Ұлы күйшінің ұрпағы
«Қазақ әдебиеті» газеті бетінен: «Дина Нұрпейісова 94 жасқа дейін өмір сүрді. Қазақ күйінің анасы өмірден өтерінде немересі Балжаннан домбыра әперуін сұрап, шанақты саусағымен түртіп отырып: «94 жыл бойы біргеміз, менің жаным мен домбырам бір-бірін қимай жатыр» деген жолдарды оқыдым. Есіме екі мыңыншы жылдың бастапқы кезеңіндегі Балжан апамен жүздесіп, сұқбаттасқаным түсті.
Мен алғаш ұшырасқанда-ақ Балжан апаның кескін-келбетінде Дина әжеміздің кітаптарда жарияланып, халық арасында кең таралып кеткен суреттеріндегі жарқын бейнесімен екеуінде аса бір ұқсастық барын аңғардым. Келген шаруамыздың мән-жайын білгеннен кейін бұлдыраған сағымдай алыста қалған өткен күндерін көз алдына келтіргендей үнсіздікке жол берді. Сосын «Жатқан жері жайлы болсын. Дина әжем халқымыздың шынайы құрметіне бөленген өте талантты жан еді ғой» деп ақжарқын мінезді Балжан апа біраздан бергі жүрек түкпірінде жүрген әңгіме тиегін ағыта бастады...
Дина Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Бекетайқұм деген жерінде туған. Динаның әкесі Кенже қарапайым шаруа адамы болыпты. Шын тұлпарды шашасынан тани білетін атбегілік және түрлі тойларда белсеніп белдесуге шығып, күресетін палуандық өнері бар екен. Сонысымен қоса жас күнінде домбыра шертуге бейімділігі болса да кейін тіршілік тауқыметі жетегіне мойын ұсынып, мүлде қол үзіп кетіпті. Динаның шешесі Жәниха ұяң мінезді, аса мейірімді, қонақжайлылығымен танылған көрінеді. Ауыл-аймаққа сыйлы болған.
Дина жас күнінен қолына домбыра ұстап, соған ерекше ынта білдіреді. Тоғыз жасқа келгенінде ән мен күйді нақышына келтіре тартып, жиын-тойда өнерімен таныла бастайды. Қызының бойынан домбырашылыққа деген ынта-ықыласты байқаған әкесі мен шешесі талабына қарсы тұрмаған.
1870 жылы ауыл жұртын аралап, жол үстінде жүрген сапарында Құрманғазы тұлымшағы желбіреген кішкене домбырашының кеудесінде дарын бұлағының бар екенін байқайды. Динаның әкесіне қыздарының домбыра тартуға деген талабының мол екенін, оны тәрбиелеуді келешекте өз мойнына алғысы келетінін айтады. Сол күннен бастап талантты жас атақты күйші Құрманғазының шәкірті атанып, күй өнеріне шындап бет бұрған. Құрманғазыға еріп халық арасында өткізілетін түрлі ойын-сауық тойларға қатысып, домбыра тартады. Сөйтіп жүріп өзі танымайтын көптеген күйшілермен танысып, домбырашылықтың тылсым сырларын көкірегіне түйіп, күйшілік өнер жолындағы шеберлігін дамыта түседі. Ұстазы Құрманғазының күйімен бірге Дәулеткерейдің Түркеш, Ұзақ, Байжұманның шығармаларын домбыра құлағында нақышына келтіре ойнайды.
Он тоғыз жасты толтырған Дина «он бесте отау иесі» деген сол заманның бұлжымас үрдісімен Беріштің Бесқасқа руының азаматы Нұрпейістің Нұралы есімді баласымен отастырылады. Дина мен Нұралы ерлі-зайыптылық өмірлерін тату-тәтті өткізе біледі.
1888 жылы Динаның ауылына жолы түсіп келген ұстазы Құрманғазы оған біраз жаңа күйлерін үйретеді. Сонымен бірге шәкіртінің күй шығарып, шығармашылықпен айналысуға көңіл аударуы қажеттігі жөнінде көп ақыл-кеңестерін береді. Осының нәтижесінде Дина табиғатты суреттеуге арнап «Бұлбұл» атты алғашқы күйін шығарады. Мұнан кейін Түркешке еліктеп шығарған «Байжұма» деген күйін тыңдарман қауымға ұсынады.
– Маған әкемнің айтуы бойынша Нұралы атамыз бен Дина әжемізден бес бала тарайды, – деді Балжан апа бізбен әңгіме үстінде. Олар Жүрінбай, Бақтылы, Әсемқоңыр, Төремұрат, Қатимұрат. Солардың ең үлкені Жүрінбай, Балжан апамыздың әкесі.
1916 жылғы ұлт-азаттық күрес тұсында патша үкіметі «бұратана» халықтардың он сегіз бен қырық үшке дейінгі азаматтарын тыл жұмыстарына алуға қатаң бұйрық береді. Бұл жергілікті жерде көп бұрмалаушылыққа ұшырайды. Өйткені аталған ауыр жұмысқа байлар мен болыстардың, билердің балалары шақырылмай тек ғана кедей, батырақтардың ұрпақтары тізімге ілінеді. Осындай тыл жұмысына алынғандардың қатарынан Жүрінбай да табылған.
Дина осы ел басына төнген нәубет кезінде сүйікті ұлына арнап «Набор» деген күйін шығарып, ол халық арасында «Он алтыншы жыл» деген атпен кеңінен тараған.
Кейін кеңес үкіметі орнағаннан кейін Жүрінбай сауатын ашып, ел билейтін азаматтар қатарына ілінеді. Астрахань облысының Азау селосында ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарып жүргенінде Ұлы Отан соғысына алынады. Соғыстан 1946 жылы ауыр жараланып оралып, ұзамай дүние салады.
Көппен көрген ұлы той. Ғайша шешелерінің қамқорлығына бөленген апалы-сіңлілі Ақжан мен Балжан жұрт қатарлы өздерінің бұйырған ырзық несібелерін бөліп ішіп, қоңырқай тіршіліктерін бастан өткеріп жатты. Сонда апасы Ақжан он жеті жасты толтырса, Балжан он жасқа аяқ басқан.
1937 жылы Алматыға арнайы шақырылған Дина сол күндері ақ басты Алатаудың етегіндегі әсем астанада тұрып жатқан. Ресейдің Астрахань селосынан ат арылтып, арнайы сәлем беруге келген келіні Ғайшаға енесі өз көкейінде жүрген емеурінін білдірді. «Тірліктегі талқаны таусылып, ұлым Жүрінбай бақилыққа аттанды. Енді өлгеннің артынан өлмек жоқ. Екі қызыңды алып, Алматыға көшіп кел. Балаларыңды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай ел қатарына қосу сағанда оңай болмас. Бәріміз бірге тұрсақ, қолдан келген көмегімді көрсетермін. Оның үстіне өзіміздің атажұртымыздан артық дүниеде не бар?!» деген сонда кейуана ауыр толғанып.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, көпті көрген енесінің бетіне жел болып тиіп көрмеген келіні үлкен кісінің ығына жығылады. Айтқан ақылын мақұл көріп, оны құптап шыға келді. Үйелмелі-сүйелмелі екі қызын жетегіне алып, тау етегін жайлаған Алматыға қоныс аударды. Калинин (қазіргі Қабанбай батыр) көшесі бойында орналасқан Дина үйінде бір отбасының адамдарындай татулығы жарасып, бірге тұра бастады. Бұлар қаладағы жалғыз қазақ мектебі атанған №12 орта мектебінде білім алды.
– Мен Дина әжемізбен бірге тұрғанымызда ол кісіге бауыр басып, жақын тани бастадым, – деді Балжан апа сол күндерді еске алып.
– Әжеміз иықты, ұзын бойлы, ер тұлғалы, басына үнемі үлкен жаулық тартып жүретін. Жасының ұлғайғанына қарамастан өте еңбекқорлығынан танбады. Ол шығармашылық істермен үзбей шұғылданумен бірге республикамыздың музыкалық-қоғамдық істеріне белсене араласты.
1939 жылы күйші өмірінде есте қаларлық оқиға болды. Дина сол жылы халық аспаптарын тартатын шеберлердің Бүкілодақтық бірінші байқауына қатысу үшін Мәскеуге сапар шекті. Көшпелі халықтың фольклорлық өнерінің уәкілі ретінде Колонна залының сахнасында Құрманғазының «Бапаст» күйін және өзінің күйлерін орындады. Ресей жері оны құрметті қонақ, танымал өнер иесі ретінде құрметпен қарсы алды. Бүкілодақтан жиналған саңлақ өнерпаздар арасында Дина бірінші орын алып, қазақ күйінің құдіретін танытты. Астана сахналарымен бірге республикамыздың жер-жерлеріне барып, концерт қойып көрермендердің қошеметіне бөленді. Талантты күйші айналасына өрімдей жастарды жинап алып, домбырашылық өнерін үйретуге еш уақытта ерініп көрген емес. Ол кісінің отбасында өнер адамдары жиі басқосып тұратын. Қазақтың белгілі азаматтары: Ахмет Жұбанов, Сәуірбек Бақбергенов, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова, Сыдық Мұқанбетжанов, Ілияс Есенберлин, Қали Жантілеуов, Ұлықпан Мұхитов Дина үйінің дастарқанынан дәм татып, жақын сырласына айналған.
Дина өте зерек жан, бір естіген әңгімесін ұмытпайтын. Сонымен бірге ашық-жарқын, орынды айтылған әзілді түсіне білетін көңілді адам болатын. Оның орындауындағы Құрманғазының, басқа да халық композиторларының күйлері үнтаспаларға жазылып, қазақтың музыкалық қорын толықтырды. Өзінің «Әсемқоңыр», «Сегізінші март», «Сауыншы», «Сталин туралы күй», «Жеңіс», «Ана бұйрығы» тағы басқа да күйлері халық арасында кеңінен танымал.
Республика үкіметі қазақтың халық аспаптарында тартылатын музыканың салтын сақтап, кейінгілерге жеткізген зор табысы үшін Динаға Қазақстан искусствосына еңбегі сіңген қайраткер деген атақ берді. Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің он жылдығы тойланғанда республикамыздың халық артисі атанып, мәртебесі өсті.
Екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Дина Нұрпейісова 1955 жылы 31 қаңтарда жасы тоқсанның төртеуіне келген де баласы Төремұраттың қолында қайтыс болды. Алматы қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет істеген Төремұрат 1974 жылы, келіні Алматай 1990 жылы өмірден озған. Солардан қалған ұрпақтар: Бақтығұл, Жасұлан, Кәрима Алматы қаласында тұрады. Үйленген, бала-шағалы.
Ал біз бүгін халық композиторы, күй анасы ретінде танылған Дина Нұрпейісованың немере қызы деп әңгіме арқауына айналдырған Балжан Жүрінбайқызы Нұрпейісова апамыз өмірінің соңғы жылдарында Әйтеке би кентінде тұрды. Дина әжеміз қартайған шағында жанында бірге болып, көзін көрген Балжан Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің оныншы сыныбын ойдағыдай бітіргеннен кейін, жоғары оқу орнында білімін жалғастырады. 1956 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар атындағы педагогикалық институтының биология-география факультетіне түседі.
Жаңалық пен жақсылыққа құмар жалынды жастық шақтың думанды күндерінің бірінде ауыл шаруашылығы институтының агроном мамандарын даярлайтын бөлімінде оқитын Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан келген Ақылбай Жақсыбаев есімді жас жігітпен танысады. Жүректері ұғынысып, ой мақсаттары бір арнаға тоғысқан олар 1956 жылы үйленеді. Институт бітірген жас мамандар жеті жыл Алматы қаласында тұрып қызмет істейді.
1968 жылы күйеуі Ақылбайдың қалауымен олар Қазалыға оралады. Ақылбай туған жерге келісімен өз мамандығы бойынша ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстарға белсене араласады. Агроном ретінде шаруашылықтың күріштен мол өнім алуына лайықты үлесін қосады.
Балжан жас шәкірттер санасына білім мен тәрбие нәрін егіп, ұстаздық қызметін адал атқаруға күш салады. №25 қазақ орта мектебінде ширек ғасырға жуық мұғалім болып, жүздеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Ұзақ жылғы еңбегінде абыройға бөленді. Мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарды. Халық ағарту ісінің үздігі атанды. 1978 жылы Мәскеу қаласында өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық V съезіне делегат ретінде қатысты. Ол 1991 жылы зейнеткерлік демалысына шықты. Елу жеті жасында дүние салған күйеуі Ақылбайдың жете алмай кеткен қызығын өзі көрді. Ермек, Шолпан, Серік атты балаларының әрқайсысы шаңырақ көтерді, барлығы да үйлі-баранды.
Дина Нұрпейісованың немере қызы, Балжан Нұрпейісова апамыз сол жолғы бізбен әңгімесінде:
– Мен күй анасы атанған Динаның туған немере қызымын. Маған әжеміздің киелі өнері қона қоймаған. Бірақ өзіммен бірге туысқан Ақжан апам өлең жазатын, ақын болатын. 1998 жылдың күзінде соның Парламент депутаттығына сайланған баласы Төлеген Астанадан үй алып, қоныс тойына бардық. Қаладағы балалар паркінің ашылу салтанатына қатысқанымызда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты көзбе-көз көрдім. Онымен бірге ескерткіш үшін суретке де түстік.
Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, Дина әжемізге көп қызмет еткен менің шешем Ғайша біздің қолымызда тұрып, 1973 жылы 88 жасында қайтыс болды. Бейіті Қожабақы ауылы маңында. Сол ата-бабалар әруағы әрдайым жар болсын!
Өмір – өзен. Бүгіндері Балжан апа арамызда жоқ, 2013 жылдың қараша айында мәңгілік мекеніне аттанып кеткен. Алайда ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, өркен жая түскені қуантады. Жақында тектінің тұяғына баланған апаның шаңырағына барғанымызда келіні Ромаш Жүсіпәлиқызының:
– Қадірлі енем мен оның ұлы, менің жан жарым, марқұм Ермек те Дина әженің рухын ерекше кие тұтатын. Ұлтымыздың күй өнерін дүние жүзіне паш еткен ұлы күйшінің есімін қазіргі немере, шөбере, шөпшектері де әрдайым мақтаныш етеді, – деген ыстық ықыласты лебізін
естідік.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі