Сәуірде ауа райы қандай болады
Найзағай, бұршақ, шаңды дауыл сияқты құбылыстар сәуірде жиі болады. Қазгидромет мамандары сәуірде ауа райы қандай болатынына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Синоптиктер болжамына сәйкес, сәуірде күннің ұзақтығы артып, күн жылына бастайды. Қазақстанның солтүстігінде ауаның орташа тәуліктік температурасы 0 градустан көтеріледі.
Солтүстікте күн айтарлықтай жылы болады және жауын-шашын жаумайды.
Елдің батысында жел мен жаңбыр болады.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республиканың қалған аумағында да ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік өңірлерде жауын-шашын жауады, оңтүстік өңірлерде жаңбыр, найзағай болады.
Еліміздің басым бөлігінде тұман, көктайғақ және желдің екпіні 15-20 м/с, кей күні 23-28 м/с дейін күшейеді.
Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында ауа температурасы жоғарылайды: республиканың батысында түнде +1...+9C-тан +3...+12C, күндіз +7...+15C-тан +15...+22C-қа дейін; солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында түнде -5...+3C-тан 0...+7C-қа дейін, күндіз +2...+10C-тан +5...+13C-қа дейін; орталығында түнде 0...-5C-тан +2...+7C дейін, күндіз +6...+11C-тан +13...+18C-қа дейін.
Сәуірдің бірінші онкүндігінің ортасында антициклонның әсерінен еліміздің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде ауа температурасы аздап төмендейді. Бұл бірнеше күнге созылады. Ауа температурасы түнде -5...+3C -қа, күндіз +3...+10C дейін төмендейді.
Алайда республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде бірінші онкүндік ішінде түнде ауа температурасы +8...+13C-қа жоғарылайды, ал күндіз +15+23C-тан +20+28C-қа дейін құбылады.
Сәуірдің екінші және үшінші онкүндігінде температура жоғарылайды: еліміздің солтүстік жартысында күндіз +15...+23C, оңтүстігінде +28...+35C жетеді.
Бірақ бұған қарамастан, негізінен батыс аймақтарда және елдің солтүстік жартысында ауа райы құбылмалы болады: жауын-шашын, боран, тұман, көктайғақ болуы мүмкін, жел екпіні 28 м/с дейін жетеді.
Оңтүстік жартысында кей күні жауын-шашын жауады, таулы және тау бөктерінде ауа температурасы төмендеген кезде қар түсуі мүмкін.
Найзағай, бұршақ, шаңды дауыл сияқты құбылыстар сәуірде жиі болады.
Көктемнің ортасында ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде суық ауа массаларының енуі кезінде термометр бағандары түнде 0...-9C-қа, күндіз +3...+8C-қа дейін, елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде түнде -5...+7C-қа, күндіз +10...+15C -қа дейін төмендеуі мүмкін.