Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда
Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде субсидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған.
Бұл жерде, субсидиялау дегеніміз – банктердің бизнесті дамытуға беретін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепіл болу – банктердің несиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемлекеттік бағдарламалардың барлығын кіріктіре отырып Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Іске асыруға жауаптылар қатарында әзірлеушімен бірге Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және спорт, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Қаржы, Энергетика, Сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар келісу бойынша, бірқатар комитет, агенттік, палаталар мен квазимемлекеттік компаниялар жүзеге асырылуына атсалысады.
Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат – кәсіпкерлік құрылымдарындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері ретінде орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай туындата отырып, бәсекелестікті кешенді дамыту. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға» әу баста-ақ 8 455 329 919 мың теңге қарастырылған екен. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 030 884 427,0 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492,0 мың, бюджеттен тыс – 7 299 750 000,0 мың теңге қаражат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарар болсақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жыла –1 620 056 904,0 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120,0 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933,0 мың теңге жоспарланған.
«Ұлттық жоба бойынша қолдау тапқан жобалар туралы айтар болсам, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бизнес субъектілеріне келесідей қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 435,36 млрд теңге болатын 11 913 жоба субсидияланды, субсидия көлемі – 86,6 млрд теңге. Несиесінің жалпы сомасы 207,5 млрд теңге болатын 11 813 жобаға мемлекет кепіл болды, кепілдік сомасы 111,1 млрд теңгені құрады. Жас кәсіпкерлер үшін республикалық бюджеттен 91 жоба бойынша 307,17 млн теңгеге мемлекеттік грант бөлінді. Жетпей тұрған инфрақұрылымдарды тартып беру бойынша 2022 жылы көлемі 22,1 млрд теңгеге 48 жобаны қаржыландыру қарастырылған», – дейді ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Рашид Жорабеков.
Бес жылға арналған жобаның экономикалық тиімділігі Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта кәсіпкерлік үлесін (ШОК) 35 пайызға дейін жеткізу мақсатын көздейді. ЖІӨ-дегі туризм көлемінің өсуі 8,4 трлн теңгеге жетуі тиіс. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету межеленген. Ұлттық құжат қорытындысында 995,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың жұмыс орны болмақ. Жобаның әлеуметтік әсері: 1,7 млн адам тұрақты жұмысқа орналасады, 3,5 млн адам халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 6,5 пайызға азаяды деп күтіліп отыр. Бұл жобаның ішіне бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да кіріктірілген.
«ҚЗЭ» механизмі бойынша несиелендіруге жататын басым жобаларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру және несиелерге кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 194,58 млрд теңге болатын 125 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 38,32 млрд теңгені құрады. Несиесінің жалпы сомасы 5,16 млрд теңге болатын 24 жобаға мемлекет кепіл болды, кепілдік сомасы – 2,2 млрд теңге. Осы ретте «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарламалары бизнесті қолдауда ең бір нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен абзал. Олар жүзеге асырылып келе жатқаннан бергі аралықта 2022 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн теңге болатын өнім шығарып және қызмет көрсетіп, бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн теңге салық төлеген», – дейді Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті қорғау департаменті директорының орынбасары Рашид Джурабеков.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы тапсырмаларын орын-дау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі оңтүстік және батыс өңірлердегі ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жекелеген механизмін жасап шығарды. Мәселен, несиенің құнын арзандату үшін сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы несиеге кепіл болу 85 пайызға дейін жеткізілді. Жеңілдікті жағдайларды сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың ШОБ субъектілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қаржыландыру тетігін енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде экономиканың басым секторларында мемлекеттік гранттар беріледі.
«Ұлттық жоба аясындағы кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдауға келсек, ол өз мазмұнында әлеуетті және жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді бизнес жүргізуге үйрету және және консультациялық қолдау бойынша жобалар кешенін қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында, моноқалаларда және кіші қалаларда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (КҚКО) жұмыс істейді. Онда «БЖК-2025», «Еңбек», «ҚЗЭ» бағдарламалары бойынша ақысыз негізде, офлайн және онлайн режимде көмек көрсетіледі. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қолданыстағы бизнесін жүргізуге бухгалтерлік және салықтық есепке алу, статистикалық есеп беру, интернет маркетинг, заң қызметтері ақпараттық технологиялармен қамту, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерге өнімдерін өткізуге көмектесу түрінде сервистік қолдау жасалады», – дейді министрлік өкілі Рашид Сұлтанұлы.
Сондай-ақ ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарастырылған. Моно және кіші қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға, 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, «ҚЗЭ» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы (7 пайыз) мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу (50 пайыз, 1 млрд теңгеге дейін) сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасуда. Кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы күші десек, Президент бастамасымен жүзеге асқан ұлттық жобалар сол қозғаудың қуатына айналмақ.