Мұрағатшылардың мерейлі мезеті

Бүгінгі күнге дейін ерен еңбек етіп келген талай архивші абыройы артып, көпшілік алдында мерекеде марапат алмай кеткені көңілдің келтесіндей көрінетін. «Ештен кеш жақсы» деген тәмсілге сай ендігі уақытта архив саласының мамандары ескерусіз қалмайтын болды. Бірер күн бұрын аудан басшысы Мұхтар Оразбаев аудандық архив мекемесіне арнайы барып, ұжым қызметкерлерін құттықтап қайтқаны соның дәлелі десек жарасады.
– Архив – бұл тарихтың қайнар бұлағы. Ал сала қызметкерлері – тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашыры. Жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған ақпараттық қазынамен жұмыс істейтін архив қызметкерлері ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Дәл осы қарқын әлі ұзақ уақыт сақталатынына сенім мол. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, еңбекте табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң ұжым қызметкерлеріне Құттықтау хат табысталып, мекеменің қойма меңгерушісі Күлсін Меңдібаева мен ақпараттық технология бойынша инспектор Қайрат Торжымбаев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Аудандық архив мекемесінің басшысы Жарқынбек Қалымбет ұжым мүшелерін құттықтай келген аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Кәсіби мерекенің белгіленуі еліміздің архившілері үшін қуанышты жаңалық болғанын атап өтті. Сондай-ақ 22 желтоқсанның «Архившілер күні» ретінде таңдап алынуы бекер емес екенін, 1998 жылы дәл осы күні елде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданғанын тілге тиік етті.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ