«Төртінші билік» төрге шықты


– Ел ішіндегі салалы ахуалды, аудан жетістіктерін бұқараға ұғынықты жеткізуде, шығармашылық орта қалыптастыруда қалам ұстаған әрбіріңіздің орныңыз ерекше. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс барысында сынға сабырмен қарап, қоғам пікіріне бой түзеу керегін ескертіп отырамын. Бұл сіздердің ұлт мүддесіне, ел дамуына бейжай қарамайтындарыңызды көрсетсе керек. Бүгінгідей мерейлі мереке күні отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деді М.Әуесұлы.
Бұдан соң салаға еңбегі сіңген арда азаматтар алғысқа бөленіп, үздік қабілетімен көрінген қызметкерлер марапат мінберіне шықты. Алдымен ардагер журналист Алмагүл Қаржаубаеваға Мұқағали Мақатаев медалі табысталды.
Саладағы көп жылғы еңбегі үшін Р.Сейтенов, С.Қапар, Қ.Мәмбетжан, Ә.Қияс пен А.Мәмбетжанов аудан әкімінің арнай құттықтауын қабылдады. Сонымен бірге «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы Ғазиз Әліш, «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев пен «Тәуекел туы» газетінің басшысы Марат Көптілеу құрметке бөленді. Сонымен қатар А.Ахметова, Б.Әміреев, Ф.Жұбанова, М. Омар сынды әріптестер аудан әкімінің Алғыс хатын алды. М.Әуесұлы журналистерге қазақтың киелі аспабы домбырадан үлестіріп, мерекелік дастарқанға жайғасты.
Жиын барысында еркін форматта ой өрбітіліп, қоғамдағы түйіткілді мәселелер жайы да сөз болды. Әсіресе аудан журналистикасының тереңдегі тарихын қайта жаңғырту бағытындағы мәселе ұзақ талқыланды. Сонымен бірге ел жадында қалмаған журналистер жайында кітап шығару жайы қозғалды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ