, жаңа жылға аяқ басар тұста жақындап келеді. Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Биылғы жыл басы қасіретті «Қаңтар оқиғасымен» басталды демесек, одан өзге ауыз толтырып айтарлықтай жайттар аз болмады.Бір сөзбен түйіндесек, жемісті жыл болды. Бірер күннен соң қоян жылы есік қаққалы тұр. Көпшілік үшін бұл жылы уайым-қайғы артта қалып, тұрақты әрі тыныш жыл болмақ. Ендеше, күнтізбедегі 12 жыл сайын айнала келіп отыратын сүйкімді жануардың әр жылдарында нендей оқыс оқиғалар орын алғаны туралы зерттеп көрелік.

Жұрт ұмытпас жұт болды
Жалпы, «қоян» қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланған. Оның себебі де жоқ емес. Тарих беттеріне үңілсек, 1867-1868 жыл «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жыл «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 жыл «кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылдары «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеушілікке, аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, əр жылға əлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен. Сол секілді 1962-1963 жылдары да мал өсіруші аудандар қатты шығынға ұшырағаны белгілі. Тарихтан қалған қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қайғылы заман əкелген 1723 жыл да қоян жылы болатын.

Бір сандық қағаз...
1903 жыл. Патша өкіметі Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүргізеді. Бірқатар қазақ зиялылары осы қуғын-сүргінде діни сенім-нанымы үшін Сібірге жер аударылған.
Мұрағатта сақталып қалған деректерге қарағанда, патша жандайшаптары 1903 жылдың 25-і сәуірінде Абайдың үйінде де тінту жұмыстарын жүргізеді. Уезд бастығы Навроцкий акты жасап, ұлы ақынның бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетеді. Кейіннен тексеру барысында тәркіленген қағаздардан өкіметке қарсы ештеңе табылмағанымен, иесіне қайтарылмаған. Осылайша Абайдың жылдар бойғы жинаған мол мұрасына орны толмас нұқсан келтірілді. Бір сандық қағаз күні бүгінге дейін табылған жоқ.

«Үлгере алмай кетіп барамын, кешіріңіз...»
1915 жыл. Бұл жылы белгілі қазақ тарихшысы Ермұқан Бекмаханов дүниеге келді. Абылай ханның жетінші ұрпағы болып саналатын ол 1943 жылы Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған азаматтық күресі» тақырыбында кадидаттық, арада үш жыл өткенде докторлық дисертацияларын қорғады. 1947 жылы өзінің әйгілі «Қазақстан 19-ғасырдың 20-40-шы жылдарында» атты кітабын жарыққа шығарды.
Байқап қарасақ, Е.Бекмахановты қаралау науқанының қорытындысы қоян жылына, яғни 1951 жылға тұспа-тұс келеді. Ол осы жылы «ірі саяси қателіктері үшін» партиядан және ҚазМУ-дің профессорлығынан шығарылды. Жоғарыдағы еңбекке бола өкімет Қазақ КСР тарихы кафедрасын жауып тастады. Е.Бекмахановтың өзі бас сауғалауға мәжбүр болды. Келесі жылдың қыркүйегінде ол Жамбыл облысы Шу ауданындағы Новотроицк селосында қарапайым ауыл мұғалімі болып жүрген жерінен тұтқындалып, «антикеңестік үгіт жүргізгені үшін» деген айыппен Қазақ КСР Жоғарғы сотының үкімімен 25 жылға сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалды.
Сталин өлгеннен кейін 1953 жылы 16 қазанда КСРО Бас прокуроры Е.Бекмахановты ақтап шықты. Бұдан кейінгі жылдары ол өзінің ҚазМУ-іне қайтып оралып, сонда оқытушы болып қызмет етті. Қазақ тарихына қатысты құнды еңбектерін жазды, жарыққа шығарды.
Асыл азамат 1966 жылы қайтыс болды. Ол «Үлгере алмай кетіп барамын, кешіріңіз» деген ақырғы сөзін Бауыржан Момышұлына айтып кеткен екен.

Күштеп ұжымдастыру, аштық
1927 жыл. Сәуірде Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы басталды. Желтоқсанда БКП ХV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Голощекиннің басшылығымен белсенділер бұл міндетті жедел түрде жүзеге асыру үшін барын салды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз аштықтың алғышарттарын жасап берді.

Аштықтан кейінгі алғашқы санақ
1939 жыл. КСРО-да кезекті халық санағы өтті. Осы санақтың нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 процентін құрады. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 процентін құраған болатын. Аштық пен босқыншылықтың салдарынан бар-жоғы 13 жылда қазақтар өсудің орнына керісінше 1 миллион 300 мыңға азайған. Осы жылдары Қазақстандағы қазақтардың үлесі 20 процентке кемісе, орыстардың үлесі 20 проценттен, 40 процентке, яғни екі есеге артқан.

Оспан батырдың ажалы
1951 жыл. Қытай түрмесінде Шығыс Түркістан азаттық күресінің жетекшісі Оспан батыр Сламұлы қаза тапты. Қытай коммунистері Оспан ауылын тұтқиылдан басып алады. Оспанның қашып құтылмақ болған әрекеті сәтсіз аяқталады. Үрімжі түрмесінде қинау мен азаптауды бастан өткерген батыр қоян жылы 1951 жылдың 29 сәуірінде Қытай комунистік партиясының қолынан өлім жазасына кесіліп, атылды. Ол бастаған көтерілістің ақыры жеңіліске апарып соққан соң достарының «Америкаға кет, бас амандығыңды ойла» деген сөзіне Оспан батыр: «Отанымызда тұрамын. Қашпаймын, жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан өкіметін құрып бере алмайды. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ» деген екен.

Үш ауданның Өзбекстанға берілуі
1963 жыл. Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущевтің тілін тапқан Өзбекстанның бірінші хатшысы Ш.Р.Рашидовтың ұсынысымен Шымкент облысының үш ауданы Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстанның құрамына өтті. Ш.Рашидовтың туған жері Жызақ облысын нығайту үшін осы үш ауданның аумағында жеті аудан ұйымдастырылды. Мұның алдында 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданына қарайтын Тимирязев атындағы кеңшар Өзбек КСР-ының құрамына ендiрiлген болатын. Ал оның алдында 1931 жылы Өзбекстан Қазақстаннан Қарақалпақ АКСР-ін алған еді.
Бертінде Қонаевтың талап етуімен 1971 жылы аталған үш аудан Қазақстанға қайтарылғанымен, Киров ауданына қарасты алты кеңшар және жоғарыдағы жеті ауданның көлемді бөлігі Өзбекстанда қалып қойды.

«АЗиЯ»
1975 жыл. Олжас Сүлейменов өзінің «АЗиЯ» еңбегін жарыққа шығарды. Орыстың әйгілі «Игорь полкы туралы жырын» жіліктеп, онда қыпшақ тілінің сарыны барын батыл түрде жазған кітап зиялы қауым арасында үлкен серпіліс тудырды. Мәскеу бұл кітапты сынға алды. «АЗиЯ» дереу сатылудан алынып, баспа директоры жұмыстан қуылды. Қуғын-сүргіннің шеңгеліне түсіп тұрған О.Сүлейменовке сол кездегі мемлекет басшысы Д.Қонаев ара түсті.
«АЗиЯ» Қазақстанда және одақта ең атышулы кітаптардың бірі болды. Ол қолда өз құнынан 50 есеге дейінгі қымбат бағамен сатылды. Кейбір деректерге қарағанда, сол жылдары бұл кітапқа Бакуде су жаңа «Москвичті» ұсынған азаматтар да болған көрінеді.

«Желтоқсан ызғары»
1987 жыл. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күнгі Алматыдағы оқиғаға қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айыру, ал Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 1987 жылдың сәуірінде Алматыдағы пәтерінде бұрынғы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров тұтқынға алынды.
Шілде айында КПСС Орталық комитетінің қаулысымен Желтоқсан оқиғасына «қазақ ұлтшылдығының бой көрсетуі» деген баға берілді. Мұның соңы қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратуға алып келді.
Қыркүйек айынан бастап КСРО экономикасының шатаяқтағанының алғашқы белгілері біліне бастады. Мәскеуде және Одақтың түкпір-түкпірінде қант тапшылығы байқалды. Өкімет тауар тапшылығына байланысты соғыстан кейін алғаш рет кейбір азық-түлік өнімдерін талонмен бере бастады.

Тәуелсіздік тұсында
Қазақ елі үшін Тәуелсіздік таңы атқаннан бері санағандағы қоян жылы қазақ тарихында қандай оқиғалармен есте қалды?
Мәселен, 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Яғни, ұлттың тарихи танымына мемлекеттік мән беріле бастады. Бұл жылдағы басты оқиға «Президент сайлауы» еді. Осы тұста елде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер жұмыс істеді. Сонымен қатар, тағы бір басты оқиғаның бірі Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Сол жылдың ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 миллион 652,7 мың адамға жетсе, ондағы қазақ ұлты 53,4 процентті құрады. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын.
2011 жыл. Бұл жылы Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтті. Астана мен Алматы 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Қысқы Азия ойындарын қабылдады.
Бұл жылы елді дүрліктірген оқиғалармен де есте қалды. Жыл басында Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны орын алып, бұл үлкен апатқа ұласты. Көктемгі су тасқыны кезінде Оралда 3382 тұрғын көшірілсе, оның ішінде 2097 адам өз үйлеріне қайтып оралды немесе туыстарының үйлеріне орналасты, қалған 1285-і алғашқы кезден 4 эвакопунктке орналастырылды. Бұдан өзге мына оқиғалар легі де қоян жылында болды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Алматыда лаңкестік оқиғалар орын алды. Қашаннан бейбіт болып, тыныштық пен тұрақтылықты сүйетін қазақтың мамыражай тірлігі үшін бұл күтпеген оқиға еді. Тәуелсіз ел тарихындағы қаралы күндердің бірі «Жаңаөзен оқиғасы» да осы жылы көрініс тапты.
Келе жатқан 2023 жылдан тек жағымды жаңалық күтеміз. Жаңа жыл қазаққа құт-береке әкелсін!

Абзал ЖОЛТЕРЕК

01 қаңтар 2023 ж. 389 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031