Түнерген көше, кеткен есе...
Кеш батысымен қараңғылық құшағына еркін енетін қазалылықтар үшін бұл жайт бас ауыртар басты мәселенің бірі. Жылу, көгілдір отын, жолдан да маңызды саналатын түнгі жарықтың жоқтығы жанына батқан жұртшылықтың көкейіне көмілген түйін. Ауыл-аймақ, арық жолдарын қойғанда, ауданның бас шаһары Әйтеке би кентіндегі мәселенің шешімін таппауына не кедергі?
Жол жаққа қараймын,
Сен жоқсың, арайлым,
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен, – деп айтылатын ән әйтекебиліктер үшін сағыныш сазын жеткізетін лирикалық шығарма емес, жаңалыққа мойын созып, ертеңіне елеңдеген ішкі мұңын жеткізетін жолдарға айналған.
Қазақ даласына ХХ ғасырда келген бұл өркениет бастауынсыз бүгінді елестету мүмкін емес.
«Жаңа ғасырдағы барлық жетістік, өзгерістердің осы электр жарығына қатысты екені айтпаса да түсінікті. Ал оны тұрғын үй, мекеме, ұйымдарға ғана жеткілікті қылып қоймай, аулалар мен көшелерге жеткізуде Қазақстан қауқарлы. Түгелдей болмағанымен, кезең-кезеңімен орындауға болады. Оған кедергі жоқ деп ойлаймын. Тіпті ауылдардың өзі жарықтанған. Әсіресе, сырттан қонақтар келгенде біздегі атқарылған жұмыстар мен көрікті орындарды көрсетуге жарықтың жоқтығы айтарлықтай кедергісін келтіреді», – дейді кент тұрғыны Сәлима Ысқаққызы.
«Айта айта Алтайды, Жамал апаң қартайды. Оның несін айтасың. Кенттегі үлкен көшелердің бірі Мұстафа Шоқайдың тұрақты тұрғынымын. Тас түнек көше барлық адамға қауіпті. Екінші ауысымда оқитын немеремді сабақтан алып қайтуға барғанда аузымнан «Алла» мен «биссмилламды» тастамаймын. Көше ойдым-ойдым. Айтсақ, «кезегі әлі келген жоқ» дейді. Егер жазатайым жағдай болып, тобығымыз тайып, не басқаша мертіксек, үлкен адамдардың жазылып болуы да қиын. Ал көшемен ерсілі-қарсылы жүретін шетелдік көліктердің кейбірінің мүлде дыбысы естілмейді. Жол ережесін білмейтін жасөспірімдердің де тізгінде отыратыны бар. Кім біледі, кездейсоқ кедергіге ұшырап қалса, өзіне де, өзгеге де қауіп. Мұны айта да, жаза да шаршадық», – дейді еңбек ардагері Мәдина Медетова.
Зейнеткер таусыла айтып отырған шағымдағыдай жаяу жүргінші жолы жоқ жерде оның қаупін айтудың өзі артық. Одан өзге бұл ұры-қарының еркін салтанат құруына жасалған жағдай. Осы қиындықтан түнгі жарық тарту құтқарады. Қазіргі таңда қараңғылықтан қорыққан Мәдина апа сынды балаларын мектептен алып қайтатын, жұмыстан кешкі 19:00 немесе одан кейін шығатын жандар такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ал оның отбасылық бюджетке қаншалықты шығын келтіретінін ескермеуге болмайды.
Жолдың жүру бөлігін көру қиындығы жол-көлік оқиғаларының орын алуына апарып соғуда. Тақырып аясында автокөлік жүргізіп жүрген жерлестеріміздің базынасына да құлақ түрдік.
«Жарықтар орнатылып, олардың көп ұзамай іске жарамсыз болып қалып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Түнгі жарықтандыру Қазалы халқы үшін әлі күнге өзектілігін жоғалтпаған мәселе болып отыр. Жаяу жүрген де, көлікте отырған да жандарын шүберекке түйіп отырады. Оған жағдай жасалмаған. Мәселен, кенттегі үлкен Қ.Сәтбаев, Т.Әубәкіров, Сырым батыр көшелері жартылай, анығын айтсақ, санаулы бөлігі ғана жарықтанған. Ол көзбояу ма, әлде адамды алдарқату ма? Тіпті күлкің келеді. Ауданда жұмыстар атқарылмай жатқан жоқ. Бұл орындалар. Бірақ оған дейін қанша шығын орын алары белгілі», – дейді Сәрсенбай Ахметов.
Сауалды Әйтеке би кенті әкімідігіне жолдадық. Білгеніміз, биыл бұл бағытта жұмыстар әлі бастауын алмаған.
Әкімдік мамандарының мәліметінше, мәселе реттілігімен шешімін табуда.
2021 жылы сыртқы жарықтандыру желілерін пайдаланып, ағымдағы жарықшамдарды жөндеу бағытында жүзеге асырылған жұмыстар жеткілікті.
Көшелерді жарықтандыруға бөлінген 11630,0 мың теңгеге Жанқожа батыр, Әйтеке би, Р.Бағланова көшелері мен кіреберіс жолдардағы 200 дана жарықшамдар қайта ауыстырылып, Е.Көшербаев көшесінің Т.Бөріқұлақов-Қ.Пірімов аралығына түнгі жарықшам орнатылған.
Көше бойындағы бағаналарда орналасқан кронштейндерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа Т.Бөріқұлақов көшесінің жарықшамдары жаңартылып, электр желілері қайта ауыстырылған.
Ал аудандағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі кенттегі көшелерді өз күштерімен жарықтандырмайтынын жеткізді. Бөлім басшысының орынбасары жауабынан естіген жағымды жаңалығымыз – қайта жаңғырту жүргізілген С.Мұханов, Әбілқайыр хан көшелерінің жөндеу жұмыстары туралы бағдарламасын да көшемен бірге оны жарықтандыру ісі көрсетілгені болды. Әлі жөнделіп бітпеген қос көше жыл ішінде жарық күйге енуі мүмкін екенін естіп, көңіліміз жайланды.
Такси жүргізушісі Мұрат Есенов «Ильич шамының» игілігін неге орталық көшедегілер мен күре жол бойындағылар көруге ғана тиістілігіне шағымданса, әріптесі Бақытбек Омаров сапасыз жарықтандыру жағдайды одан әрі күрделендіретінін айтады. Оның сөзінше, біз айтып отырған орталық көшелер қасбетіндегі заманауи жарықшамдарды көбейту не дұрыстау қажет. Мәселен, Жанқожа батыр көшесіндегі батыр атымен аталатын мешіт тұсындағы жарықтан жолды не онда кетіп бара жатқан адамды ажырату мүмкін емес. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолының көбі өшірілген, жақын жерлеріне жарық тартылмаған.
Тұрғындар арасында өздері тұрған көшені ғана емес, кентке көлік кіретін маңызды жерлерге жарық тарту жайымен бөліскендер де болды.
Бақылау барасында жарық бағандары орнатылмаған орындар көптігін байқадық. Бұл бір ғана әкім мен жауапты орындар шешетін мәселе емес. Кейде уақытпен ғана санасатын жауапсыз мердігерлердің ісіне де бақылау қажеттігі ойға оралады. Жұмыс сапасы мен келіссөздердің нәтижелілігі барша үшін маңызды.
Көшелер жарықтануын өмір сүрудің функционалды әрі эстетикалық қажеттілігі деп тапсақ, ақылды, энергия жүйесін пайдалану – уақыт талабы. Оған ілесетін Әйтеке би кентінің әрленіп, мүлгіген көше, кеткен еседен арылып, жарық әрі қауіпсіз қалаға айналуын арман еткен жұртшылықтың тілегі көкейде қалықтауда. Олар үшін әзірге «Түн жамылып келеміз, айсыз ашық аспан» деп басталатын әнді серігімен бірге шырқай тұруға уақыт жеткілікті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА