Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдың жайы жабырқатады

Жолдың жайы жабырқатады

Қазіргі таңда кенттегі ең көкейтесті мәселелердің бірі жөндеу көрмеген жолдар екені жасырын емес. Кент орталығындағы бір-екі көшеден басқасына көлік жүргізушілердің көңілі толмайды деп толық айта аламыз. Басқа жолдың барлығы: шұрық, тесік, құдық. Ең сорақысы, бұл «жабайы» жолдардың бүгін-ертең жөнделетін түрі байқалмайды.
Бұл мәселе аса бір нақты дәлелдерді қажет етпейді. Айналма жолдарды айтпай-ақ қоялық. Себебі, онымен жүк көліктері, автобустар жортады. Бірақ кент ішіндегі жолдар одан бетер: танк жүріп өткендей. Мәселен, Жанқожа батыр көшесіне жолы түскен жүргізушілер азаптың алтауын қатар көреді. Қ.Сәтбаев мектебінің тұсынан басталатын «тар жол, тайғақ кешу» көше соңында бір-ақ аяқталады. Егер жүргізуші бұл жолмен ережені бұзбай жүретін болса көлігінің саутамтығы да қалмас еді. Шұңқырлардан қашу үшін ережені бұзуға мәжбүр. Осы тұста жол полициясы қызметкері шыға келсе, айтыппұл төлейді тағы. «Іздегенге – сұраған», кенттегі көлік жөндейтіндердің көпшілігі осы жолдың бойынан орын тепкен. Осы «ойдым-қырдымға» бірнеше рет тап келген көлік иесі механиктердің біріне міндетті түрде жеп отырған нанын бөліп береді. Бірақ біздегі тұрғындардың біразы аталған жолдардың жөнделуі үшін мемлекетке салық төлеп отырғандығын қаперіне ала бермейді. Бір ғана батыр баба атындағы көшедегі күнделікті орын алатын жағдай осы. Ұлы Қазақ елінің қалыптасуы үшін жанын берген Ер Жәкеңнің есімімен аталған бұл көшенің осындай аянышты хәлге ұшырағаны әрине, көңілді қынжылтады. Бұдан бөлек көше бойындағы тығылыстырып жалғанған бөшкелерге ұқсайтын жылу жүйесінің құбырлары да автомобиль жолының енін тарылта түскен. Жанқожа батыр мен Қ.Сәтбаев көшесінің жолына сәндік үшін қойылған кесе ұстап тұрған екі алақанның нендей тәрбиелік мәні барын жұрт әлі күнге түсіне алмай жүр.
Мақалаға мәлімет жинау барысында көше бойынан ондаған көлікті тоқтатып, жүргізушілермен әңгімелескен едік. Көпшіліктің ойы: «Жол жарамсыз, бірақ біздің жанайқайымызды елеп жатқан кім бар?», «Бұл жол – көліктің жауы», «Әкімдік неге бақылауына алмайды?», «Тек шұңқырларын бітеп берсе де жарайды», «Қай көшенің де оңып тұрғаны жоқ», деген пікірден алыстамайды. Біз үшін ең тұшымдысы жасы алпысқа жуықтаған Төлеген атты азаматтың уәжі болды. Ол көшенің осы кезге дейін бірнеше рет жөндеу көргенін, алайда тегістелгеніне бір жыл толмастан қайтадан байырғы күйіне түскенін жеткізді. «Одан да осы төселген асфальтты трактормен сүріп тас­таса нұр үстіне нұр болар еді. Қиыршық тастың үстімен жүрген мынадан мың есе артық. Жарты метрге жуық бұл шұңқырдың үстімен жүк көлігі де жүре алмайды. Мұның несі жол?» – дейді ашынған азамат.
Шынында да сүрілген жол көліктердің қозғалысын біршама жеңілдетер еді. Толқыған теңіз үстіндегі қайықтай болған көліктердің иелері осындай тілектерін ортаға салды. Бірақ бұл бір ғана Жанқожа батыр көшесінің жағдайы. Бұрын асфальт төселген М.Шоқай, Біржан сал, Желтоқсан, В.Счастнов, О.Сүлейменов, Қ.Сәтбаев сияқты көшелердегі ұңғымаларды санасаңыз, санынан жаңыласыз. Ал асфальт төселмеген көшелердің күйі қаншалықты аянышты екендігін кеше кірген күздің жауын-шашынынан кейін анық байқауға болады. Алайда ересектерден бөлек мектеп оқушыларының тізеден батпақ кешіп жүргендігі біреуді алаңдатып отырғаны шамалы. Теміржолдың арғы бетіндегі адамдар тек Қ.Ерімбет көшесімен ғана жүретіндей сол көшенің ғана беті тегістелген. Жауынды күндері жүргіншінің де, көліктің де таңдауы, рухыңнан айналдым, Қарасақал көшесі болып отыр.
Халық көлікті жұмысын жеңілдету үшін, уақытын үнемдеу үшін тұтынатыны белгілі. Алайда біздің жолдармен тек уақытты өлтіріп, жұмысыңды еселей түсуден ұтуға болатын секілді. Амалы таусылған тұрғындарды ойдым-ойдым жерлерді құм-сазбен бітеп жатқанын да көзіміз көрді. Бірақ бұл шытынаған әйнекке «ликопластырь» жабыстырып қойғанмен бірдей дүние емес пе?! Жарамсыз жолдар үшін билік емес, неге халық алаңдауы керек? Аймақтағы жетекші аудандардың біріміз дей тұра неге инфрақұрылымымыз құлдырау үстінде? Біз дамып барамыз ба, қалып барамыз ба? Сұрақ көп. Жауап жоқ.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.
09 қыркүйек 2018 ж. 1 416 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930