Жүрек дерті жасарып барады
Адам жанына арашашылар жайлы қаншама қалам тербетсек де, артықтық етпейді. Салауатты әрі бақытты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емес. Бүгінде елдегі ақхалатты жандардың біліктілігін медицинасы дамыған елдердегі мамандардың қабілетінен кем еместігімен марқая аламыз.
Ұлт жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу болатын. Бұл жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық береді. Осы бағытта теміржол ауруханасының ұжымы мінсіз жұмыс істеуде.
Соңғы уақыттары жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі аурулар етек алуда. Бұрындары 50 мен 60-тан асқандар арасында санаулы адам мұндай дертке шалдықса, қазір жас талғамайтын болған. Бүгінде мамандарды "дерт неге қанат жая түсуде" деген сауал мазалайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала зерттеулері бойынша, 2030 жылға қарай әлемде шамамен 23,6 миллион адамның жүрек-қан тамыры жүйесіндегі дерттерден, оның ішінде басым бөлігі жүрек аурулары мен инсульттен қайтыс болуы мүмкін екен.
Қан қысымының үнемі жоғары болуы – инсультқа апаратын жолдың бірі. Мамандар артериалдық гипертонияның жастар арасында өрістеуіне қатты алаңдаушылық білдіруде. "Артериалдық гипертонияның өсуіне темекі шегу, алкогольді шамадан артық тұтыну, дененің артық салмағы, аз қимылдау, күйзелістер тәрізді факторлар едәуір әсер ететіндігін алға тартады дәрігерлер.
– Науқастарды дер кезінде қабылдап, жедел медициналық көмек көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар, құрылғылармен, дәрі-дәрмектермен, тасымалдауға арналған арбалар және лифтімен жарақталды. Үлкен және кіші операциялық залдар тәулік бойы нейрохирургиялық операциялар жасау үшін дайындалып, арнайы құралмен қамтамасыз етілген. Реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтіліп, осы заманғы қондырғылармен қамтылып, нейрохирургиялық операциялардан кейінгі қосымша реанимациялық 4 төсектік палата ашылды.
Соңғы жылдары инсультке ұшыраған жандар қатары артып кетті. Осы орайда 2016 жылдан бері ауруханада ашылған нейроинсульт орталығынан Арал, Қармақшы, Қазалы аудандарының азаматтары ем алуда, – дейді нейроинсульт орталығының меңгерушісі Талғат Жиенқұлов.
Дәрігердің айтуынша, адамдардың денсаулығына зиян тигізетін әдеттерден арылуы, сонымен қатар инсульттің алғашқы белгілері білінгенде дұрыс және дер уақытында алғашқы көмек көрсетудің маңызы туралы жұртшылықтың хабардар болуына басты мән берілуі қажет.
– Инсульттiң бастапқы негiзгi белгiлерi қол, аяқ бұлшық еттері жансызданып, сөз бұзылып, бас ауырып, жүрiс бұзылып, адамның есінен тануы мүмкін. Егер жақыныңызда осы белгiлер байқалса оны елемеуге болмайды, дереу дәрiгерге жүгінген абзал. Дер кезінде көрсетілген шұғыл медициналық көмектің әр сағатының аса маңызды мәні болғандықтан инсульттiң пайда болуынан кейiн уақытылы емдеуін бастап және диагнозы дұрыс қойылған жағдайда инсульттің зардабын мейлінше азайтуға болады.
Ағзадағы бұзылған функцияларды қалпына келтiру үшін инсульттi емдеу кешендi болу қажет. Бұл бойынша дәрі-дәрмекпен қоса оперативті емдеу, әлеуметтік және физикалық оңалту атқарылып, емдеу барысында түрлi мамандар, невролог, нейрохирург, терапевт, кардиолог, хирург сонымен бiрге басқа мамандар, логопед, психолог, әлеуметтiк қызметкер қатысады. Ал ең негізгі мән берілуі тиіс дүние – адамдардың саламатты өмір салтын ұстануы. Шынында, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді, әрі қалтаға түсетін салмақ та азая түседі, – дейді Талғат Жиенқұлов.
Оның мәлімдеуінше, жасы 40-тан асқан тұрғындарды скринингтік зерттеулерден өткізудің маңызына тұрғындар жете мән бере бермейді. Ал соның арқасында өздері білмей жүрген қаншама артериалды гипертония ауруына шалдыққан пациенттер анықталған. Соның нәтижесінде азаматтар қан қысымын бір қалыпта ұстайтын тегін дәрілермен қамтамасыз етілуде. Оған қоса осы аурудың диагностикасы мен емделуінде жоғары технологиялық әдістерді қолдану оңтайлы нәтижелерін беруде.
Адам болмысында туабітті қанағатсыздық қасиет бар. Сондықтан да материалдық жағдайымызды еселей түсуге ұмтыламыз. Бірақ дені сау әрбір адам өзінде шексіз байлық бар екенін сезіне бермейді. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деуі де сондықтан. Ендеше денсаулық мәселесіне аса мән беру қажеттігін жеткізді ақхалатты абзал жандар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА