Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құрылды
Аталған Палатаның мақсаты мен міндеттері туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров баяндама жасады. «Құрылғалы отырған Қоғамдық палата Ұлттық құрылтай форматын творчестволық тұрғыда дамыта отырып, Мәжіліс пен азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды жүйелі түрде нығайтуға серпін береді.
Палата аясында қоғам өкілдері заң жобаларын қарап, қоғамдық сараптама жасау арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге тәуелсіз, обьективті піайымдарын айтады», - деді Ерлан Саиров. Оның сөзіне қарағанда Палата ротация принципі бойынша жұмыс атқарып, мүшелері жүйелі түрде өзгеріп тұратын болады. «Яғни Палата мүшелігіне парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, әр-түрлі саладағы сарапшылар, саясаттанушылар мүше бола алады», - деді депутат. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған Қоғамдық палатаның жұмысын тікелей өзі қадағалайтынын атап өтті. «Менің ойымша бүгін өте дұрыс шешім қабылданып, Қоғамдық Палата құрылды. Енді оның қашан жұмыс бастайтыныны, күзде әлде жазда басталатынын қосымша ақылдасамыз. Әрбір депутат осыған белсене қатысу керек. Оның мүшесі болу міндетті емес. Бірақ кез келген заң жобасы бойынша айтар пікіріңіз болса, әрбір депутат оған қатысуға мүмкіндіктері болады. Бұл жұмысты мен өзім тікелей қадағалаймын», - деді Мәжіліс спикері. Айта кетейік, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда палата жанынан әртүрлі ұстанымы бар саяси ұйымдар өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерін қатыстыратын Қоғамдық палата құру туралы ұсыныс айтқан.