Жарық неге жиі сөнеді?
Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Оның қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған электр энергиясына қатысты сауалдарға аудан әкімдігінде өткен брифингте Қазалы аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Ерболат Мұхашев жауап берді.
Мекеме басшысының айтуынша, электр энергиясын жеткізуде қиындық жоқ. Бұл бағытта біршама жүйелі жұмыстар атқарылған. Мәселен, биыл тапсырыс көлеміне қарай бөлінген қаражатқа көшелерге күрделі жұмыстар жүргізілуде. Электр бағаналары мен сымдары ауыстырылуда. Ауданда мамандар тапшылығы жоқ. Барлығы 92 адам қызмет жасайтын орында жұмыс көлемінің ұлғаюына қарай штат санын көбейту де жоспарланған.
Баспасөз құралдары тарапынан қойылған сұрақтардың дені соңғы кездерде жарықтың жиі сөнуі туралы болды. Бұл сауалға қолайсыз ауа-райы кезінде жарыққа қатысты апатты жағдайлар жиі орын алатын, сол кезде арнайы бригаданы жию, сондай-ақ ұдайы соққан желден шаң басқан трансформаторды сүртіп-тазалау уақыт алатынын атап өтті. Электр желілерінің уақытша ажырауы туралы хабарландыру әлеуметтік желілер, жеке парақшаларда уақытылы жарияланған.
Қазір ауданда құрылыс қарқынды атқарылуда. Мәселен жаңадан салынған баспаналардың ішкі монтаждық жұмысын орындауға персонал жетпейтінінен бәріңіз хабардарсыздар. Біздің жұмысшылар электр желісін қадағалайды, подстансаларды қарайды. Сонымен бірге жаққан жарық қуатын көрсететін құрылғыны бақылайды. Жеке тұрғын ішкі желісін өзі маман тауып жүргізеді. Үй ішіндегі ішкі желіде ақау болған жағдайда жауап беретін арнайы мекемелер бар», – деді сөзінде.
Төтенше жағдай орын алғанда босамайтын желілер жайын Ерболат Сартайұлы телефон нүктелерін көбейткенмен, оған жауап беретін маман жалғыз болғандығымен байланыстырды. Мұндай жағдайда аудан жұртшылғы кезекші бөлімнен бөлек, мекеме басшысының өзіне тікелей шыға алатынын айтты.
Бүгінгі таңда әлемде энергия тапшылығы байқалатындықтан, электр қуатын үнемдеу – қоғамдағы басты қажеттіліктердің бірі. Бұған бейжай қарауға болмайтынын жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА