Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттер шыңы – ұстаз жемісі

Шәкірттер шыңы – ұстаз жемісі

Қазалы ауданына қарасты Бірлік ауылындағы №102 орта мектептің тарихы 1935 жылдан басталады. Алғашында халықты жаппай сауаттандыруға байланысты 4 сыныптық мектеп болып ашылды. Ауыл мектебінің алғашқы ұстазы Тәутен Жаманбаев деген азамат болғанын ауыл ағайындары естен шығармаған.
1938 жылы Жармахан Бекетаевтың бастамасымен ауылда 10 жылдық мектеп ашылды. Бірақ бала санының жетіспеуіне байланысты мектеп 7 сыныптық мектеп болып жұмыс істеді. 1938-1942 жылдары мектепті Матай Жұматов басқарды.
Негізі мектепті орта мектепке айналдыру үшін мектеп директоры Жарек Кемалов көп еңбек сіңірді. 1989 жылы орта мектеп қабырғасынан он жылдық мектепті бітірген тұңғыш түлектер қанат қақты. Файзолла Омаров, Нұрғали Меңдібаев, Бибіажар Нұртаева, Қуандық Қартабаева, Шынтас Жәдиев сынды ұстаздар білім беру ісінде аянбай еңбек етті.
Мектептен талай шәкірттер түлеп ұшты. Солардың арасынан белгілі ғалымдар Ербоз Нәбиұлы, Рақымкөз Өтембетов, Тымақбай Ұлманов, Болат Уайысов, Марат Уайысов, Алпысбай Қартабаев, Мереке Ералиевалардың есімі елге етене таныс. Өнер әлемінде өзіндік өрнегімен танылған Ғалия Оспанованың шырқаған әндері Қазақ радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорында» сақтаулы. Ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан мектеп түлектері Чекалин Мұратбаев, Шахматулла Әбжалалов, Алтынай Құтжанова «Еңбектегі ерен ерлігі» медалінің иегерлері.
Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2017 жылы мамыр айында ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен облыс әкімі Қ.Көшербаев арнайы келіп, лентасын қиған қазіргі білім ордасында болашақтың кілтін ұстар жас өрендердің жан-жақты білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оларға жаңа модификациялық кабинеттер, ғаламтор желісіне қосылған оқу кабинеттері, заманауи типтегі көркем еңбек пәнінен арналған оқу шеберханалары, коворкинг орталығымен кітапхана, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы спорт нысандары мен рекреациялық аймақтар, тағы басқа да мемлекет қамқорлығымен берілген ресурстардың балалардың сапалы білім алуға деген қызығушылықтарын арттырары сөзсіз.
Қазіргі таңда білім ордасында 37 педагогикалық қызметкер жұмыс жасайды. 2021-2022 оқу жылында информатика пәнінің мұғалімі Қанат Рамазанов «Үздік әдістемелік құрал» және пән мұғалімдері олимиадасында жеңіс тұғырынан көрінді. Бастауыш сынып мұғалімі Күлайым Сембева «Үздік әдістемелік құрал» байқауында бірінші, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Сералиева «Идеялар алаңы» байқауында үшінші орын алды.Тарих пәні мұғалімі Бақыткүл Жұбаниязова мен география пәнінің мұғалімі Панабек Әжен аудан мұғалімдері арасында өткізілген дебатта үшінші орын иеленді. Бастауыш сынып мұғалімі Сұлу Есет «Үздік жаратылыстану пәні мұғалімі – 2022» байқауының екінші орын иегері.
Мектеп оқушыларына білім беруде Көбес Ләпенов, Сұлу Есет, Айнагүл Кенжеғұлова, Бақыткүл Жұбаниязова сынды ұстаздар өзгелерден оқ бойы озық тұр. Мұғалімдердің ұдайы ізденісінің нәтижесінде 8 мұғалімнің пәнді оқытудағы озық іс-тәжірибелері жинақталып, жинақ болып шығарылды.
«Qyzylorda» телеарнасы мен облыстық «Жастар» ресурстық орталығының бірігіп ұйымдастыруымен өткізілген «Интеллектуалды ұлт» телевизиялық сайысында 11 сынып оқушысы Аида Сүлейменқызы І орын иеленіп, облыс бойынша ауыл мектептеріне арналған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының білім грантын жеңіп алды. 2021 жылғы мектеп түлегі Сүлейменқызы Айида еліміздегі 5 оқу орнының грантын иеленген. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Хабар»арнасының «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысына 10 сынып оқушысы Абдуллах Атамкулов қатысып, айлық кезеңнің жеңімпазы атанды.
– Мақтаулы мамандарымыз бен шәкірттеріміз баршылық. Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының зияткерлік сайыстарының жеңімпаздары атанған екі оқушы Санкт-Петербург қаласындағы мәдени-тынығу лагерінде демалып қайтты. Биылғы оқу жылында оқу мен өнерде өздерін танытып жүрген төрт шәкірт республикалық «Балдәурен» лагерінде демалды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың аудандық кезеңінде 6 оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сонымен қатар Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге мектеп оқушылары соңғы 4 жылда 100 процент қатысып, жоғары нәтижелерді көрсетіп жүр. Биылғы оқу жылында да білім грантын иеленуге арналған конкурсқа 4 оқушы қатысып, барлығы да білім гранты иегері атанды, – дейді мектеп директоры Қуаныш Көмекбай.
8 сынып оқушысы Жансезім Қали республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларында арнайы Алматы облысы, Ақсу ауданы әкімінің 100 мың теңгелік арнайы сертификатына ие болған. Жансезім республикалық Мағжан оқулары байқауының да арнайы сертификат иегері. Сондай-ақ дарынды шәкірт республикалық «Зерде» 2-7 сынып оқушыларына арналған жас зерттеушілердің конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі екінші орынды жеңіп алған. 10 сынып оқушысы Саят Меңдіқара өз жобасымен «Табиғатты аялайық» республикалық форумына қатысты.
«Caravan of Knowledge» ұйымының қыздарға арналған жобасы бойынша мектеп оқушылары Назым Жаңаберген, Роза Мақсымбет, Ақжүніс Махамбет, Ақұлпа Амантай Қызылорда қаласында STEM фестиваліне қатысты. Амантай Ақұлпа «Елбасы медалінің» қола жүлдесіне ие болды. «Caravan of Knowledge» ұйымының түрлі жарыстарына қатысқан Арқат Қали Мақтау қағазы мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
– Ауыл мектептеріне арналған 5-6 сынып оқушылары арасында өткізілетін «Мың бала» олимпиадасында 8 оқушы жүлдегер атанды. Соның ішінде 6 сынып оқушысы Айжан Шынтемір екі жыл қатарынан жүлдегер атанды. «Айқанат» олимпиадасынан озық шыққан 9 сынып оқушысы Нұрғиса Нұрсұлтан Қапшағай және Тараз қалаларында өткен фестивалдарға қатысып, арнайы сертификаттар иеленді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сайыстарда мектеп оқушылары аудандық сайыстарда жүлделі орындарды иемденіп жүр. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда мектеп дефектологы Анар Жақсылық балалармен жұмыс жасауда.
10 сынып оқушысы Аружан Серікболқызы тігін тігу ісінің шебері. Республикалық «Мамандықтар әлемін ашамыз» форумының облыстық кезеңіне қатысты. Облыс көлеміндегі оқу орындары арасында ұйымдастырылған «26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында есірткіге қарсы фестиваль аясында фестивалда 9 сынып оқушылары жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз!» тақырыбындағы өткізілген сайысында 8-сынып оқушылары ІІІ орын иеленіп, жылжымалы флипчартқа ие болды, – дейді мектеп директоры.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
13 қыркүйек 2022 ж. 524 0

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 28

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031